КОРОНАВИРУС: ЕЛІМІЗДЕ ВИРУС ТІРКЕЛМЕГЕН ТЕК ТҮРКІСТАН МЕН ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТАРЫ

987 көрілім

Өткен демалыс күндері Атырауда вирусты жұқтырғандар саны бірден 12 адамға жетті. Еліміздегі науқастар саны 284 адамды құрап отыр. Ал әлемде коронавирус жұқтырғандар 710 мыңнан асып кетті. 33500 адам қайтыс болып, 148 мың адам дерттен айықты.  Қазақстандағы және әлемдегі қазіргі жағдайды назарларыңызға ұсынамыз.

 30 наурызда Атырау қаласы және Қарағанды облысындағы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қаласы карантинге жабылды. Бұл қалаларда жұмыс уақыты қысқарып, темір жол, автовокзалдар жұмысы тоқтап, қала кіреберісіне блокпосттар қойылады. Қала тұрғындарының азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу үшін немесе жұмысқа баруы үшін ғана сыртқа шығуына рұқсат. 65 жастан асқан тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берілді.

Қазақстанда кейінгі екі күнде вирус жұқтырғандар саны күрт көбейген. Коронавирустың жаңа түрі Қазақстанның 12 облысы мен республикалық маңызы бар үш қалада тіркелді. Вирус тек Түркістан және Қостанай облысында табылған жоқ. 

Жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының хабарлауынша, Атырау облысында және Қызылорда облысында медбикеден коронавирус табылған. Олар бұл жағдайға дейін вирус жұқтырған адамдарды емдеген.

29 наурыздағы дерек бойынша, Нұр-Сұлтанда – 13 науқас, Алматыда 7 науқас Covid-19 дертінен айығып шықты. 26 наурызда Ақмола облысында 64 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған. Марқұмның күйеуінен де коронавирус табылды.

ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ

 АҚШ-та қазір 124 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды, 2200 адам қайтыс болды. Қазір бұл жағдайға байланысты жедел анализ алып, жұртты жаппай тексеріп жатыр. Ең көп зардап шеккен – Нью-Йорк қаласы. Ақ үй карантин кезінде жұртқа көмектесу үшін бірнеше триллион доллар бөлмек. Айта кетейік, бұл АҚШ тарихындағы бөлінген ең үлкен қаржы болмақ.

Коронавирустан қатты зардап шегіп жатқан Италияда көз жұмғандар он мыңнан асты. 28 наурыздағы дерекке сай 92472 адамнан вирус табылған. Бұл елде күніне кем дегенде бес мыңдай адамнан вирус анықталып жатыр. Италия денсаулық сақтау министрінің орынбасары Пьерпаоло Силери бір аптада, ең ұзағанда он күнде Италияда вирус шегіне жетіп, кейін коронавирус жұқтырғандар саны азая түседі деп үміттенеді.

Испания денсаулық сақтау министрі 24 сағатта коронавирустан 838 адам қайтыс болғанын, елде барлығы 6528 адам көз жұмғанын хабарлады. Ал Иранда 24 сағатта 2901 адамнан вирус табылды. Қазір бұл елде 38309 адам дертке шалдыққан. Қайтыс болғандар – 2640 адам.

29 наурыздағы дерек бойынша, көршілес Өзбекстанда 133 адамнан вирус табылған. Жеті адам дерттен айығып, екі адам қайтыс болды. Ташкент қаласында карантин жарияланып, елде мектептер, балабақшалар, университеттер жұмысын тоқтатты.

Тәжікстан мен Түркіменстан билігінің дерегінше, бұл елдерде коронавирус табылған жоқ. Бірақ Түркияда жұмыс істеп жүрген 57 түркімен мигранты улы спирттен қайтыс болды. Олар бұл алкоголды “коронавирустан қорғайды” деп ішкені анықталды.

Қазақстандағы және әлемдегі қазіргі ахуал осындай. Болып жатқан оқиғаларға байланысты ақпараттар сәт сайын жаңарып отырады.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы