БАС ЖҮЛДЕ – ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДА

1  537 көрілім

«Спорт денсаулық кепілі» демекші, салауатты өмір салтын ұстану арқылы елімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің арасында өзара достық қарым-қатынасты нығайту, татулық, бірлік, ынтымақты дәріптеу мақсатында Шымкент қаласында Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен спорттық іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Дәстүрлі турнирге Сайрам, Сарыағаш, Мақтарал, Төлеби, Түркістан сияқты аудан, қалалардағы этномәдени бірлестіктерінің құрама командалары қатысып, өзара күш сынасты. Спорттың 5 түрі бойынша өткен қызықты жарысқа Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің командасы да қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Аталмыш бірлестік төрағасының орынбасары Закир Бекенов пен қалалық «Қоғамдық келісім» КММ-нің маманы Исахан Әжіхан бастап барған 20-ға жуық спортшыларымыз жарыста өз деңгейінде өнер көрсетіп, абырой биігінен көрінді.

Атап айтар болсақ, кіші футболдан жігіттеріміз ақтық сында облыстық түрік этномәдени бірлестігі командасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп 1-орынды иеленсе, дойбыдан жерлестерімізге тең келері табылмады. Шахмат, үстел теннисі, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен ойдағыдай нәтижеге қол жеткізген спортшыларымыз 2-орынға табан тіреді.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте қалалық өзбек этномәдени бірлестігі командасы бас жүлдеге ие болып, кубок, грамота, ақшалай сый-сияпаттармен марапатталды. Облыстық өзбек этномәдени бірлестігі командасы 1-орынды иемденсе, Сайрам ауданы өзбек этномәдени бірлестігі командасы мен облыстық түрік этномәдени бірлестігі командасы 2-3-орындарды өзара бөлісті.

Дәстүрлі жарыс келесі жылы облыс орталығы, яғни қаламызда өтетін болып келісілді.

Р.ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

P.S. Қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадыр Ирсметовтың демеушілігімен барған команда сапында Р.Есетов, Е.Иззатуллаев, С.Рахимов, Хамза және №19 жалпы орта мектептерінің ұстаз-мұғалімдері де бар. Өз кезегінде аталмыш мектеп басшыларының спорттық іс-шараға бей-жай қарамай, қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы