Әлем елдеріне қауіп төндіріп, көңілдеріне қорқыныш ұялатқан коронавирус дертінің біздің елімізді де айналып өтпегені рас. Індеттің таралуына байланысты елде төтенше жағдай жарияланып, сақтық шаралары максималды түрде күшейтілді.
Барлық жерлерде жауапты мамандардан штабтар құрылып, атқарылар жұмыстардың жоспары пысықталды. Түркістан облысы, Жетісай ауданында да аудан басшысының төрағалығымен арнайы штаб құрылып, тиісті мамандарға тапсырмалар берілген болатын.
Бекітілген жоспарға сәйкес коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қоғамдық қауіпсіздік күшейтілген. Ауданға кіріп-шығатын жолдарға блок-посттар қойылып, ойын-сауық орталықтары мен тойханалар, балабақшалар мен театр, адамдар көп жиналатын орындар өз жұмыстарын уақытша тоқтатқан.

Ауданға өзге аудан-қалалардан келген азаматтардың тізімі жасалып, автобекеттер мен жолаушы тасымалымен айналысатын автокөліктерге дезинфекция жасау жұмыстары мықтап қолға алынған. Сондай-ақ спорттық, бұқаралық, отбасылық және еске алу шараларын өткізу уақыттары кейінге қалдырылып, базарларда тек азық-түлік дүкендері және дәріханалардың жұмыс жасауына рұқсат етілген.
«Төтенше жағдай кезінде сауда орындары жұмыс істегенімен, дезинфекциялау және тазалық жұмыстары күшейтілетін болады. Осы уақытқа дейін аудан аумағына келушілер мен тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияға күдікті науқастар тіркелген жоқ. Алайда, соған қарамастан қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген»,-дейді аудан әкімі Жамантай Қанайұлы.
Сонымен қатар, аудан басшысының айтуынша жергілікті тұрғындар үшін базар бағасы тұрақты сақталып, негізсіз өсіп кетуіне жол берілмейді, оған қоса қоғамдық қауіпсіздікке мойынсұнбағандар міндетті түрде заңмен жазаланатын болады.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
