Елімізде орын алған жағдайға байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев Республика аумағында төтенше жағдай жариялаған болатын. Осыған орай, барлық ауқымды отбасылық салтанатты іс-шаралардың өтуіне тыйым салынып, адам көп жиналатын басқа да ойын-сауық орталықтарының қызметіне шек қойылғаны белгілі.
Төтенше жағдайдың жариялануына қарамастан Түркістан қаласында заң бұзушылық әрекеттері азаймай тұр. Осыған дәлел, Түркістан қаласы, «Бекзат» мөлтек ауданының тұрғыны Дастан Мырзагелдиев өзінің үйінің ауласында рұқсат етілген шамадан артық адамға ұлының мұсылман болуына байланысты той өткізіп жатқандығы жайлы бейнежазба әлеуметтік желі арқылы халық арасында тез тарап кеткен болатын. Орын алған оқиғаға жылдам әрекет қылған тәртіп сақтау қызметкерлерімен біз де хабарласып, мән жайды анықтаған болатынбыз. Түркістан ҚПБ-ның бастығы полиция подполковнигі Б.Селтановтың айтуынша, Д.Мырзагелдиевке төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 3-бөлімі №1400614 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.
Төтенше жағдай кезеңінде қаламызда фитнес-орталықтар мен түнгі клубтар сынды адам көп жиналатын ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылған болатын. Заңды бұзып айыпты болған тағы бір азамат 16 наурыз күні түнгі уақытта Түркістан қаласы Б.Саттарханов даңғылы бойында «Аруна» компьютерлік клубында болған. Тәртіп сақтау қызметкерлерінің дерегіне сүйенсек, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Ергалы Абишевке ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 3-бөлімі №1400604 санымен әкімшілік құқық бұзу туралы хаттама толтырылып, мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілген.
Қаламызда төтенше жағдай кезеңінде қандай жұмыстар атқарылатыны жөнінде тағы да естеріңізге салуды жөн көреміз. Санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, ірі сауда орындарының жұмыс кестесі 10:00 – 18:00 аралығында болады. Ал, киім-кешек базарлары 11:00 – 17:00 аралығында жұмыс істейді. Эпидемиологиялық жағдайды анықтау үшін медициналық ұйымға барып қаралудан және карантиндік режимді сақтаудан жалтарған адамдарды бақылау күшейтіледі. Бұны сақтау өзіміздің міндетіміз екенін ескерсек, денсаулығымыз өз қолымызда екеніне көзіміз тағы жетеді.
Төтенше жағдай уақыты бітпейінше барлық заңды өкімдер арнайы қызметкерлердің назарында болатынын естеріңізге саламыз. Тәртіп сақтамай белден басқан азаматтардың заңмен жазаланатынын Президентіміздің өзі баса айтқаны мәлім. Осыған орай, қала тұрғындарын заң бұзушылыққа жол бермей тиісінше берік сақтауына шақырамыз.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.