Түркістан қаласының әкімі Рашид АЮПОВ: ӘРБІР ІСТЕН ОҢ НӘТИЖЕ КҮТЕМІН

1  278 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтсақ, қала бюджетінің 2020 жылғы 1-наурызға және І тоқсан қорытындысымен болжамды игерілуі, Түркістан қаласындағы 1-сектордағы атқарылып жатқан жұмыстар, қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәселелер тыңдалды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы З.Бимбетова баяндама жасады. Бөлім басшысының хабарлауынша, жергілікті бюджет 2020 жылдың 1 наурызына 5 млрд. 490,8 млн. теңгеге жоспарланған болса, қаржының игерілуі 4 млрд. 721,8 млн. теңге, яғни 86 пайызды көрсетіп отыр. Баяндамашы ірі көлемде игерілмеген дербес бөлімдерге жеке тоқталды. Атап айтсақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, инфрақұрылым және коммуникациялар, спортты дамыту, адами капиталды дамыту бөлімдерінің берілген қаржыны игермегенін жеткізді. Бұл жөнінде қала әкімі Рашид Абатұлы аталған дербес бөлім басшыларына қаржыны игеруде алдын ала жоспарлап алып, міндеттеуді тапсырды.

Бұдан соң инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Н.Жарасов күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мәлімдеді. Бүгінгі күнге дейін 29 ақпан мен 7 наурыз күндері Түркістан қаласында жалпы қалалық сенбілік өткізілген. Жалпы №1 сектор аумағында атқарылатын жұмыстар Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты 14 дербес бөлімге 14 аумақ бекітіліп берілген. Сенбілік барысында көше бойын тазалап, қоқыс алаңдары жойылып, ағаш көшеттері отырғызылған. Алғашқы сенбілікке 17 техника тартылып, оған 678 адам қатысып, 1090 м3 қоқыс шығарылыпты.

«Жасыл Түркістан» КММ-нің ұйымдастыруымен қаладағы С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебінің алдына 100 адамның қатысуымен 500 терек көшеттері отырғызылса, Н.Төреқұлов көшесіне 400 метр аллея салу үшін абаттандыру жұмыстарының сметалық есебі түзіліп, бюджеттен қаржы қарауға салалық басқармаға ұсынылған. Жөндеу жұмыстарының барысында аяқжол төсеу, суағар және жарық көздерін орнату, су ұңғымасын қазу, жасанды шөп (газон) егу жұмыстары атқарылатынын, аталған жұмыстар наурыз айынан бастап, мамыр айына дейін аяқталатынына тоқталды.

Сонымен қатар, қала әкіміне дербес бөлім басшылары өздеріне бекітілген 14 аумақ бойынша бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан жұмыстарының барысы жөнінде баяндады. Қала әкімі Р.Абатұлы бұл мәселеде бөлім басшыларына аумақ бойынша берілген тапсырмаларды жүйелі түрде орындауға шақырып, арнайы барып қадағалайтынын жеткізді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы