ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНА ЖИНАЛДЫ

805 көрілім

Қаладағы орталық «Жеңіс» саябағында «1 наурыз – Алғыс айту күніне» орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шара асар жолымен қазақ халқының 6 қанатты киіз үйін құрудан басталды.

Түрлі этнос өкілдері, атап айтқанда «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы А.Сатвалдиев, облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Т.Сайтмұратов, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің орынбасары З.Бекеновтердің ұйытқы болуымен өткен шарада облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов сөз сөйлеп, киіз үйдің ішінде елімізге бейбітшілік пен тыныштық, әрбір шаңыраққа құт-береке тіледі. Облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов Түркістан облысында 2 миллионнан аса халық – 100-ден аса этнос өкілдері тату-тәтті, бірлік-ынтымақта өмір сүруі мемлекетіміздің сарабдал саясатының жемісі екендігін айтып, алдағы уақытта да ұрпақтар бірлігі сабақтастығын жалғастырып бір шаңырақ астында түрлі этностар ортақ мақсат жолында бақытты өмір кешуіне сенім білдірді.

Өз кезегінде Ж.Әзіретбергенов Өзбекстанға сапарлап келгенін, Ташкент, Самарқанд, Хорезм қалаларында болып, зиярат еткендігін, барлық этностар мемлекеттік тіл – өзбек тілінде сөйлейтіндігін айта келе, Қазақстанда да барлық этностар мемлекеттік тіл – қазақ тіліне құрметпен қарау керектігіне тоқталды. Қазақ тілі – барлық этностарды бір шаңырақ астына біріктіретін күш екенін атап өтті.

Шара барысында шешен ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Х.Дециев ауыр жылдарда қазақ халқы шешен ингуштерді өз бауырына басып, кеңпейілдік пен қонақжайлық танытқаны үшін алғысын білдірді. Корейлік өкіл Сабина Пак өзінің шын ниетін өлең жолдарымен жеткізді.

Саябақта тігілген қазақтың киіз үйінде жайылған дастархан басында құрметті ақсақалдар мен қонақтар бір-біріне және дархан пейілді қазақ халқына алғысын білдірді. Достық пен махаббат мерекесінде қалада тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша қаржылай көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда облысымызда 11 этномәдени бірлестігі жұмысын ойдағыдай атқарып келеді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығымен көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту» күні болып жарияланса, оның мақсаты бір – тыныштық, бірлік, достық, ынтымақ. Осы құндылықтарды сақтауға барлығымыз бірге үлес қосайық!

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы