ЖЕТІСАЙЛЫҚ ҚАРИЯНЫҢ ҰРПАҒЫ 202-ГЕ ЖЕТКЕН

1  505 көрілім

Ақсақал әлі күнге дейін атқа мініп, сәйгүлік баптайды. 98 жастағы Орын ата мен Гүлсім әжеден тараған ұрпақтарды бүгінде кішігірім бір ауыл десек те болады. Бір отбасының темірқазығы мен ұйытқысы болып отырған қос қарияның қимылы әлі де ширақ. Бүгінде олар 4 ұл, 3 қыздан 44 немере, 137 шөбере, 14 шөпшек сүйіп отыр. Орын ата мен Гүлсім әже 1949 жылы шаңырақ көтеріпті.

1932 жылы Өзбектанның Жызақ облысы, Қаратөбе ауданында Жамбыл атындағы ұжымшар құрылды. Қария 1935 жылы 13 жасында мектепке барған. Айтуынша, 3 сыныптық білімі бар. 1938 жылы Сталиннің бұйрығымен ақсақалдың жанұясы Мақтааралға көшірілген. Мұнда 3 жыл мақта егумен айналысқан. Содан бұрынғы атақонысына қайта көшіп барып, қой бағып, шопан болдым дейді.

«Апаларыңмен біз бір-бірімізді көріп-білмей ата-аналарымыздың құдаласуымен бас қостық. Қалыңдығымның түр-сипатын үйге алып келіп, бетін ашқан соң ғана көрдім ғой. Оған дейін ол мені, мен оны танымадық та, білмедік те. Қазіргі жастар бір-бірімен танысып, бірге сөз байласып жүріп үйленгеннің өзінде ажырасып кететіндеріне таң қаламын. Біздің аңқаулығымыз ба, әлде үлкендердің айтқандарына қарсы келмейтіндігіміз бе, әйтеуір, «өмірлік жолдасым қандай болады? Он екі мүшесі сау ма?» деп ойламаппыз ғой. Содан жұбайым екеуміз қой бақтық. Тұңғышымыз Тұрлыбек 1950 жылы дүниеге келді. Әлі де балалығымыз болса керек, сонда суықтап қалады демейміз, кезек-кезек үлкен орамалмен бір айлық шақалақты кеудемізге таңып алып, тауға қой бағуға шығамыз. Осылайша он төрт балалы болдық. Ол кезде медициналық көмектің жетілмеген кезі, өкінішке орай, жетеуін шетінетіп алдық. Қалған жеті баламды аман-есен тәрбиелеп өсіріп, оқытып, жетілдірдім. Бәрінің де жоғары білімі бар. 1997 жылы бәйбішем екеуміз мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа бардық. 2011 жылы Өзбекстаннан осы Мақтааралға көшіп келдік. Атажұртымызға оралуға мүмкіндік жасаған Елбасымызға алғыстан өзге айтарым жоқ»,-дейді Орын ақсақал.

Қарияның қимыл-қозғалысының ширақтығының өзіндік сыры да бар екен – Орын қария қартайдым деп отырып қалмай әлі де атқа мініп, көкпарға барады екен. Жас кезінде «көкпардың көкжалы» атанған ата бүгінде «Лотос» лақап атты торы жылқысын баптап жүр.
Сосын бір шаңырақтың астында бірнеше келінді айрандай ұйытып отырған Гүлсім әжемізден мұның сырын сұрадық. Барлық келіндерінің ниетін бір арнаға тоғыстырып, тәрбиелеп, инабатты келін атандырып отырған әжейдің көрегендігі мен кемеңгірлігі екенінде сөз жоқ.

«Құдайға шүкір, келіндерімнің бәрі де жаман емес. Күнде кезегімен сиыр сауып, айран ұйытып, күбі піседі, май алып, құрт жасайды. Бір үйде жиырма шақты адам тұрамыз. Нанды тандырға жабады. Үй тірлігін ауырсынған келіндерімді көрген жоқпын. Бәрі апа-апалап, немере келіндерім әжетай деп асты-үстіме түсіп, жағдайымды жасап отыр. Оларға білмегенін үйреттім, олар келіндеріне үйретуде»,- деді Гүлсім апа.

Осылайша өсіп-өніп, ұрпағының өзі шағын бір ауыл болатын Орын ақсақал мен Гүлсім әжейдің шаңырақ көтергендеріне биыл 76 жыл. Айналасына отбасы құндылықтарын дәріптеп, қазақы салт-дәстүрді ұстанып келе жатқан әулетті Жетісай ауданы әкімдігі тарапынан да сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетіліп келеді.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы