ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІМІ ТАБЫЛДЫ

837 көрілім

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қоғамдық қабылдау өткізді. Азаматтардың арыз-өтініштерін тыңдап, мәселелер өз шешімін табатындығын атап өтті. Жетекші партияның Түркістандағы «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Б. Дәулетұлы 10-ға жуық тұрғынды қабылдады.

Солардың бірі Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының тұрғыны – Азамат Абдуваитов. Ол атаулы әлеуметтік көмекті толық ала алмай жүргенін айтып шағымданды. Ал, Мөлдір Сәрсенбаева үш перзентті тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Жақында дүниеге келген нәрестесіне жөргекпұл мен жәрдемақы алуда құжат рәсімдеуде қиындыққа тап болған. Темір-терсек сатып күнелтіп отырған ол бірнеше айдан бері жалдамалы пәтер ақысын төлей алмай қиналып отырғандығын жеткізді. Партия өкілі бұл жанұяны комиссия арқылы тексеріп, «Қамқорлық» бағдарламасының тізіміне енгізу туралы ұсыныс білдірді. Тұрғындардың мәселесі партия бақылауына алынды.

Түркістандық Дастан Ысқақов болса ауруханада дәрі-дәрмек тиісті уақытта берілмей жатқанына және қоларбасының талапқа сай еместігіне наразы. Айтуынша, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен берілген қоларба сапасыз. Нұрлан Өтегенов те сапа жөнінде дәл осындай пікірде. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші ескеріліп, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары демеушілер есебінен қоларба сатып алып беруге ықпал жасайтынын айтты.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы