Қалалық Абай атындағы орталық кітапханада қазақтың ұлы ақыны С.Торайғыровқа 125 жыл толуына орай «Сөз сұлтаны – Сұлтанмахмұт» атты поэзиялық кеш өтті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асқан шараға Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі, ақын, «Қайнар бұлақ» әдеби орталығының төрағасы Зейнолла Еркебалаев қатысып, алаштың мақтанышына арнап «Сұлтанмахмұт Торайғырұлына» атты жырын тарту етті.
Қалалық мәдениет үйінің әншісі Майгүл Тұрыскелдиева «Елге сапар» атты әнін шырқап, кешті әуенмен ашты. Кітапхананың тұрақты оқырмандары да көрнекті ақынның мерейлі мерекесін назардан тыс қалдырмады. №21 мектептің білімгерлері қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын «Қамар сұлу» романынан көрініс келтіріп, қонақтарға арнап поэзиялық жырды нақышына келтіре орындады.
Әдеби кешті қорытындылау үшін орталық кітапхана меңгерушісі Жансұлу Журкаева сөз алып, кешті ұйымдастыруда белсенділік танытқан қызметкерлер мен оқырмандарды алғыс хаттармен марапаттады.
Көзі ашық, білімді ұрпақ қалыптастыру және алға ұмтылып, жақсы өмір сүруіне арқау болған ақынның шығармашылығын насихаттау – бүгінде кітапханалар арасында қолға алынған. Халқымыздың ой-тілегін білдіріп, көзін қараңғылықтан ашуды арман еткен, «Мен қазақпын!» деп алашқа ұран тастаған ақынның еңбек жолы әрдайым ел есінде.