Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының кезекті жиыны болып өтті. Аталмыш қауымдастықтың төрайымы Инара Намазбаева республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына қатысқан Шынар Омарова мен Айханым Әнішбекке, Ақмарал Ғаниқызына алғыс хат табыстап, оларға игі тілегін жеткізді.
Айта кетейік, жуырда Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауында түркістандық жерлестеріміздің мерейі үстем болды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар агенттігі» АҚ, республикалық «КТК» телеарнасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің ұйымдастыруымен өткен байқауға әр өңірлерден үміткерлерді жіберуге қалалық әкімдіктердің ықпалы зор болды.
Былтыр бастау алған бұл конкурс арқылы Елбасы Қоры адамгершілік құндылықтарды, қайырымдылық және мейірімділікті кеңінен насихаттайды. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген, өздерінің игі істерімен басқаларды ынталандыратын тұлғалар қатысқан.

Олардың қатарында Түркістан қаласынан «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауымдастығының төрағасы Еркінбай Керімбайұлы «Батыл жүрек» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынға ие болса, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері Ақмарал Ғаниқызы, Шынар Омарова және Айханым Әнішбектер Дариға Нұрсұлтанқызының қолы қойылған алғыс хаттарға ие болды.
Басқосуда қатарға қосылған қауымдастықтың жаңа мүшелері таныстырылып, наурыз айында атқарылатын жұмыстары пысықталды.
Ләззат САРЫБАЕВА.