ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ ЖОЛ ЖҮРУІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

997 көрілім

Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен қоғамдық көліктерге рейд жүргізілді. Шара мақсаты – күн сайын түлеп жатқан рухани шаһардағы қоғамдық көліктердің қала жұртшылығына сапалы қызмет көрсетуін қатаң бақылауда ұстау болып табылды.

Аталған рейдте көліктердің жол жүруін бақылаудың нақты талаптары мен шарттары бойынша тексеріс жүрді. Мұнда автокөліктердің бағыты, мемлекеттік нөмірі, келген уақыты, GPS құрылғысының бар немесе жоқтығы, бейнебақылау камерасының орнатылғандығы, жүргізуші және кондуктор киім үлгісінің сәйкес келуі, салонында тариф туралы ақпарат парақтарының өлшемге сай келуі секілді ережелер басты назарға алынды.

Тексеріс барысында аялдамалар бойынша бірнеше көлік қадағаланды. Саралай келе жоғарыдағы ережелерге сай нәтиже шығарылды. Барлығы керемет болды деуден аулақпыз. Қала қатынасын қамтамасыз етіп отырған қоғамдық көліктер тарапынан орын алған кей жайттарға куә болдық. Атап айтар болсақ, «Әмір Темір» аялдамасында болған тексеруде бірінші келген 30 бағыт автобусының мемлекеттік нөмері 592, келу уақыты 15:30, GPS құрылғысы бар, бейнебақылау камерасы бар, жүргізуші және кондуктор киім үлгісі сәйкес емес, салонында тариф туралы ақпарат парағы бар болып шықты.

Екінші келген автобустың мемлекеттік нөмері 473, келу уақыты 15:54, GPS құрылғысы бар, бейнебақылау камерасы жоқ, жүргізуші және кондуктордың киім үлгісі сәйкес емес, салонында тариф туралы ақпарат парағы бар деген нәтиже көрсетті. Бұл жерде орын алып отырған өзекті мәселе екі автобус аралығындағы уақыт талапқа сай болмай шықты. Осы бағыттағы автобусдардың графикасына сәйкес әр көлік аралығындағы уақыт 12 минут болуы керек болса, бұл жерде арақашықтық 20 минутты көрсетіп тұр. 8 минут артығымен күту жолаушы көңілінен шыға бермесі белгілі. Тіпті кей кездері жарты сағаттан артық күтетінін жеткізген жұрттың қарасы мол. Бұдан басқа да шарт талаптарының кейбірі орындалмағаны тағы бар.

«Жеңіс саябағы» аялдамасы, «Отырар» мөлтек ауданы маңындағы аялдамалардан да уақытқа байланысты және басқа да кемшіліктер белең алды. Автобус күткен тұрғындар кейбір көліктердің қызмет көрсету сапасына көңілдері толмайтынын жеткізді. Шараны ұйымдастырушы тарап көлік иелеріне ескертулер жасады және жол жүру ережесін сақтауды талап етті.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы