Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «От басып қалмашы, қазақ қызы» тақырыбында қыздар жиналысы өтті. Жиынға Кентау қаласы әжелер алқасының мүшесі Айзада Зиннадинқызы, қалалық емхананың акушер-гинекологы Г.Мұсабекова, емхана психологтары, Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологиялық көмек көрсету дағдарыстың алдын алу бөлімінің басшысы Ғазиза Тлеубердиева және колледж студенттері қатысты.
Шараның мақсаты – қазақ қызы деген атқа лайық болып, қоғамда болып жатқан теріс қылықтардан бойларын аулақ ұстау. Сондай-ақ, ерте жүктіліктің алдын алу бойынша арнайы мамандар ақыл кеңесін берді.
Қазақ халқында «Ағаш түзу өсу үшін көшет кезінде көмектесуге болады, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Осындай ұстаныммен баланың бойына адамгершілік құнды қасиеттерді жастайынан сіңіруіміз қажет. Ол үшін отбасы мен оқытушылары шешуші рөл атқаратындығы белгілі.

Ұлттық құндылығымыздың ұйытқысы қыз тәрбиесі болғандықтан жиында қызға 40 үйден тыйым түсіндіріліп, жат қылықтардың алдын алу жұмыстары жайы сөз болды. Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу болғандықтан қоғам назарын қыз тәрбиесіне арнаған дұрыс.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.