ЖОЛ САПАСЫ – ХАЛЫҚ ТҰРМЫСЫНЫҢ КЕПІЛІ

909 көрілім

Облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Түркістан облыстық филиалымен бірлесіп қалада салынып жатқан жолдардың сапасын тексерді.

Аталған шараға тапсырыс беруші қала әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен мердігер компания өкілдері қатысты.

Сапа тексеру дәстүрлі өтіп келеді. Бұл орталық былтыр республикалық және жергілікті жолдарға 689 тексеріс жүргізген. Тексеру барысында 1015 кемшілік анықталған. Тараптарға 540 хат жолданып, 94 178 шаршы метр (23118,5 шаршы метрі республикалық жолдар) жол жабынын қайта төсеуіне мұрындық болған. Зертханалық талдауға алған 1375 сынаманың 80-і талапқа сай болмай шыққан.

Бұл ретте алғашқы тексеріс Қонаев көшесіне жүргізілді. Орташа жөндеу жұмыстары жүрген жолдың ұзындығы 848 метр, сметалық құны 78 милион теңгені құрайды. Сапасын тексеру кезінде көзге шалынған кемшіліктер болды. Мәселен су ағарлары ыңғайлы жасалмағаны жұрт назарын аударды. Көше тұрғындары көңілдері толмайтынын айтып, өкпе-реніштерін жеткізді. Сонымен бірге жол жабыны бір жерінде қалың (9см), енді бір жерінде жұқа (5,7cм) болып шықты.

«Кемшіліктер айтылып жатыр келісесіз бе» деген журналистер сұрауына, өзін жауапты мекеменің өкілімін деп таныстырған Ерсұлтан Мәуленов келіспейтіндігін жеткізіп, жұмыстарды жүйелі жүргіздік деген уәжін айтты. Келесі нысан О.Жарылқапов көшесіндегі жол болды. 3.1 метрден тұратын жолдың сапасынан сынама алынды. Онда екі жерден алынған сынамада асфальт қалыңдығы тең (10 cм) болып шықты.

«Адалдық алаңы сапалы жол акциясы негізінде бірнеше аудандарға тексеру жүргіздік. Жолдардың көбінен кемшілік шықты. Атап айтсақ су ағарлардың сынуы, асфальт бетонының қалыңдығының жетіспеуі, тығыздық коэффициентінің келмеуі, ені өлшемге жетпеуі, тегістік жоқ болуы секілді жолға қатысты ахаулардан тұрады. Қазір Қонаев көшесі мен О.Жарылқапов көшесін тексеріп жатырмыз. Бұл маңда да кемшіліктер шықты. Енді сынамалардың тығыздығын, суға төзімділігін өз зертханамызда тексеріп қорытындысын беретін боламыз», – деді ұлттық сапа орталығының зертхана меңгерушісі Дәулетбек Кешубаев.

Еске сала кетейік облыста автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы -16 746,9 шаршы шақырым. 2019 жылы осы жолдар саласын дамытуға бюджеттен 51 385,5 млн. теңге бөлінсе, 2020 жылы бюджеттен 37,4 млрд. теңге жоспарланып отыр.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы