КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАПСЫРЫЛДЫ

1  145 көрілім

Күні кеше түркістандық жастармен жүздескен «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгін Жетісай ауданына барды. Ол оңтүстік өңірінде жалғасқан іс-сапарында Қазыбек би ауылдық округіндегі аз қамтамасыз етілген көпбалалы екі отбасыға баспана кілтін табыстау құрметіне ие болды.

Бауыржан Қыдырғалиұлы баспананың бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға өз алғысын жеткізді. «Біз қиналған қандасымызға қолұшын созып, сүрінсе демеу болған халықпыз.Тәрбиеміз солай. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойымызға дарыған бұл қасиетіміз ешқашан жоғалмақ емес» – деген ол елдегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін мұқтаж отбасыларға қолдау білдірудің маңыздылығын сөз етті.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы ауданның құрылыс саласына 4,8 млрд теңге қаралып, 2 мектеп қолданысқа берілген. 7 мектеп пен 2 тұрғын үй биылғы жылға өтпелі. Аталмыш салаға биылғы жылы тағы 842,4 млн теңге қарастырылып, қосымша 4 тұрғын үйдің құрылысын бастау көзделіп отыр.

Сонымен қатар, өткен жылы Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекенінде құны 76,8 млн теңгені құрайтын медицина мен әлеуметтік салаларда жұмыс жасайтын жас мамандарға арналған 2 қабатты 10 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Аудандық «Нұғман» орталық мешітінің жанынан құрылған «Баспанаға жол» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен демеушілер есебінен Жетісай қаласынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға жалпы құны 7,5 млн теңгені құрайтын 3 бөлмелі 3 баспана берілген.

Айта кетейік, кілті тапсырылған қос баспананың да құрылысы «Баспанаға жол» қайырымдылық қорының бастамасымен жүргізілген. Биылғы жылы аталған қоғамдық қор арқылы аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға жалпы құны 96 млн теңгені құрайтын 12 баспананы тапсыру жоспарланған.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы