БЕКЗАТ БОЛМЫС

992 көрілім

Мақсұт ағаны 1998 жылдан бастап танимын. Жылына екі рет келетін газетке жазылдыру науқанында қаладағы барлық мекемелерді аралайтын кезіміз. Кезекті осындай науқан тұсында салық комитетіне барғанда, басшысы Мақсұт ағаға жолыққанымда бірауыз сөзге келмей 100 дана «Түркістан» газетіне жазылдырып беруге ұйытқы болғаны әлі есімде. Шынын айтсам, алғаш көргенімде таңырқап қалғаным бар. Өйткені, «Көктемнің 17 сәті» фильміндегі басты рөлді сомдаған Вячеслав Тихоновқа қатты ұқсатқаным бар. Әлгі немістердің бел ортасында совет одағының тыңшысы болып жүретін актерді айтамын.

Сол күні жерден жеті қоян тапқандай қуанған сәтімді әкеме келіп айтқанымда: «Қызым сенің орыс халқының актеріне ұқсатқан кісі Мақсұт көкең болады. Түркістан қаласының салық саласының өркендеуіне еңбегі сіңген ірі тұлға» деп айтқаны әлі есімде. Содан бері де 22 жылдан аса уақыт өтсе де Мақсұт көкемнің түрі де, сымбаты да сол күйінше сақталғаны қашан көрсең де бірқалыпты, бірсыдырғы жүретін сыралғы мінезінің арқасы әрі мағыналы өмір сүруінен болар, сірә.

Сынаптай сырғитын уақыттың билігіне бағынбайтын жан жоқ шығар. Ал сол уақыт билігіне бағына жүріп, қай кезеңде де кісілік қалыбынан таймайтын жандар тым сирек. Тамырын тереңге жіберген тектілігі, көргені мен түйгені, кісіге жасаған қайырымы мен кеңдігі, ойының орамы мен көңілінің көркемдігі бір төбе Мақсұт Атанбаев жетпіс жасқа толып отырған тұсында, ағамыздың ерекше қасиеттеріне тоқталғанды жөн көрдік. Сонымен қатар, салық са­ла­сының жүгін нардай көтеріп, ыстық-суығына мойымай тер төккен ағамыз жайлы кейінгі ұр­паққа жеткізуді мақсат еттік.

Сауранда ХХХ разьезд деген жерде теміржолшы отбасында дүниеге келген ол 1972 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтының қаржы және несие факультетiн бiтiрген. Алғашқы еңбек жолын қаладағы мемлекеттiк банкте инспектор, аға инспектор қызметінен бастаған. Ол кезде коммунистiк партия жас кадрларды бақылауда ұстайтын. Ұйымдастырушылық қабiлетi бар, еңбекте ысылған жастарды партиялық қызметке тартатын. Содан болса керек, саяси кадрлар бiртiндеп, сатылап көтерiлетiн.

1978 жылы партия Мақсұт ағаны да банктен қалалық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң инспекторы қызметiне ауыстырды. 1979 жылы қалалық партия комитетi пленумы осы бөлiмнiң меңгерушiсi қызметiне бекiттi. Осы жерде үш жыл еңбек етіп, әбден тәжiрибе жинақтағаннан кейiн 1981 жылы Алматы қаласындағы арнайы жоғарғы партия мектебiне оқуға жiберсе, 1983 жылы қалалық партия комитетi қалалық халықтық бақылау комитетiнiң төрағасы етiп сайлады. Елiмiз тәуелсiздiгiн жариялаған жылы халық депутаттары қалалық атқару комитетi төрағасының орынбасары қызметiнде болды.

1996 жылы “Тұран” банкiнiң қаладағы меңгерушiсiнiң орынбасары болып iстеп жүргенiнде тәжiрибелi маман ретiнде қалалық салық инспекциясы бастығы қызметiне ұсынылады. Кейiн қала мен аудан бiрiгiп, бiр салық комитетi болды. 1996-2003 жылдар аралығында салық комитетінің бастығы, орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Ал, 2004 жылы досы Әбдiғаппар Шәймерденов өзі басқаратын орталық базарға шақырған соң өз өтiнiшi бойынша жұмыстан шығып, осында келген. “Қуаныш” ЖШС-нiң аяқтан тұрып кетуi жолында екеуі 15 жыл бiрге жүріп, талай жұмыстарды атқарды. Бүгінде жанқияр досы Әбдіғаппар Шаймерденов ағамыз өмірден өтсе де, досының аманатын адалдықпен орындау мақсатында өмірлік тәжірибесін жастарға үйретумен келеді.

Салық комитетінде жүргенінде халықтың игілігі жолында еңбек еткен. Тәуелсіздіктен кейінгі жыл­дары қоғам өмірінің бар­лық са­ласында өзгерістер кеңі­нен етек жайды. Бүгін әлем та­ны­ған Қазақстанның тәуел­сіз­дік ал­ған алғашқы қиын кез­­дерін еске алудың өзі өте ауыр. Жа­ңа экономикалық жүйе – на­рықтық қатынастар төрімізге озды. Мі­не, осындай қиын кезең­де Мақсұт аға жауап­кершілік жүгін өз мойнына ала отырып, халқын қиындықтан құтқарып алып қалғандай еді. Сол уақытта ерен еңбек етіп, болашақтың дамуына жол салды. Сөзіме нақты дәлел келтіре кетейін, Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары колхоз, совхоз тарап жеке азаматтарға жер үлестерi берiлдi. Сонымен қатар салық кодексiне де өзгерiстер енгiзiлiп жатты. Көп адамдар салықтық жүйенiң жаңа заңын түсiнбейдi, жұмысы да жоқ. Ал, оның соңы заңды және жеке тұлғаларды жер салығын уақытылы төлемегенi үшiн, үстеме ақысымен қыруар айыппұл төлеуге әкелiп соғатын. Сол уақыттарда алдына келген көптеген адамдардың айыппұлдарды төлемеуiне рұқсат берiп, тек ескертумен шектелiп отырған. Бұл деген – салық комитетiне түсетiн ақшаны әдейi түсiрмеумен тең. Ол үшiн жоғарыдан сөз де естiген. Егер сол кезде солай iстемеген болса көп адамдар “жерi құрысын” деп үлес жерлерiн тастап кетер едi. Былайша айтқанда, бiрiншiден, салық төлеушiлерден айырылар едiк, екiншiден, жердiң қадiрiн әлi бiлмеген адамдарды үркiтіп, несiбесiнен қағылуына себепші болар едi. Мақсұт ағаның салық мекемесінің басшысы ретінде халықты айыппұлдан құтқарғаны, оларға көп мүмкiндiк бердi, естерiн жинады, үйрендi. Салық жоспары ол жылы орындалмағанымен, келесi екi-үш жылда артығымен орындалды. Кейiн сол iстеген әрекетiнiң дұрыс екенi дәлелденген. Осындай оқиғаларға куә болған салық комитетiнiң ардагер қызметкерлерi Мақсұт Рахымбекұлының салық саласына қосқан еңбегі орасан зор екендігін әлі күнге дейін айтады.

Төрелі жастың төріне озған Мақсұт Рахымбекұлының ешқашан жеке басының қамын күйтте­мегенін, атақ, даңқ қумағанын ел біледі. Сон­дықтан да болар, құрмет оны өзі іздеп тапты. Халқының шынайы ықыласы, оның сүйіс­пеншілігіне бөленуі небір мара­паттардан артық деп ой­лай­мыз. Десе де, Түркістан қаласының Құрметті азаматы атануы шынайы иесін тапқаны әрі Мақсұт ағаның еңбегінің бағалан­ға­нын көрсетсе керек. Ол 50 жылға жуық еңбек етiп, әлi де бiлiмiн, күш-жiгерiн, тәжiрибесiн туған жердiң өсiп-өркендеуiне, көркеюiне арнап келедi.

Бүгінде Мақсұт Рахымбекұлы Құдай қосқан қосағы Райхан екеуі Талғат, Мәлік есімді ұлдарынан тараған немерелерінің бақытты атасы мен әжесі. Жетпістің белесіне көте­рілген жаңа жасында Мақсұт Рахымбекұлына мықты денсаулық, отбасына амандық тілейміз. Бүкіл адамзат болмысының бойындағы рухани байлықтың барлығын бір бойына жинаған парасатты жанның жүз жасауын Алла нәсіп еткей.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы