ҰЛЫ АҚЫН ТОЙЫНА АРНАЛДЫ

1  135 көрілім

Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрында өткен облыстық «Арай-2020» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы мәреге жетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан байқау жылдағыдан өзгерек. Түркістан облысының мәдениет басқармасы ұйымдастырған кіл жүйріктер бақ сынайтын бәйге ұлы ақын тойына арналған. Байқау алды баспасөз мәслихатында сөз алған қазылар алқасы мүшелері барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталмыш шарада Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Астана жастар театрының актеры Әділ Ахметов қазылар алқасына төрағалық жасады. Ал қазылар алқасының мүшелері құрамын Қазақстанның мәдениет қайраткері Бекжігіт Сердәлі, облыстық «Арай» жас ән орындаушылар байқауының 1996 жылғы бас жүлде иегері, Халықаралық «Азия – дауысы» фестивалінің бас жүлде иегері Бауыржан Исаев, Опера және балет театрының солисі Оразкүл Дәулетова, Рысдәулетовтер отбасылық «Өркен» ансамблінің көркемдік жетекшісі Өркен Рысдәулетов, «Арай-2013» іс-шара жүргізушілері байқауының бас жүлде иегері Жандос Өсербаевтар толықтырып, байқауға әділ шешім шығаруды қамтамасыз етті.

Ақтық мәреде сынға түскен 38 үміткер өз өнерлерін ортаға салды. Бір күнге созылған доданы қорытындылаған қазылар алқасы сараптап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.

Қазылар алқасының шешімімен жас эстрада әншілері аталымы бойынша бас жүлдеге Аплатон Рахымжан ие болды. Бірінші орын жүлдесіне «Алтын жұлдыз» дуэті иелік етті. Екінші орын Жайна Әбсәттарға бұйырды. Үшінші орындармен Ардақ Ысқақова мен Сәтдәулет Сүлейменов марапатталды.

Мәдени іс-шара жүргізушілері аталымы бойынша бас жүлдені Инабат Абытханқызы жеңіп алды. Бірінші орын жүлдесіне Нұрайым Төлебек лайық деп танылды. Екінші орынды Жасмина Анарбек қанжығасына байлады. Жүлделі үшінші орындар тұғырына Нүркен Әбрахман мен Дастан Әлжанов көтерілді.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы