Шаһарымызға шет жақтан келген қонақтардың ең әуелі табан тірейтін жері ол әрине – темір жол вокзалы. Мұнда облыс атауына ие болғаннан соң Түркістанға келушілердің де бас қақпамызға сын көзбен қарайтыны анық. Осы мақсатта темір жол вокзалының айналасына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін, 2000 жылы қаланың 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында жөнделген болатын. Абаттандыру жұмыстарының барысында аяқжол төсеу, жарық көздерін, орындықтар мен қоқыс жәшігін орнату, кіші архитектуралық пішіндер қою жоспарланған.
– Біз осы ақпан айынан бастап жұмысты бастадық. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды түрде жүзеге асуда. Шыршалар егіліп, орындық, субұрқақ орнатылатын болады. Вокзалдың оң және сол жақ қанатына көлік тұрағы салынып, гүлдер егіледі,- деді «Саннұр» ЖШС мекемесінің бригадирі Мадияр Мырзаев.
Алдағы уақытта, темір жол вокзалының ішкі жүйесі де заманауи талапқа сәйкестендіріліп, қалаға келген туристер үшін ақпарат алу бекеті (ресепшн) сынды жүйелер қойылады. Сонымен қатар, су ұңғымасы қазылып, декоративті ағаш көшеттері отырғызылады. Мердігер мекеме қызметкерінің айтуы бойынша, вокзалдың қақ ортасындағы Абылай хан ескерткіші өз атауындағы көшеге орналастырылып, оның орнына өзге нысан бой көтермек.
Қаламыздың қақпаларының бірі – Темір жол вокзалы мен көркейген демалыс орны Әз Наурыз мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.