ҚОС КОМАНДА МЕКТЕП МЕРЕЙІН АСЫРДЫ

1  517 көрілім

Қаламыздағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында Кеңес әскерлерінің Ауған жерін біржола тастап шыққанына 31 жыл толуына орай 2004-2005 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында волейболдан өткен қала біріншілігі мәреге жетті. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аталмыш мектептің директоры Болат Саттарханов пен Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақыт Мұңсызбаевтар жас волейболшыларға жылы лебіздерін білдіріп, қала спортының дамуында жастардың қосар үлесі зор екендігін жеткізді.

Жалпы 8 команда қатысқан бұрымды қыздар бәсекесінің мақсаты – жуырда өтетін облыс біріншілігіне іріктеу болып табылады. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, бұл турнир оқушылардың ауызбіршілігі мен достық қарым-қатынасын нығайтады.

Тартысты өткен біріншіліктің қорытындысы бойынша Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының қос командасы І-ІІ орындарды иеленсе, жүлделі ІІІ орынға №24 жалпы орта мектебінің оқушылары табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар табыс етілді.


Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы