Бала тәрбиесінің негізі – отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ – бала үшін өмір мектебі. Отбасындағы ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі әлемдік деңгейде қарастырылуда. Оған «Балалар құқығы туралы Конвенция», ҚР «Білім туралы заңы», ҚР «Балалардың құқығы туралы заңы» сияқты құжаттар дәлел бола алады.
2004 жылы ақпан айында Үкіметтен қолдау тапқан «Білім тұжырымдамасы» үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан бастап, мектеп аяқталғанға дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселесін жоспарлы түрде шешіп, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етті. Ал, ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуы олардың қоғам алдында өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады. Сондықтан да, баланы жағымды ортада тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
ҚР Конституциясында (27-бап) «Неке және отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті», – делінген. Бұл жолдар әр баланың білім алуына мемлекеттің басты назар аударатынын және ол отбасының парызы екенін айғақтай түседі. Сондай-ақ, Білім заңының 49-бабында ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер «баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымын таңдауға, ата-аналар комитеттері арқылы білім беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға, білім беру ұйымдарынан өз балаларының үлгеріміне, мінез-құлқына және оқу жағдайларына қатысты ақпарат алуға, өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу мәселелері жөнінде психологиялық-педагогикалық консультациялық көмек алуға құқығы бар» және олар «балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой-өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз етуге, балаларды оқыту мен тәрбиелеуде білім беру ұйымдарына жәрдем көрсетуге, балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті», – деп жазылып, жас ұрпаққа тәрбие, білім беру үдерісінде қатысушы субъект ретінде ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктеген. Бұл нұсқау оқушылардың білім, тәрбие сапасын арттырудағы мектеп пен отбасы ынтымақтастығының қажеттілігін ашып көрсетеді.
Қазіргі кезде жасөспірімдердің арасындағы қылмыстың көбеюі, жастардың арасында төніп тұрған әртүрлі дерттің қанат жаюы бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ерте есейіп әр түрлі жолдарға, қыз балалардың жүкті болып, қылмысқа баруы тәрбиенің осалдығының салдары. Баланың негізгі тәрбиешісі – өзінің туып өскен ортасы, ата-анасы. «Баланы – жастан…» деген сөздің мазмұны өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң баласының теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Жасөспірімдердің білім алуында, тәрбиесінің дұрыс қалыптасуында мектеп пен отбасының тығыз қарым-қатынаста болуы қажетті жағдай болып отыр.
Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы дегеніміз – бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің бірін-бірі толықтыруы, өзара келісе әсер етуі, ықпал жасауы. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде мектеп ұжымының, жасөспірімдердің және отбасы мүшелерінің ішкі ынтымақтастығы да аса маңызды факторлар екендігін айту керек. Сонымен қатар, пән мұғалімдері де жасөспірімді тәрбиелеуде өз үлестерін қосып отырады. Олардың пәнге деген ынта-ықыласына байланысты ерекшеліктері, қызығушылықтары арқылы тәрбиелейді. Мектеп – өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Мектеп ешуақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп қалған емес. Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары көп. Олар: ата-аналармен жұмыс, сынып жетекшілерінің және мұғалімдердің отбасымен жұмысы, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары. Осы жұмыстарға мектеп басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті адамдармен, ұйымдармен, отбасымен бірігіп іске асыруды қамтамасыз етеді. Мектепте басты тәрбиенің міндеттері теориялық білімді еңбекпен, өмірмен байланыстыра жүргізу, оқушыларды еңбек тәрбиесіне баулу, оларды политехникалық, экономикалық, экологиялық біліммен қаруландыру, кәсіптік бағдар беруге тәрбиелеу.
«Тадбири Манзел» еңбегінде Ибн Сина негізгі бөлімін «мектепте балаларды оқыту мен тәрбиелеу» деп атаған. «Егер отбасы балаға білім беру әдістерін дұрыс пайдалана алса, өз өмірінде бала бақытқа кенеледі», – деген сөзі келер ұрпақтарға өзінің тәлім-тәрбиелік мән-мағынасымен құнды болып қала бермек.
Айгүл ҚУАНДЫҚОВА,
Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиешісі.