ТҮЙІТКІЛДІҢ ТҮЙІНІ ШЕШІЛДІ

1  115 көрілім

Үйіміздің жылу жүйесі нашар. Жарық жоқ. Суағар бөлініп үйімізге су ағады. Тиісті адамдарды тіркеуге қалай қоя аламын? Бұл қала тұрғындарының көкейіндегі бүгінгі күннің басты сұрақтары.

Осындай сансыз сауалдардың шешімін табу мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылымдық және коммуникациялық бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов жеке қабылдау өткізді.

Басшының есігін қағып әуелі Махсуда Нұрмаханбетова есімді көпбалалы ана келді. Айтуы бойынша, «Отырар» мөлтек ауданынан 2016 жылы үй сатып алған. Қызын, немерелерін сол үйге тіркеуге қою үшін көмек сұрап келген. Қабылдау барысында, берілген жауаптар көңілінен шығып, қанағаттанғандығын жеткізді.

– Біз тұратын аймақтың барлығына дерлік газ кіргізілген. Ал, көшенің қуыс бетінде орналасан 4 үйде газ жоқ. Жұрт көгілдір отынның кереметін көріп отырғанда, біздің қара күйе болып от жағып отырғанымызға қынжыламыз. Осы мәселені тиісті сала мамандары шешіп береді деген сеніммен жеке қабылдауға келдім,- дейді қала тұрғыны Ақмарал Құлжабаева.

Жеке қабылдау барысында басшының айтуы бойынша осыған ұқсас арыздар көп түсіп жатады. Жерін рәсімдеген кезде немесе тұрғын үйге тіркелмеген болса жобаға енбей қалады. Бұл қаланың облыс атауына ие боларының алдындағы жасалған олқылықтар. Осындай жағдай кейін де қайталанбас үшін әзірден білек сыбана кіріскен.

– Қызылорда тас жолы бойындағы оң және сол жақ бетін қарасаңыз, бос жерлер жатыр. Ал, жер қатынастары бөлімінен алған мәліметімізде оның әрқайсысы бір-бір тұрғын үйге алынған жерлер. Жобаны жасаған кезде не қарады деген сұрақтар туындамас үшін біз ол аймақты жобаға енгізіп, газ құбыры нүктелерін орнаттық (ШРП). Бірақ, аймақты тәулік бойына қарауға мүмкіндік жоқ. Тиісінше, тұрғындарға айтарым, жерді сатып алдыңыз ба үй салып, сонда жылдам орналасыңыз. Себебі, бос учаскелерге орнатылған жәшіктерді, электр сымдарды қолды етіп жатыр. Кейін ұры қарылар асарын асап, жасарын жасап біткен соң көшіп барып, бізде газ жоқ деп басшылыққа шағымданады. Осындай дүниелер орын алмас үшін әрбір тұрғын сала мамандарының жұмысын бағаласа,- дейді Нұрсұлтан Жарасов.

Сала басшысы келген тұрғындарға тұшымды жауап беріп қана қоймай, әрбір өтінішті түртіп алып, тиісті мамандармен тікелей байланыс орнатып, толыққанды жауап берді. Қабылдау барысында, «Шапағат» мүгедектер қайырымдылық қорының басшысы Еркінбай Шалтан да өз өтінішімен келді. Қор мүшелеріне арналған ғимарат салу үшін құрылыс материалдары жағынан көмек сұрап, орталықтарынан бір адамды жұмысқа алуын өтінді. Келген уақыт, артылған үміт еш кетпеді. Нұрсұлтан Жарасов, бір адамды жұмысқа қабылдауға уәде беріп, құрылыс жұмысына көмектесетіндігін жеткізді.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы