ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ Р.АЮПОВТЫҢ 2019 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ШАҺАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕПТІ БАЯНДАМАСЫНЫҢ ТЕЗИСІ

1  809 көрілім

Құрметті түркістандықтар!
Соңғы жылдары біздің қасиетті қаламызға қатысты тарихи шешімдер қабылданып, шын мәнінде ел тілегі жүзеге асқан кезең ретінде ерекшеленгені өздеріңізге мәлім.
Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығымен Түркістан қаласы жаңа облыстың орталығы ретінде бекітілуі көптеген ауқымды бастамалардың қолға алынуына үлкен ықпал етті.
Игі іс Түркістанды «тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені, сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары», деп бағалаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен де жалғасын тауып, жыл басында іргетасы қаланған бірқатар құрылыс нысандары жыл соңында пайдалануға берілді.

Олардың қатарында, «Рухани-мәдени орталық» аймағы мен әкімшілік-іскерлік аумағында бой көтерген «Әуенді су бұрқақ», «Неке сарайы», «Алатау медиа орталығы» «Облыстық әкімдік ғимараты», «Ақжайық» музыкалық мектебі Тұңғыш Президентіміздің қатысуы-мен салтанатты түрде ашылды.
Өткен жыл қаламыз үшін жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолына қарай қадам жасаған маңызды жыл болды. Мәселен, есепті кезеңнің ең айтулы оқиғаларының бірегейі ретінде рухани шаһарымыздың бүкіләлемдік «Біріккен қала және жергілікті билік» атты ұйымға мүше болғанын айтар едім. Бұл халықаралық деңгейге көтерілуді мақсат еткен рухани шаһарымыз үшін аса маңызды оқиға. Алдағы бір жыл ішінде облыс орталығы әлемнің 120 елінің 1000-нан аса қаласымен тәжірибе алмасып, тегін жарнама жүруіне ықпал етуі – туристердің келуіне үлес қосып, кәсіпкерлік пен жұмыс орындарын ашуға айтарлықтай септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда мемлекетіміз үшін Түркістан қаласын дамыту қадамының маңызы ерекше болып отыр. Бұл өз кезегінде 2000 жылдан астам тарихы бар жәдігер қаланың ХХІ ғасырдағы жаңа келбетін танытқалы тұр.
Өткен жыл Түркістан тұрғындары үшін де бергені мол, берекелі жыл болды. Жетістіктерге, әрине біріншіден қаламыздың дамуына аянбай тер төгіп, гүлдендіруге барын салып жүрген шаһар жұртшылығының, әр саланың тынымды тірлігінің арқасында қол жеткізілді. Осы орайда, қаланың экономикасының әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға назарларыңызды аударғым келеді.

Бюджет
Есепті мерзімде 100 млрд. 580 млн. теңгеге жоспарланған бюджеттің кіріс бөлігі, нақты 100 млрд. 867 млн. теңгені құрап, 287 млн. теңгеге артығымен орындалды.
Өнеркәсiп және кәсiпкерлiк саласы
Әлеуметтiк-экономикалық жағдайы серпiндi дамып келе жатқан қалалардың бiрi ретінде Түркістанның 2019 жылғы жалпы өңiрлiк өнiмi 109 млрд. теңгенi құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға артты.
Жалпы өңірлік өнім көлемінде өзіндік үлесі бар салаларды атап өтетін болсам: – өнеркәсіп саласы 9,4 пайыз; орындалған құрылыс жұмыстары 36,6 пайыз; ауыл шаруашылық саласы 2,6 пайыз; ал сауда-саттық саласы мен шағын бизнесі дамыған Түркістандағы тауар айналымы мен қызметтерді өткізу көлемінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 51,4 пайызды құрады.
Осылайша, 2019 жылы жалпы өңірлік өнімнің көлемі жан басына шаққанда 634,4 мың теңгені құрап, 45 пайызға артты.

Үдемелi индустриалды-инновациялық даму
Экономиканы әртараптандыру жәоне оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы» шеңберінде 2010-2019 жылдар аралығында құны 10 млрд. 606 млн. теңгенi құрайтын 14 жоба iске қосылып, 922 жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім көлемі 2 млрд. 799 млн. теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 27,4 пайызды құрады.
Оның ішінде 2019 жылы 620,0 млн теңгені құрайтын «Гранд Микс» ЖШС-нің жиһаздың қас бетін шығару цехы мен құны 216,4 млн. теңгені құрайтын «Айбек ЛТД» ЖШС іске қосылды. Осы кәсіпорындарда 148 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Шағын және орта бизнес
Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде есепті мерзімде қаламыздағы шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 11 317 субъектінің 10 941-і белсендi жұмыс істеп, 96,7 пайызды құрады.
Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы арқылы жұмыспен қамтылғандардың саны – 26 086 адамға жетті.
Есепті кезеңде «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 811,9 млн. теңгені құрайтын 103 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 143 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталық арқылы 115,0 млн. теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылып, 9 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Негізгі несие беру мақсаты өз ісін кеңейту мен ауыр техникалық машиналармен қамтамасыз ету, осы мақсатқа сәйкес кәсіпкерлер шағын бизнесін ұлғайтуда.

Индустриалды аймақ
Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында Балтакөл трассасының бойында орналасқан «Ontustik» индустриалды аймағын қосымша 310 гектарға кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Қолданыстағы «Ontustik» индустриалды аймақтың аумағы – 40 гектарды құрайды. Аймақта құны – 7 млрд. 737 млн. теңге болатын 20 жоба орналасқан.
2019 жылы осы индустриалды аймаққа жалпы құны 5 млрд. 410 млн. теңгені құрайтын 9 жоба орналастырылды. Алдағы уақытта осы жобалар іске қосылғанда 670 жаңа жұмыс орыны ашылып, негізгі капиталға 4млрд. 700 млн. теңге инвестиция салынатын болады.
Ал 2019 жылы индустриалды аймақтағы 20 жобаның ішінен 9 кәсіпорын іске қосылып, есепті кезеңде 459 жұмыс орны ашылып, 2 млрд. 516 млн. теңге инвестиция тартылды.
Сауда-логистикалық орталық
Еліміздің бірқатар өңірлерінің тауарларға деген сұранысын қамтамасыз етіп отырған Түркістанда сауда-логистикасын дамытуға толық мүмкіндік бар.
Сауда-логистикалық орталығын құрудағы басты мақсат – азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын ішкі және сыртқы нарықтарда көтерме және бөлшек саудада өткізу, сатып алу, дайындау, тарату және өзге де операцияларды орындауға арналған қойма қызметін көрсету болып табылады.
Бүгінгі күні «Panel System» ЖШС-не орталықтан 10 га жер телімі бөлініп берілді. Онда 6 көкөніс сақтау қоймасы мен көтерме тарату орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 2 млрд. 400 млн. теңгені құрайды. Жоба іске қосылғанда 60 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі бар.

Бөлшек сауда: Қаланың экономикалық даму көрсеткіштерінің бірі – сауда-саттық қызметі. Мәселен, есепті мерзімде бөлшек сауда көрсеткіші 33 млрд. 746 млн. теңгеге, яғни 106,7 пайызға орындалды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру бағытында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау үшін арнайы азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған жәрмеңкеге жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері базар бағасынан 10-15% арзандатылған бағада сатылып, 120,0 млн. теңгені құрайтын 75,0 мың тонна өнім саудаланған.
Сондай-ақ, мемлекеттің бақылауындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қала ішінде 14 әлеуметтік дүкен ашылып, 5 супермаркет ішінен әлеуметтік сөрелер жасақталды. Онда күнделікті тұтынатын 17 тауардың түрін 15-20 пайызға төмендетілген бағамен сату ұйымдастырылған. Сондай-ақ «Қуаныш» пен «Алтын бұлақ» базарлар ішінен жылжымалы әлеуметтік дүкендер ашылды.

Инвестиция
Есепті мерзімде негізгі капиталға тартылған инвестиция 102009,1 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,8 есеге артты. Оның ішінде, республикалық бюджет есебінен бөлінген инвестиция көлемі 40 млрд. 572 млн. теңгені құрап 5,7 есеге артса, жергілікті бюджет есебінен бөлінген иневестиция көлемі 27 млрд. 826 млн. теңгені құрап, 2,9 есеге ұлғайды,
жеке кәсіпкерлер мен халықтың өз есебінен 27 млрд. 934 млн. теңгеге немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 168,7 пайызды құрады.
Әлеуметтік сала
Есепті мерзімде қала халқының саны 171438 адамды құраса, оның iшiнде экономикалық тұрғыдан белсендi халық – 53069 адам. Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 24545 адам.
Жұмыссыздар саны 2669 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейi
5,0 пайызды құрады.
2019 жылдың 12 айында 142 отбасының 812 адамына 2 млн. теңге тұрғын үй көмегі тағайындалып төленді. Одан бөлек, аз қамтылғандарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары да ұйымдастырылып, демеушілер тарапынан 1187 аз қамтамасыз етілген азаматтарға азық-түлікпен және басқа да 12 млн. теңге көлемінде көмектер көрсетілді.

Өткен жылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Кешенді жоспар аясында есепті мерзімде 4740 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 5229 адам қамтылды. Нәтижесінде 110,3 пайызды құрап отыр.
«Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша 2019 жылдың сәуірінен жыл соңына дейін 21983 өтініш қабылданып, оның ішінде 15782 отбасының 71019 адамы қамтылды. Шартсыз түріндегі көмек 1172 отбасының 5274 адамына, шартты түріндегі көмек 14610 отбасының 65745 адамына тағайындалды.
Денсаулық сақтау
Бүгінгі таңда қала халқына облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 17 медициналық мекеме, оның ішінде 7 емхана, 2 амбулатория, 1 жедел жәрдем стансасы, 7 аурухана медициналық қызмет көрсетеді.
Түркiстан қаласында 543 дәрiгер, 1754 орта медицина қызметкерi жұмыс жасайды. Дәрiгерлермен қамтамасыз етiлу көрсеткiшi 10 мың адамға шаққанда 32,9 (облыс көрсеткiшi – 26,7), орта буын медицина қызметкерлерiмен қамтамасыз етiлу көрсеткiшi 10 мың адамға шаққанда 106,3 (облыс көрсеткiшi – 91,3) құрады.

Бiлiм саласы
Қаламыздағы 37 күндізгі мектепте 1-11 сыныптар аралығында 41691 оқушы білім алуда. Нәтижелілігі төмен білім беру ұйымдарының, білім алушылардың әлеуметтік осал санаттарын қолдау тетігін әзірлеу мақсатында «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры, «Кембридж лайн» мен адами капиталды дамыту бөлімі арасында білім беру үдерісін жалпы орта мектептерге енгізу бойынша меморандум түзілді.
Сонымен қатар оқу жылындағы қуанышты жаңалығымыздың бірі – Республикалық оқушылардың пәндік олимпиадасының үшінші облыстық кезеңінде Түркістан қаласы облыс көлемінде І орынды иеленді.
Атап айтқанда, жүлделі І орынды – 3 оқушы, ІІ орынды – 7 оқушы, ІІІ орында – 18 оқушы жеңіп алды. Сонымен қатар, химия пәнінен қатысқан Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Астана қаласындағы Астана халықаралық университетіне 100% грант жеңіп алса, математика пәнінен қатысқан №22 жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Қазақ-Британ университетінің 30% грантына ие болды.
Оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептерде бейнебақылау нүктелерін көбейту және мектептердің сыртқы қоршауларын, мектептердің ішкі әжетханаларын талапқа сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу 2020 жылға жоспарланып отыр.

Жастар саясаты
Бүгінгі таңда қаламызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны-39768-ге жетіп, қала тұрғындарының 24,4 пайызын құрады.
Есепті мерзімде қаладағы жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары бітірген 985 студенттің 768-і жұмыспен қамтылған.
Жалпы жастардың жұмыссыздық (1392 жас) деңгейі 3,5 пайызды құрады.
Спорт саласы
Қала тұрғындары үшін 121 спорт алаңы, 45 спорт залы, 4 жүзу бассейні, 4 спорт кешені, 2 стадион халық игілігіне қызмет көрсетуде. Есепті кезеңде бұқаралық спортты дамыту бағытында қаланың әр аумағынан 12 кіші футбол алаңшасы мен 6 теннис корты пайдалануға берілді. Осылайша өткен жылы 249 спорттық іс-шара өткізіліп, 45448 адам қамтылды.
Туризм саласы
Түркістан қаласының экономикалық-әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамыту басты назарға алынған.
2019 жылы қаламызға келген зияратшылар мен туристер саны 1 миллион 601 мың адам болса, оның ішінде алыс-жақын шетелден келгені 40,2 мың. 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда келген туристер мен зияратшылар саны 106 мың адамға артып отыр.

Келген туристер мен зияратшыларға көрсетілген түрлі қызметтер көлемі 6 214,7 млн. теңгені құрап, қаладағы ЖӨӨ-нің 5,3 пайызын құрап отыр.
Есепті мерзімде қаламызда заманауи үлгіде 3 қонақ үй іске қосылып, жалпы саны 29 жетті.
Келген туристерді жайлы орындарымен қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы «Айтолсын», «Эдем», «Евразия», «Royal Grand» қонақ үйлерін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Таза ауыз сумен қамтамасыз ету
Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу барысында қаланың жалпы тұрғындарының (171, 438 адам) – 95,0 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген болса, «Түркістан-Қызылорда тас жолы бойындағы тұрғын үй массивін сумен қамтамасыз ету құрылысы (2-кезек)» нысаны 2019 жылы пайдалануға беріліп, нәтижесінде көрсеткіш 97,3%-ды құрады.
Сонымен қатар, 2019 жылы Қызылорда-Түркістан тас жолы бағытының екі жақ бетін, Отырар және Шавгар шағын аудандарының ауыз сумен қамтылмаған аумақтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы Түркістан қаласын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы 3 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сарқынды су бойынша: Түркістан қаласында жоба бойынша қуаттылығы тәулігіне 20 мың м сарқынды су тазарту имараты бар. Бүгінгі таңға пайдаланып жатқан, яғни қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500 м . Өткен 2019 жылы 19652 адам орталықтандырылған сарқынды сумен қамтамасыз етіліп, көрсеткіш 11,9 пайызды құрады. Қазіргі таңда 2 нысан пайдалануға берілді. Бүгінгі таңға әрбір абонент ішкі жүейсін қосу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы қала бойынша 48 082 адам орталық сарқынды су жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 29,1 пайызды құрады.
Қала тұрғындарын 100 пайыз сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы 9 нысанның 1 кезеңдері бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге тапсырылды.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, абаттандыру
Есепті мерзімде қаланың ескі бөлігін дамыту бойынша да ауқымды жоспарлар мен жобалар түзіліп жүзеге асырылды. Олардың ең басында қаладағы көпшілік орындарды жаңғырту мәселесі тұрды. Осы бағытта облыс әкімінің тапсырмасы-на сәйкес халық көп шоғырланған орта-лық көшелер бойынан қоғамдық көгал-дарды көбейту бойынша бірнеше демалыс алаңшалары салынды. Бұл әрине облыс-тың орталығында қала қонақтары мен тұрғындарына арналған демалыс орын-дарын көбейту мен қаланы суландыру, көгалдандыру мақсатында жүргізілген.
Осыған сәйкес, қала ішіндегі негізгі көшелер бойынан жалпы аумағы 17 гектарды құрайтын қолайлы жерлер анықталып абаттандырылса, Түркістан қаласының негізгі көшелеріне қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнаты-лып, «Гүлдер» саябағына жарықдиодты конструкция және алаңның жарқырайтын элементтері орнатылды.
Қаланы толығымен абаттандыру, көгалдандыру мақсатында Арыс-Түркістан магистралды каналынан тартылатын кіші ирригациялық каналдар (Р-32, Р-33, Р-34) қайта жаңартылып, қалаішілік көшелерді суландыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, Қотырбұлақ арығының 5,2 шақырымы, «Р-34» арығының (Айналма тас жолы бойынан, қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратына дейін) 7,5 шақырымы, «Р-33-1» арығының (Айналма тас жолы бойынан, Байбұрт көшесіне дейін) 3,7 шақырымы тазаланып, тас басу жұмыстары жүргізілді.

Табиғи газбен қамтамасыз ету
Қала халқын 100 пайыз газбен қамту мақсатында есепті мерзімде ІІ-ІІІ кезең аясында 11 нысанның жобалары әзірленіп, магистралды және ішкі жүйелердің жұмыстары жүргізілуде.
2019 жылы ІІІ кезеңінің құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік қабылдау коммисиясынан өткізіліп, пайдалануға берілді.
ІІ кезеңінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 28,4 шақырымның 27,1 шақырым газ құбыры салынды. Сонымен қатар ішкі газ құбырларының 9 нысанының 7 нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы 3 нысан пайдалануға беріліп нәтижесінде 65 пайызды құрады.
«Отырар» шағын ауданына, яғни жаңадан бой көтеретін көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және әкімшілік іскерлік орталығындағы нысандарға қажетті табиғи газ алу үшін «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету» (ІІ-ІІІ кезең) магистралды жүйесінен қосылу нүктесі қарастырылған.
Электр энергиясымен қамтамасыз ету
Қала халқын электр энергиясымен қамту бүгінде 99,8 пайызды құрап отыр. Есепті мерзімде қала аумағының Шавгар, Бекзат, Иассы, Отырар шағын аудандарының сапалы электр қуатымен қамтылмаған және жаңадан қоныстанған аумақтарын заман талабына сай электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 4 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оған қоса тұрғындардың электр қуатымен 100 пайыз қамту мақсатында 3 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ағымдағы жылы құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілетін болады.

Жылумен қамтамасыз ету
2019-2020 жж. жылу беру мерзімі кезінде «Жылу» МКК Түркістан қаласы «Отырар» және 1-2 шағын аудандарындағы 87 көпқабатты үйді, 28 бюджеттік, 60 заңды тұлға және 58 жеке тұлғаларды, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда орталық жылу қазандығын қатты отыннан, табиғи газға ауыстыруға ЖСҚ-ы дайындалып, сараптамаға жолданды.
Осы жылы жылу қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары мен қатар І-ІІ шағын аудандардағы жылу желілерінің ішкі орамды жер асты құбырларын қайта құру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Жасыл аймақ
«Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында қаланы көгалдандыру үшін 41 су ұңғымасы қазылып, 188 шақырым мелеоративті суландыру жүйесі жүргізілді.
Есепті мерзімде қаладағы 32 сектор аумағына, аудан, қала әкімдіктері, аумақтық басқармалар мен бөлімдерді жұмылдыра отырып 148000 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Атап айтқанда: қарағаш, үйіңкі, терек, емен, қарағай, талшын, катальпа, арша, боз арша, тұт және тағы басқа да түрлері егілді. Сондай-ақ, қаланың негізгі көшелерін көгалдандыру, суландыру үшін 51455 түп декоративті сәндік ағаштар отырғызылып, тамшылатып суландыру жүйесі жүргізіліп, құнарлы топырақпен газон төселді.

Құрылыс саласы
Осы бағыттағы игілікті істер қатарында түркістандықтардың да қуанышын арттырған жағымды жаңалықтар аз болған жоқ. Соның ішінде Түркістандағы «Отырар» шағын ауданының аумағы өткен жылы 3 есеге ұлғайып, 1526 пәтерлі 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. 2019 жылы бұл үйлердің құрылысы аяқталып, 1200-пәтердің 660 пәтері тапсырылды. Қалған 540 пәтерді кезектегі тұрғындарға үлестіру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, құрылысы 2018 жылы басталған Әл-Фараби мектебінің спорт залы 2019 жылы мамыр айында, «Отырар» шағын ауданындағы 900 орындық мектеп 2019 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында 2019 жылдан 2020 жылға өтпелі 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау осы жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. Бұған қоса қала тұрғындары мен жаңадан қоныстанушыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ипотекалық тұрғын үйлердің қатарын арттыру көзделіп отыр. Жаңадан құрылған әкімшілік-іскерлік орталықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Отырар» шағын ауданында инфрақұрылым салу. 1 кезек су тарту жүйесі және су тарту құрылымдары» нысанының құрылысы 2019 жылы басталып 2020 жылға тапсыру жоспарланған.

Өткен жылы құрылысы басталған қала сәулетінде өзіндік орны бар «Тұңғыш Президент саябағы», Б.Саттарханов даңғылы бойындағы желілік саябақ, «Аттракциондары бар орталық саябақ», «Оқушылар сарайы», «Жабық бассейні бар спорт сарайы», «7000 орындық орталық стадион» және «Қ.А.Ясауи мұражайы» ғимараттары ағымдағы жылы ел игілігіне берілетін болады.
Автокөлік жолдары
Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Оның ішінде: 256 шақырымы (30,3%) – асфальт, 475,3 шақырымы (56,25%)-шағал тас, 113,7 шақырым (13,45%) – топырақ жол.
Есепті мерзімде қала ішіндегі жолдардың 15,51 шақырымына күрделі жөндеу (4 көше) ал, 69,68 шақырымына орташа жөндеу (62 көше) жұмыстары жүргізілді және 120 шақырымға тас төселді.
Осы жұмыстардың барысында 102,4 шақырым аяқ жолдар, 3536 дана жол белгілері, 67,9 шақырым түнгі жарықтандыру жүйесі, 55,7 шақырым суағар арықшалар, 26,9 шақырым веложолдар салынды.
2020 жылы жол инфрақұрылымын дамыту бағытында 32 шақырым құрайтын 8 көшеге күрделі жөндеу, 139 шақырымды құрайтын 100 көшеге орташа жөндеу және 110 шақырым топырақ көшелерге тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Аялдамалар 2019 жылы орталық 5 көшеге 23 аялдама орнатылды. Биыл аталған жұмыстардың жалғасы ретінде негізгі көшелерге жаңа типтік 30 дана аялдама орнатылады.
Жарықтандыру Жалпы қаламызда 875 көшенің 107-і яғни 154 шақырымы (154 шқ – 18% пайызды құрайды) жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 2019 жылы 69,3 шақырым жарық жүйесіне заманауи үлгідегі жарық үнемдеуші диодты жарық шамдары орнатылды. Орташа жөндеу жұмыстары барысында 36,7 шақырым, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 32,6 шақырым жүргізілді. Бағдаршам орнату бойынша қаламызда бүгінгі таңда 35 бағдаршам бар. Оның ішінде 24 нысан 2019 жылы жүргізілген орташа және күрделі жөндеу (реконструкциялау) жұмыстары барысында қойылды. Сонымен қатар, орталық көшелерден босатылған 11 ескі бағдаршамдар қаланың шеткі көшелеріне орнатылды.

Қоғамдық көліктер
2019 жылдың 26 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімдігінің №1894 қаулысымен 2020 жылдан бастап, қала көлеміндегі жолақы тарифі 70 теңге болып өзгертілді. Тарифті өзгерту кезінде тасымалдаушы «Жолаушы» ЖШС-мен тасымалдау сапасын жақсарту аясында қосымша келісімдер жасалып, бірнеше жаңа талаптар қойылды. Атап айтсақ, 2020 жылдың 1 ақпанына дейін қалаішілік бағыттардағы қоғамдық көліктерді GPS құрылғысымен қамтамасыз ету, 2020 жылдың 15 наурызына дейін, қоғамдық көліктерге бейнебақылау камераларын орнату, 2020 жылдың 1 маусымына дейін, ай сайын көліктердің 20 пайызын жаңартып отыру, қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу, коғамдық көлік қызметкерлерін бірыңғай киім үлгісімен қамтамасыз ету ұсынылған.
Қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында «Түркістан» ӘКК тарапынан ағымдағы жылдың тамыз айында 18 электробустар алу жоспарланған. Сондай-ақ, муниципалдық автопарк ашу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сәулет және қала құрылысы
Қала құрылысы мен сәулеттік келбетін жандандыру, жаңғырту мақсатында ауқымды егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, тарихи-мəдени орталығының мастерпланы, қаланың 1:500 масштабтағы топогрофиялық түсірілімі, қаланың даму жобасының таныстырылымы əзірленді.
Қаланың сәулеттік келбетін жаңғырту бағытында есепті мерзімде
29 эскиздік ұсыныстар әзірленген.
Сонымен қатар қалада 148 заңсыз құрылыс нысандары анықталған болса, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылды. Қаладағы кәсіпкерлік сауда нысандарына орнатылған сыртқы көрнекі жарнама нысандарының саны – 198 құрады. Оның ішінде, тиісті рұқсат құжаттарын рəсімдеген – 9, рұқсат құжаттарынсыз орналастырғандар – 189. Жалпы жарнама бойынша тамыз-желтоқсан айлары аралығында өндірілген салықтың жалпы сомасы – 16 490 775 теңгені құрады.

Қоғамдық қауіпсіздік
Есепті кезеңде жалпы 1261 құқық бұзушылықтар тіркеліп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 36,2 пайызға азайды.
Оның ішінде: ауыр 213 жағдай тіркеліп, 69,0 пайызға артса, аса ауыр қылмыстар бойынша 8 жағдай өткен жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға төмендеген.

Қасақана кісі өлтіру 1 жағдай тіркеліп, 83,3 пайыз, бұзақылық 49 жағдайды құрап 41,0 пайызға, ұрлық (614 жағдай) 48,4 пайызға, пәтер тонау (200 жағдай) 43,2 пайызға, мал ұрлығы (9 жағдай) 92,2 пайызға, алаяқтық (205 жағдай) 8,5 пайызға төмендесе, есірткі (33 жағдай) 3,1 пайызға өсті.
Қылмыстың ашылуы 83,0 пайызды құрады (обл.83,5 пайыз). Қоғамдық орындарда 523 құқық бұзушылықтар тіркеліп 16,0 пайызға, көшелерде 268 жағдай тіркеліп 22,4 пайызға өскен.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы
2019 жылы «Цифрландыру» бағытында Түркістан облысы бойынша алғашқы «SmartMektep» жобасы қаламыздағы №17 Ататүрік мектебінде іске асырылды. Жоба бойынша мектептегі 2300 оқушы мен 300 қызметкер жеке-дара картамен қамтылды. Мектеп аумағында (іші/сырты) 49 дана бейнебақылау камералары орнатылады. Мектептің кіре-беріс жеріне 5 дана турникет орнатылады. Аталмыш картаның ерекшелігі оқушының мектепке кірген және шыққан уақыты, мектеп асханасында қолма-қол ақшасыз төлеу мүмкіндігі және баланың тамақтанғаны туралы ата-анасының бақылауы, кітаптарды есепке алу, кітап қарыз оқушыны есепке алу, оқырмандардың есепке алынуы мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, қаладағы №22 орта мектепте пилоттық жоба ретінде “Қауіпсіз мектеп” жобасы іске асырылды. Жоба бойынша мектепте 28 бейнебақылау камералары және турникет орнатылды. Бейнебақылауды көруге мектеп директоры және білім бөлімінің мүмкіндігі бар.
Бұдан бөлек, білім бөлімінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтері автоматтандыру бойынша, мектепке дейінгі білім беруді автоматтандыру үшін INDIGO жүйесі, мектепке қатысты барлық қызмет түрлеріне бір мезетте қол жеткізуге болатын электрондық мектеп SAKURA жүйесі, балалардың қосымша білім алуға арналған MINDAL’ жүйесі, бюджеттік ұйымдарда кадрларды конкурстық іріктеу және басқару міндеттерін автоматтандыру үшін TEMIR жүйесі іске қосылуда.
Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін «Қауіпсіз қала» жобасының алғашқы қадамы ретінде қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 200 бейнекамера орнатылды.

Халыққа мемлекеттiк қызмет көрсету
2019 жылы тұрғындарға жалпы – 121 568 қызмет көрсетілген болса, ХҚКО арқылы -30 299; электронды түрде – 59 637, тікелей -25 889, e-gov порталы арқылы 4 559, баламалы түрде көрсетуге мүмкіндігі болсада тікелей көрсетілгендер – 1 184 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Азаматтарға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» арқылы көрсету мақсатында және көрсетілетін қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша «Халықтық кеңсе» ашылды.

Кеңсе қызметінің негізгі артықшылығы:
Өтініш иесінің құжатын қабылдау кезінде арнайы бақылау коды беріледі.
Тіркеуге алынған құжат штрих код арқылы әкімдіктің тиісті бөліміне жөнелтіледі. Өтініш қысқа мерзім ішінде қаралған соң жауабы кеңсеге бағытталып, тұрғындарға жауабы пошта арқылы немесе қолма қол жолданады. Халықтық кеңсе қызметіне жүгіну арқылы азаматтар керекті мемлекеттік кызметті уақытылы ала алады.
Халықтық кеңседе анықтама залы, халыққа қызмет көрсету залы, күту залы жұмыс жасайтын болады.
Ардақты ағайын!
Халқымызда «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деген қанатты сөз бар. Қашанда ішкі ынтымағы жарасқан ел озады. Түркістанды облыс орталығы ете отырып, Елбасы тарихи әділеттілікті қалпына келтірді, береке-бірлігімізді еселеп нығайтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуы керектігін айтқан болатын. Бүгінгі таңда бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып жатқанын жоғарыда айтып өттім. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші Консультативтік кездесуінде «Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіп жатқанын» атап өтті. «Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақтанышымызға айналатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай, Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын»,-деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.

Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың Түркістанда өтуі біз үшін, яғни қала тұрғындары үшін үлкен абырой, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Сол себепті барша тұрғындарды абырой биігінен көрініп, қаламыздың бүгіні мен ертеңі үшін бірлесе аянбай еңбек етуге шақырамын! Ер түріктің бесігі, екі дүние есігі Түркістанды бірге түлетейік

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы