Түркістан облысының тұрғындары “Қамқорлық” бағдарламасының шарапатын көре бастады. Аптаның алғашқы күні өңір басшысы Ө.Шөкеев облыстың көмекке аса зәру азаматтарына мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылардан бөлек «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асырылатынын айтып еді. Аталған жоба арқылы шын мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Қысқасы, айтып ауыз жиғанша кең қолдауға ие болған осы бағдарлама аясында бүгін Түлкібас ауданына табан тіредік. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйытқы болуымен облыстық ардагерлер кеңесі, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы және “Азаматтық альянс” қауымдастығының қолдауымен Састөбе кенті мен Балықты ауылындағы бес шаңыраққа көмек көрсетілді.

Шынында да жаны жомарт азаматтардың қолдауына зәру жандар дерсің. Қол ұшын соза келген топ, біржолғы азық түлік көмегінен бөлек өзге де қажетті мәселелерді шешуді қарастырып отыр. Ол үшін әр отбасыға жауаптылар бекітілген. Соның ішінде еңбекке жарамды жандарды жұмыспен қамту шаралары бірінші кезекке қойылған. Енді көп ұзамай аталған жайлар іске асырылса бұл шаңырақтардың уақыт өте келе жұрт қатарлы тіршілік жасайтынына көз жеткізіп, үлкен сеніммен тарқастық.
Жаныңда жүр жақсы адам. Бүгінгі қамқорлыққа бөленген жандар осы бір сөздің құдіретіне көз жеткізген болар. Себебі, кейінгі жылдары мемлекеттік көмекті тиімді пайдаланып отырған Балықты ауылының тұрғыны Дәуірбек Берікбаевтың басшылыққа бағыттаған алғысқа толы лебіздерінің төркіні әр кез жанынан жақсы адамдардың табылатынына сеніммен қарауында екенін аңғардық.
Енді осы секілді жанұялармен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан және ауыл әкімдері тікелей жұмыс жасайтын болады.
#Бақытты отбасы #Қамқорлық
Мәлік Дәулетов.