ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІНІҢ ОРНЫНА «ЖИГУЛИ» КЕЛГЕН

1  471 көрілім

Түркістан қаласының тұрғыны Бауыржан Қойлыбаев деген азамат фейсбук әлеуметтік желісінде Түркістан қаласының облыс орталығы атына сыни тақырыпта пікір білдірген. Онда тұрғын 2020 жылдың 18 қаңтар күні түнгі мезгілде анасы ауырған соң жедел жәрдем шақырған. Алайда, аты айтып тұрғандай жедел жәрдем көлігі уақытында келмей, жарты сағат күткендіктерін және әр хабарласқанда ауырған науқас туралы мәлімет сұрап, ашуына тигендігін айтады.

Қажетті көмекке келген жәдел жәрдем көлігі ретінде ресейлік нөмірі бар, «жигули» автокөлігі келгенін, айқайлап дауыс көтергеннен соң тозығы жеткен «Уазиктің» жеткенін алға тартады. Сонымен қатар, қала тұрғыны жуырда ғана берілген жаңа жедел жәрдем автокөліктері халыққа қызмет етпей, қайда кеткендігін жеткізген.

Иә, былтыр Түркістан облыстық медициналық жедел жәрдем станциялары су жаңа 32 көлікпен толыққанын жергілікті газет бетіне жазған болатынбыз. Бұл «Lada Largus» маркалы автокөліктер медициналық талапқа сай барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алайда, жоғарыда аталған жедел жәрдем автокөліктері тек Түркістан қаласына ғана емес, облыс көлемінде қала, аудандарға үлестірілетіні айтылған. Сонымен қатар, биыл республикалық бюджет есебінен 60-қа жуық санитарлық автокөлікпен жабдықталатыны сол шарада естігенбіз.

Сондықтан қала тұрғыны Бауыржан Қойлыбаевтың желіде көтерген мәселесі орынды. Әрбір тұрғын басы ауырып, балтыры сыздаса жедел жәрдемге жүгінетіні белгілі. Желі қолданушысымен сөйлескенімізде жедел жәрдем көлігінің келмеуін медицина өкілдері былайша түсіндірген. Бауыржан Қойлыбаевтың анасы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде қаладағы (өзінің айтуы бойынша) теміржол вокзалы маңындағы емханаға тіркелген. Сол себепті жедел жәрдем шақырған уақытта оның орнына әлгі емхана қызметкері өз көлігімен барып, алғашқы медициналық көмек көрсетпек болған. Орнынан тұра алмай жатқан адамды арнайы көлікпен емханаға жеткізу мақсатында науқастың туыстары наразылық білдірген соң, «УАЗ» автокөлігі жеткен. Десе де бұл аралықта 30 минуттан астам уақыт өткен.

Сонда мынадай ой келеді. Қатты ауырған науқас жарты сағатта келетін жедел жәрдемнің шарапатына жетпей о дүниеге кетіп қалуы ғажап емес. Мұндай жауапсыздыққа облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы қалай жауап береді екен. Облыс орталығы атанған Түркістан қаласында мұндай олқылықтардың орын алуы қисынға келмейді. Алдағы уақытта бұл мәселе төңірегінде тиісті орындармен байланысып, аталған жәйтті толық зерделеп жариялайтын боламыз.


«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы