ЖЫР ЖҰЛДЫЗЫ

1  305 көрілім

Осы тақырыпта қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын Қадыр Мыза Әліні еске алуға арналған театрландырылған поэтикалық кеш өтті.
Кеш барысында мәдениет үйінің өнерпаздары қаламгердің «Әмір Темір» драмалық шығармасынан және қазақ елі жастарының әнұранына айналған «Өз елім» әнінің өмірге қалай келгені туралы көпшілікке ой салар тарихи көріністерді сахналап, ақын сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқады.

Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының сөзін жазған авторларының бірі Қадыр Мырза Әлі тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде өмірге келген Қадыр Ғинаятұлы 2011 жылы 22 қаңтарда 76 жасқа толған шағында дүниеден озған болатын. Қаламгердің 40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары жарық көрді. Өлеңдері бірқатар шет тілдерге аударылып, бірнеше пьесасы сахнада қойылған.

Қадыр Мырза Әлінің еңбегі өлеңмен шектеліп қалған емес. Дарынды ақын халық фольклорының атақты кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедиясының авторы. Сондай-ақ, Қадыр Мырза Әлінің ұлт азаттығын аңсаған Махамбеттің ең соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары жарық көрді.

«Білесің басқадан кем жазбасымды,
Білесің өлең-сөзде тозбасымды…
Боз жорға, боз інгенді, боз торғайлы,
Боз дала, ием саған боз басымды», – деп жырлаған ақын Қадыр Мырза Әлінің өлең-жырлары жастарға берер тағлымы мол осындай рухани кештер арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ел есінде мәңгі сақталады.


Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы