КӘСІПКЕРЛЕР ЖАЙЛЫ ОРЫНҒА ҚОНЫСТАНДЫ

1  471 көрілім

Осы күнге дейін Түркістан қаласындағы өзекті мәселелердің ішінде «Азиз» базарының төңірегіндегі ретсіз сауда орындары билік өкілдері мен тұрғындар арасында біраз келіспеушіліктердің шетін шығарған еді. Сондағысы жергілікті атқарушы орган базар аумағын ретке келтіруді талап етсе, кәсіпкер соңынан сауда жасаушылар түрлі әлеуметтік жағдайларды алға тартып, сол орында отыра беруді қалайтын. Ал, бүгін бәрі басқаша. Талап орындалып, кәсіпкерлер жайлы орынға қоныстанды.

Тарқатып айтсақ, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен өткен жылдың қыркүйек айында орталық базарларды ретке келтіру жұмыстары басталған болатын. 1995 жылы іргетасы қаланған «Азиз» базары бүгінде жаңаша шығыстық үлгіде түркістандықтардың игілігіне берілді.
Жаңа ғимараттың ашылуына қала әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев, профессор Балғабай Нақыпов, «Қуаныш» ЖШС директоры Инара Намазбаева бастаған зиялы қауым өкілдері қатысып, салтанатты түрде лентасын қиды.

“Елбасының тапсырмасы бойынша 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін көтеру қажет. Қазіргі таңда бұл үлес 25-30 пайызды құрайды. Неғұрлым бизнес дамып, кәсіпкерлеріміз әртүрлі кәсіпорындар ашса, жұмыс орындары да көбейеді. Кәсіпкерлік, туризм салаларын дамыту арқылы ғана қала бюджетін көтере аламыз,- деді Тәжібек Қалманұлы.

Заманауи нысанның жалпы аумағы 1500м² құрайды. Екі қабатты нысанда 90-ға жуық сауда нүктелері бар. Мұнда жылу, ыстық сумен қоса, салқындатқыш орнатылып келушілер үшін жайлы жағдай жасалған.
Еске салсақ, қаңтар айының басында шаһар басшысы Рашид Аюпов салынып жатқан сауда орынның жұмыстар легімен танысқан болатын. Нәтижесінде, уәде етілген межелі күнде құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілді.

Десек те, жаңа нысанның латын графикасымен жазылған атауында кінәрат бар секілді. Мысалы, “сауда үйі” сөзіндегі “ý” әрпінің “q” әрпінен айырмашылығы жоқ па дерсің? “Сақда үйі” деп оқуға тура келетіндей. Тиісінше аталған базар әкімшілігі бұл жайтты назардан тыс қалдырмайды деп сенейік.
Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,

«Түркістан».


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы