(әңгіме)
Жетінші сыныптан бастап кітаптарға құмарлығым артып, алғашқы мақалаларымды жаза бастаппын. Шыққан газет беттері мен кітаптарым, теледидарларда көрініс тапқан материалдарымның көбісі сақталған. Жазып, өшіріп қайта жазған, сақтап қойған қолжазбамды ақтарып отырып, бір беттік қағаздың үштен біріндей, әбден сарғайған екі беті толған бір жағы машинкамен, екінші беті өз қолыммен жазылған бір жапырақ қағаз қолыма түсті. Өткен өмірімнің сырлы бір бетіндей ойымды қозғап, өзі өмірде жоқ болса да тұла бойымды сағыныш кернеді. Ол сағыныш жарқын да жарқыл етіп тұла бойымды шымырлатып жүре берді. Жастық шағым, жақсы адамдар, ұстаздарым, олардың бейнелері мен сөздері, түрлері көз алдыма кино лентасындай тізіліп өте берді. Толқып отырмын. Сол кездегі сезімімді түгелдей айтып жеткізе алмайтындаймын.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықсам да, ойымды қозғап, жан жүйеме үлкен күш-қуат сыйлағандай, осы бір толық парақтың үштен біріндей бетіндегі жазулар сөйлей жөнелгендей болды. Еріксіз қолыма қалам ұстатты. Сол парақшаға жазылған жазуларды ешбір өзгеріссіз беруді жөн деп санадым. Машинкаға жазылған бірінші бетінде: Ұстазым, филология ғылымдарының докторы, Оңтүстік өлкесіне көп еңбегі сіңген, педагогика институтында ұстаз болып көптеген мұғалімдерді тәрбиелеген (соның бірі мен) қадірлі де аса құрметті жан болатын.
Ол ағамның жазғаны: «Мұсахан, сәлем. Амандықтамыз. Хат жазу себебім: Менің қағаздарым ішінен үш бет әңгіме («Кек») баяғыдан жүрген, кім жазғаны, қашан жазғаны белгісіз. Бірақ жинап қоя салғам. Бүгін түнде қағаздарымды тағы қарап отырып, әлгі қағаздан басқа бір жерден сол машинкамен басылған тағы да бір қағаз таптым, онда сенің адресің бар екен. Сол тапқан әңгімені түгендеп, басқасын да тауып алып, саған жіберіп отырмын. Егер сен аман болсаң, бар болсаң, өйткені оның қашан, қалай келгенін білмеймін ғой. Онда сен осыны алда маған кел. Мен қазір пенсиядамын (зейнеткермін). Тек кітап жазуға шыққанмын. Жұмысты қарап істеп жатырмын. Маған көмекші қол керек. Мысалы, 8-9 класстарда (сыныптарда) оқып жүрген екі қыз өте керек. Олар менің жазғанымды машинкаға басып, көмектеседі, мен жазу жазамын. Олардың сабағына қарап қойып, онды жақсы бітірулеріне зер салып, оны бітірген соң институтқа түсуіне ықпал етем. Сен мені жақын тартып, мынандай еңбегіңе көмек күткеннен кейін, сені бауырмал жылы жігіт қой деп, мен де ішке тартып, шынымды айтып жатқаным. Телефон: 3-28-68. Сонымен тез хабарлас, мен Алматыға кітабыма кетіп барам. Мынау әңгімеңді, басқа тағы да нең бар, мынауың маған ұнады, уақытында хабарласатын адамсың ғой. Ал енді қимылда, адам өлгенше, үміттен айрылмауы керек. Соны ойыңа тоқып ал».
Сәлеммен, Құрметпен Ә.Байтанаев. Шымкент, 21, Алимбетова, 23: 8.ХI.90. Түнгі сағат 2:30.
Сол сәлемін алысымен, екінші бетіне мен сол күні мынадай жазу жазыппын: «Не деген еңбекқор жан еді. Түркістан автовокзалында жиылған көпшілік ығы-жығы бірі отырып, бірі тұрып, енді біреулер жолқапшықтарын алып арқаланып, бірі келіп, екіншісі кетіп жатыр. Бір шетте отырған мен мына көпшіліктің қимыл – әрекетіне зер салып отырғанмын. Сапырлысып жатқан сол көпшіліктің бірі түрегеп тұрып, қалтарыстау жерде қолында ашылған кітапты беріле оқып тұрды. Ұстазым Әбіш Байтанаев ағамыз екен. Орнымнан тұрып, барып сәлем бердім. Марқұмдарды сол бойы ұмытып кетпей, еске алып жүру тірінің парызы», – деп жазыппын.
Кездейсоқ қолыма түсіп қалған жазбаларды оқи отырып, терең ойға шомдым. Біздер де өмірден озармыз. Еске алып отыратын жан кездесер ме екен?
«Өмір-өзен» атты кітабымды оқи отырып, «Ынтымақта» тұратын құдам – Амангелді: «О дүниелік болғанда бізді де еске алатын жан табылар ма екен?» – деп терең ойға берілгенін, қыздарым айтып келіп еді. Ол кісі өмірде. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған отағасы.
Ұстазым, Оңтүстіктің көптеген жастарын тәрбиелеген, көп еңбек еткен, кітаптар қалдырған қадірлі аға. Жатқан жеріңіз жайлы, Рухыңыз пейіште шалқысын. Артыңызда ұл-қыздарыңыз бар, оларға Алла өмір берсін!
Мұсахан қажы ДҮЙСЕКЕЙҰЛЫ,
Түркістан облысы бойынша «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.