Бүгінде интернет желісімен жасалған алаяқтық қылмыстарын тергеу барысы айтарлықтай қиындықтар туғызуда, сол себепті көптеген қылмыстар бойынша кінәлі тұлғалар анықталмай, олар қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетуде. Елімізде соңғы жылдары байланыс құралдары мен интернет технологиясын қолдана отырып жасалған алаяқтық қылмыстары күн санап өсуде, алаяқтар иемденген қаражаттардың мөлшері кейде миллиондаған теңгені құрайды. Осы орайда «Керек кеңес» айдары арқылы сала мамандарының кеңестерін, Түркістан қаласының тұрғындарының назарына кибершабуылдардан қалай сақтану керектігін ұсынып отырмыз.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін мына қарапайым ережелерді сақтау қажет:
– банктік картаңыз бойынша қандай-да болсын проблемалық жағдай туралы мәлімдеген банк қызметкері қоңырау шалған жағдайда, әңгімені үзіп, картаңызда көрсетілген нөмір бойынша банкке қайта қоңырау шалыңыз, өйткені банк қызметкерлері Сіздің карта немесе есеп-шотыңыз туралы жеке мәліметті ешқашан сұрамайды;
– банк картасының деректемелерін және операцияны растау туралы арнайы кодты ешкімге айтпаңыз;
– егер Сіз мобильді банк қызметін пайдаланбайтын болсаңыз, ұялы телефонды жоғалтып алған немесе нөмірді ауыстырған кезде, шұғыл түрде қызметті өшіріңіз;
– интернет желісі арқылы белгілі бір затқа тапсырыс берген жағдайда, сенімді сатушы екеніне алдын ала көз жеткізіңіз.
Бұдан басқа, күмән туғызатын қандайда болмасын жағдайлар туындаған кезде, алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, сақ болуға шақырамыз!
Жалпы өткен жылы алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.
Алаяқтар өзінің «құзыретін» дәлелдеу үшін жалған құжат көрсетеді. Ұлттық банктің хабарлауынша, алаяқтар азаматтарды үш түрлі тәсілмен алдап жүр. Ол қандай маңызды тәсілдер? – деп сұрауыңыз мүмкін. Сол себепті «Керек кеңес» айдары арқылы өңір тұрғындарын алаяқтарға алданбауға шақырамыз. Біріншісі, өзін Ұлттық Банк қызметкері ретінде таныстырады. Сонымен бірге өзін «құқық қорғау немесе арнайы органдардың қызметкерлері» деп те атайды.
«Арнайы операция» немесе тексеру жүргізуді сылтау еткен алаяқтар іс-әрекетінің заңды екенін растау үшін қоңырау желісін «арнайы және құқық қорғау органдарының, Ұлттық Банк қызметкерлеріне» жалғайды. Жалған қызметтік куәліктерді, нұсқаулықтары бар хаттарды, сондай-ақ «қаражатты сақтандыру» және банк аударымдарын жүзеге асыру туралы деректемелерді жібереді, – делінген хабарламада.
Мұндай құжаттарда көбіне несие қарызы немесе оның өтелуі, сондай-ақ қаражат айналымы туралы егжей-тегжейлі ақпарат болады. Қосымша құжаттарда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының «уәкілетті тұлғаларының» қолы, аты-жөні, мөрі және басқа да растайтын деректер көрсетіледі.
Екіншісі, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильдерді «бұзып», алаяқтық жасау үшін пайдаланады. Мессенджерді «бұзу» үшін олар ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді. Хабарламаны алған адам сілтемені басқан кезде, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильді иемденіп алады.
Әрі қарай алаяқтар профиль иесінің атынан оның туысынан, танысынан, досынан немесе әріптесінен қарызға ақша сұрайды. Қаржыны банк картасына немесе үшінші тұлғаның шотына аударуды сұрап, жаппай хабарлама таратады, – делінген хабарламада.
Үшіншісі, алаяқтар мобильді банкинг арқылы ойдан шығарылған тауарды сатып лады. Кейін салық (қызмет) төлеп немесе банк шотына шектеу қойып ақшаны онлайн ұрлайды. Бұл хабарламалар «электронды тұзақ» болып шығады. Айтылған шотқа өткен кезде, мобильді қосымшадағы шоттан ақша ұрланады.
