КЕРЕК КЕҢЕС: ЖЕЛІДЕГІ ЖАҒЫМСЫЗ ӘСЕРЛЕР

9 көрілім

Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру барысын интернетсіз елестету қиын. Электр қуаты қаншалықты маңызды болса, ғаламтор желісі де содан бір елі кем емес маңызға айналды. Әсіресе, әлемді пандемия жайлап, жұмыс, оқу барысы онлайн режімге ауысқанда интернетсіз жұмысымыз жүрмей, қолымыз байланатын болып барады. Алайда таяқтың екі ұшы барын да ұмытпаған жөн. Бұл шекарасы жоқ шексіздіктің игілігімен қатар өзіндік зияны да бар. Соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға кері әсер тигізетін кездер жиілеп кетті.

Ішкі істер министрлігі де осыған алаңдап отыр. Себебі интернеттегі құқыққа қарсы контенттің балалар мен жасөспірімдерге теріс әсер етіп жатқанын ең алдымен осы ведомствоның мамандары біледі. Сондықтан, интернет өмірдің барлық салаларына еніп, мемлекеттік және жеке қызметтер онлайн режімге ауысып жатқан кезде жаһандық желінің құқыққа қайшы тұстарын ұмытпаған дұрыс болар еді.

Мәселен, жүзіқаралар анонимді интернет-серфинг мүмкіндіктерін пай­даланады. Себебі, жеке парақша­ларын құру кезінде өздерінің шынайы сауалнамалық деректерін көрсетудің қажеті жоқ. Мұндай бет-жүзін, шынайы аты-жөнін жасырған адамдар ең алдымен балалардың интернетті бақылаусыз пайдалануы кезінде ерекше алаңдаушылық тудырады.

– Желіде пайдалы контент қана емес, сонымен қатар балаларға, олар­дың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін ақпарат кездеседі. Ата-аналар тарапынан от­басыларда және жақын ортада ба­қылаудың болмауы салдарынан балалар түрлі жайсыздыққа ұрынады. Интернетке олардың қадағалауынсыз кірген балалар зорлық-зомбылық пен порнография насихаттарын қарауы да ықтимал. Мұндай жағдайларда бала тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып жатады. Немесе өздері қылмыс жа­сауына итермелейді, – дейді Крими­налдық полиция департаменті ки­бер­қылмыспен күрес орталығы бас­тығының орынбасары Рүстем Дүй­сетаев.

Мәселен, осы орталықтың маман­дары интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінде порнографиялық фото және бейнематериалдардың та­ралу фактісін анықтады. Ішкі іс­тер министрлігінің қызметкерлері қызыл­ордалық әріптестерімен бірлесіп, осы өңірдің 15 жастағы тұрғынын құ­рықтады. Тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, соның барысында порнография бейнелерін сату фактісін анықтады. Қамқоршысының және балалар психологының қатысуымен сұрақ алынған кезде күдікті жыл басынан бері әлеуметтік желілерде порнографияға интернет-сілтемелер сатып алып, оларды қымбат бағамен сатқанын мойындады. Бүгінде осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Жиырма бірінші ғасырда еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін мобильдік смартфондарды  қолданады. Әсіресе, жасөспірімдер мен жеткіншектердің смартфонды шектен тыс қолдану мәселесі ата-аналар қауымын жиі алаңдатады. Психолог мамандардың пікірінше, әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізу баланың қоршаған ортамен тез тіл табысып кетуіне үлкен кедергі болады, тіпті кей жағдайда мінезі тұйықталып, депрессияға түсуі де ғажап емес. Жастар арасында соңғы жылдары сәнге айналған “депрессияда жүрмін” сөзінің жиі қайталануы да бұған дәлел. Осы орайда баланың әлеуметтік желілерде отыруының ұтымды жақтары мен тудыруы мүмкін  келеңсіз тұстарын саралай отырып, бірнеше пайдалы ақпараттарды мысал ретінде келтірсек.

   Әлеуметтік желілерді меңгеру- баланың жаңа технологияларды жылдам игеруіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, үй тапсырмаларын орындау кезінде де өз бетінше ізденуге дағдыланады. Бұл баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, тез шешім қабылдай білуге үйретеді. Ең бастысы ата-ана баласының кімдермен сөйлесіп, қандай парақшаларды қарайтынын қадағалап отыруы шарт. Себебі, қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы тарайтын спам хабарламалар мен анайы материалдар әлеуметтік желілерде өте жиі кездеседі. Соның салдарынан жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсап жататын жағдайлар да аз емес. Зерттеулер бойынша “В Контакте”- әлеуметтік желілер арасындағы ең қауіпті алаң көрінеді. Себебі, мұнда аудио-бейне материалдар мен өзге де функциялар әлемдік деңгейде кеңінен қолданылады.

    Көптеген отбасыларда ата-аналар балаларын алдаусырату мақсатында ұялы телефоннан мультфильмдер мен ойындар қосып беру арқылы баланы кішкентайынан телефонға әуес етеді. Содан соң баланың “қара қорапшаға” деген тәуелділігінің себебін іздеп әлек болады. Қажеттілік туған жағдайда, балаға пайдалы әрі қызықты интеллектуалды бағдарламалар қосып берген абзал.

   Виртуалды әлемнің тағы да бір кемшіл тұсы- адамдар арасындағы шынайылық.  Бұл адамдардың бір-біріне деген адамгершілік, жанашырлық, сүйіспеншілік сынды асыл сезімдерді жоғалтып алуға дейін алып келеді.

  Теңгенің екі жағы болатыны секілді, кез келген дүниенің де жақсы және жаман жағы болары сөзсіз. Сондықтан балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін түсіндірген абзал. Дегенмен, мүлде тыйым салу- оң шешім деуге де келмейді. Бастысы балаға дұрыс бағдар беріп, әлеуметтік желілердің тиімді жақтарын пайдалануды түсіндірген жөн.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы