Жұмыс өнімділігі қызметкерлердің көңіл күйіне байланысты екенін ешкім жоққа шығармайды. Дамыған мемлекеттер бұған баяғыда-ақ баса назар аударып, реттеу тәсілін тапқан. Біздің елде де бұл ақырындап оңалып келеді. Мысалы, отандастарымыз пернетақтаның көмегімен адамның моральды-психологиялық жағдайын білетін жүйе ойлап тапқан. Осы жаңа өнертабыстың игілігі мен қоғамға тигізер пайдасы жайлы «Керек дерек» айдары арқылы қала тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз.
«GoDays» – жасанды интеллектіге негізделген, жұмыстағы күйзелісті анықтайтын және оның алдын алатын құрал. Ол адамның компьютердегі реакциясының өзгеруін бақылап, жанама әрекеттерді талдайды. Бұл тапсырмалардың жүктемесі мен күрделілігін өзгертуге, қызметкердің ерекше қабілетін табуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. «GoDays» алты ай ішінде «Toyota JP», «Shell US», «Nike US & Spotify» компанияларымен, сондай-ақ Еуропа, Шығыс Азия және АҚШ-тағы 30-дан аса кәсіпорынмен жұмыс істеді. Тіпті «My Ventures» венчурлық қорынан 3 000 000 доллар инвестиция тартты.
Шетелдің алып компаниялары мен қорларынан қаншама млрд ақша тартқан бұл жүйенің қандай ерекшелігі бар? Ойланып қарасақ, әр адамның түрлі жағдайда қозғалыс тұрақтылығы бар. Жағдайға байланысты пернені басу тәсілі өзгереді. Отандастарымыз жасаған жүйеден адам туралы көп ақпарат аласыз. Мәселен, бүгін ұйқысы қанды ма, түскі үзілісте әріптестерінің бірімен ұрысып қалмады ма, күннің қай бөлігінде өзін жақсы сезінеді және т.б.
Осының бәрін білгенде «Бұл идея қайдан келді екен?» деген ойға шомасың. Ел таңғалған ерекше жобаның өмірге келуі де – өзгеше. Естігенде, көңіліміз түсіп, жүрегіміз ауырды.
«Toyota» компаниясында жұмыс істегенімде, досым екеуміз алаяқтардың жолын кестік, олар көлік шамдарын ұрлап, соның кесірінен Ресейде автокөлік жинау құны 20 пайызға көтерілген еді. Содан кейін қызметімізде өстік. Алайда көп ұзамай досым өз-өзіне қол салды… Сараптама оның кәсіби тұрғыдан шаршағанын көрсетті. Жүктелген жұмыс пен қысымды көтере алмаған. Ол 3 ай бойы дұрыс тамақ ішпеді, ұйықтамады. Қайғылы оқиға орын алғанда, мейлінше көп адамды осы жағдайдан аман алып қалуға қолымнан келгеннің бәрін істеймін деп өзіме уәде бердім», деп ақтарылды «GoDays» стартапының негізін қалаған директоры Елнұр Қай.
Назарбаев университетінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Назарбаев қоры Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес мүшелері университеттің жоғары функционалды зертханаларымен, ғалымдардың жаңа әзірлемелерімен, атап айтқанда ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен, импульстік үдеткіш зертханасымен танысты. Сонымен қатар таныстырылым барысында жасанды зерденің қазақ тілінде қызмет етуі туралы, оның болашағы жайында сөз қозғалды. Университеттегі «Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты» директорының орынбасары Ербол Абсалямов жасанды интеллектіні қазақша сөйлетуге үлес қосып жатқанын атап өтті. «Қазіргі таңда ChatGPT ағылшын тілінде қызмет етеді. Келешекте өзіміздің қазақ ChatGPT кең қолданыста болуына әлде де қызу жұмыс атқарып жатырмыз. Сонда «Ұмай» жүйесі төл құндылықтарымызға сай бізбен еркін сөйлесе алады», – деді ол.
ISSAI жетекшісі доктор Варолдың айтуынша, жобаның негізгі техникалық қиындығы жүйені біріктіру болған. Яғни «Ұмай» OpenAI платформасының ChatGPT чат-боты арқылы сұрақтарға жауап табады. Бірақ бұл боттың қазақ тіліндегі жұмысы әлі сапасыз екені бәріне мәлім. Бұл шектеуді жеңу үшін «Ұмай» Назарбаев университетінде ISSAI әзірлеген «Tilmash» нейромашиналық аудармасының жетілдірілген үлгісін пайдаланады. Сонда бұл жүйе пайдаланушылардың сұрақтарын алдымен ағылшын тіліне аударып, кейін ChatGPT берген жауаптарды қайтадан қазақ тіліне аударады.
«Біздің институт «Tilmash» деп аталатын төрт тілге аударма жасайтын жүйе жасап шығарды. Әртүрлі стильдегі үлкен мәтіндік қордан құрастырылған бұл жүйе «Google» және «Yandex» аудармашыларымен бәсекелесе алады. Яғни ол қазақ тілінде қойылған сұрақтарды алдымен ағылшын тіліне аударады, содан кейін сұраныс ChatGPT-ге барады. Кейін ағылшын тілінде берілген жауаптарды «Tilmash» қайтадан қазақ тіліне аударады. Сосын арнайы технология арқылы біз мәтінді дауысқа айналдырамыз», – деді «Ұмай» әзірлеушілерінің бірі, ISSAI-дің аға деректер талдаушысы Асхат Күздеуов.
