ӨМІРБАЯНЫ
Мен, Бейсенов Дархан Базарбаевич 1986 жылы 14 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келдім. 2003 жылы Молда Мұса атындағы орта мектепті бітірдім. 2007 жылы Түркістан қаласындағы қазақ-ресей университетіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдадым.
2007 жылдың қыркүйек айынан бастап Молда Мұса атындағы жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек жолымды бастадым. Қазіргі таңда аталған білім беру ұйымында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келемін.
Отбасылымын. Бес баланың әкесімін.
Қазіргі уақытта Молда Мұса атындағы жалпы білім беретін мектепте өз мамандығым бойынша еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге өз үлесімді қосып келемін.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Мен еліміздің қуатын арттырып, Сауран ауданын одан әрі дамыту жолында аянбай еңбек етуге дайынмын. Елде орын алып жатқан елеулі өзгерістерді табысты іске асыруға өзіндік үлес қосамын деп сенемін. Саяси науқанға қатысуды үлкен жауапкершілік санап, осы арқылы тұтастай елімізді дамытуға, оның ішінде Сауран ауданының өркендеуіне барлық мүмкіндіктерді қарастырып, елдің игілігі үшін қызмет атқаруға әзірмін. Осы бағыттарды негізге ала отырып, төмендегі мәселелерді шешуге атсалысамын:
Ауыл округі тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында Президентіміздің ауылға арналған бағдарламасын қолдай отырып, жеңілдікпен берілетін несие ауыл шаруаларына қолжетімді болуына;
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жұмыстар жүргізіп, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге;
Ауылды көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын периодты түрде жүргізуге;
Әлеуметтік қорғауды, мүгедектерге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға және көпбалалы аналарға тұрақты түрде көмек көрсетіп, әлеуметтік жағдайды бақылауда ұстауға;
Ауылшаруашылық өндірістік кооперативін дамыту және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында жұмыс атқаруға;
Ауыл тұрғындарының сапалы өмір сүруі үшін инфрақұрылымды дамытуға;
Жастарды қолдау мақсатында елдімекендерге мәдениет үйі, спорт кешендерін салдыруға атсалысамын.
Ауыл тұрғындарының өмір сапасы – басты басымдық
Ауданның әрбір елді мекеніндегі инфрақұрылымдық мәселелер жүйелі түрде шешілуі қажет. Ауызсу, электр энергиясы, газбен қамту, интернет, жол және қоғамдық көлік – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды салалар. Сондықтан осы бағыттардағы жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуына назар аударып, шешімін күткен мәселелерді мәслихат деңгейінде көтеремін.
Сонымен қатар ауылішілік көшелерді жөндеу, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын жаңарту, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мәселелерін де назардан тыс қалдырмаймын. Ауданның әрбір ауылы мен елді мекенінің қажеттілігі ескеріліп, бюджет қаражатын бөлу кезінде аумақтардың өзекті мәселелеріне басымдық берілуіне ықпал етемін.
Әсіресе шалғай орналасқан ауылдардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға ерекше мән беремін.
Халық қатысқан шешім – нәтижелі шешім
Ауданға қатысты маңызды шешімдер тұрғындардың пікірі ескерілген жағдайда ғана өміршең болады. Өйткені белгілі бір ауылда қандай мәселе өзекті екенін сол жерде тұратын азаматтар жақсы біледі. Бір көшеге асфальт төсеу, бір елді мекенге ауызсу тарту немесе қоғамдық кеңістікті жаңарту туралы шешім қабылданғанда да тұрғындардың ұсынысы назарға алынуы керек.
Осыған байланысты халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жинақтауға, оларды тиісті мекемелерге жеткізіп, орындалу барысын бақылауға күш саламын. Қоғамдық тыңдаулар мен ашық талқылаулардың маңызын арттыру, аудан бюджетіне қатысты мәселелерде тұрғындардың белсенді қатысуына жағдай жасау жөнінде ұсыныстар енгіземін.
Менің түсінігімде, депутат халықтың атынан сөйлейтін ғана емес, халықпен бірге шешім іздейтін өкіл болуы керек. Сондықтан әрбір мәселенің көтеріліп қана қоймай, нақты нәтижеге жетуіне ықпал ету – негізгі міндетім.
Сайлаушылардың күрделі мәселесін депутаттар да өз тарапынан тез шешілуіне ықпал етеді. Егер маған сенім артсаңыздар, өз бағдарламамды басшылыққа ала отырып, аудандық мәслихаттың жұмысына жаңа серпін, тың өзгерістер әкелуге дайынмын.
Сауран ауданының дамуы – ортақ міндет. Ол үшін әр ауылдың мәселесі назарда болып, әр тұрғынның мүддесі қорғалуы тиіс. Менің басты мақсатым – тұрғындармен бірге жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауылдардың көркеюіне және халықтың әл-ауқатының артуына үлес қосу.
