депутаттығына үміткер
Байсбаев Сержан Ермекбаевич
ӨМІРБАЯНЫ
ӨМІРБАЯНЫ
Байсбаев Сержан Ермекбаевич 1980 жылы 4 қарашада Түркістан қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Отбасылы, төрт қыз және екі ұл тәрбиелеп отырған әке.
1997 жылы Түркістан қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №5 орта мектепті бітірген. 1998-2002 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экономика факультетінде білім алып, экономист мамандығын иеленген.
Еңбек жолын кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында бастап, осы бағыттарда мол тәжірибе жинақтаған. 2010-2023 жылдары «Али-Уайс и К» ЖШС-ның құрылтайшысы әрі директоры, 2015–2016 жылдары Түркістан қаласындағы «Алтын бұлақ» базарының директоры, 2016–2023 жылдары «Ер-Аман» шаруа қожалығының төрағасы қызметтерін атқарған.
2023 жылғы 30 наурыздан 2026 жылғы 12 қазанға дейін Сауран аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаты әрі мәслихат төрағасы қызметін атқарды. Мәслихат төрағасы ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға басымдық берді.
Аталған кезеңде аудандық мәслихат депутаты ретінде барлығы 136 депутаттық сауал жолдап, оның 130-ы орындалды, қалған 6 сауалдың орындалуы бақылауда. Депутаттық сауалдармен жұмыс жүргізу және олардың орындалу көрсеткіштері бойынша Сауран аудандық мәслихаты облыс мәслихаттары арасында бірінші орынға шықты.
Сержан Ермекбайұлы үшін туған жердің өркендеуі, ел бірлігі мен тұрғындардың әл-ауқаты әрдайым басты орында. Оның еңбек және қоғамдық қызметіндегі негізгі ұстанымы – ел мүддесіне адал қызмет ету, халықтың талап-тілегіне құлақ асу, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқару және туған өлкенің дамуына өз үлесін қосу.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
«АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ ДАМУЫ!»
Құрметті Бабайқорған, Абай, Құмайлықас және Үлгілі ауылдарының тұрғындары!
Мен, Байсбаев Сержан Ермекбайұлы, мәслихат төрағасы болған кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына және тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуіне басымдық берілді. Жинақтаған тәжірибемді туған өлкенің игілігіне бағыттауды азаматтық міндетім деп санаймын. №5 сайлау округіне қарасты төрт елді мекеннің тұрғындарын толғандыратын мәселелерді ескере отырып, төмендегі басым бағыттарды ұсынамын:
1. Ауыз су мәселесін шешу
– Бабайқорған елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін ілгерілету;
– Көксарай ауылына ауыз су жүйесін тартуға ықпал ету;
– Абай ауылындағы ауыз су жүйесін қайта іске қосу және қосымша су ұңғымасын қазу мәселесін көтеру;
– Тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды қолдау.
2. Жол және инфрақұрылымды дамыту
– С.Рахимов, Б.Майлин, С.Қожанов, Ш.Қалдаяқов және Ақтөбе көшелерін жөндеу жобаларының жүзеге асуына ықпал ету;
– Ауылішілік жолдарды жөндеу, асфальттау және көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру;
– Жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық көлік қатынасын жақсарту;
– Электр желілері мен трансформаторларды жаңарту мәселесін көтеру.
3. Суармалы егіншілік пен ауыл шаруашылығын қолдау
– Абай ауылындағы «Ақтөбе» су қоймасынан егістікке су жеткізетін лоток салу жобасын ілгерілету;
– Үлгілі ауылындағы «Сасық бұлақ» су қоймасынан суару жүйесін жүргізуге ықпал ету;
– Шаруалардың суға қолжетімділігін арттыру және су үнемдеу технологияларын енгізуге жағдай жасау;
4. Білім, медицина және әлеуметтік қолдау
– Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға ықпал ету;
– Жастардың спортпен айналысуына, мәдени және шығармашылық қабілеттерін дамытуына жағдай жасау;
– Бабайқорған ауылындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған монументті жөндеу мәселесін көтеру.
5. Байланыс және қауіпсіз орта қалыптастыру
– Игілік пен Көксарай ауылдарын ұялы байланыс және интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін тиісті органдар алдында көтеру;
– Ауылдарды табиғи газбен қамту жұмыстарын ілгерілету;
– Елді мекендерді көгалдандыру, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын қолдау;
6. Халықпен тұрақты байланыс және ашық жұмыс
– Төрт елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізу;
– Халықтың өтініштері мен ұсыныстарын мәслихат деңгейінде көтеру;
– Ауылдардың қажеттіліктерін аудандық бюджетте ескеруге ықпал ету;
Құрметті жерлестер!
Мен үшін депутаттық қызмет – халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы мақсатта мәслихаттың заңмен белгіленген өкілеттігі аясында жүйелі жұмыс жүргізуге, халықпен ашық байланыс орнатуға және шешімдердің орындалуына күш саламын.
