ӨМІРБАЯНЫ
Абусейтов Бегахмет Зайнидинұлы 1972 жылғы 28 сәуірде дүниеге келген. Білімі жоғары. 1993 жылы Қазақтың дене тәрбиелеу мәдениеті институтын «Дене тәрбиесі мәдениеті оқытушысы және жаттықтырушысы» мамандығы бойынша, 2013 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы №51 М.Қаратаев атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Түркістан қаласындағы Олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы және аға жаттықтырушы қызметтерін атқарған.
2001 жылдан бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде түрлі жауапты қызметтерде еңбек етті. Атап айтқанда, оқытушы, спорт клубының төрағасы, кафедра меңгерушісі және «Спорт және өнер» факультетінің деканы болды. 2024 жылдан бері аталған университеттің «Спорт» факультетінде профессор қызметін атқарады.
2022–2025 жылдары Түркістан қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі болды. 2023 жылдан бері VIII шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатының депутаты.
2006 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері» атағымен марапатталған. ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хаттарына ие болған.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор. Ресей Жаратылыстану академиясының профессоры. Ғылыми еңбектерінің қатарында 2 оқу құралы, 1 монография және 45 ғылыми мақала бар.
Отбасылы. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, бес немересі бар.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның басты байлығы – денсаулығы мықты, білімі терең, кәсіби біліктілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі қалыптасқан адам. Сондықтан мен өзімнің көпжылдық ғылыми-педагогикалық, спорттық және басқарушылық тәжірибеме сүйене отырып, Түркістан қаласының дамуына адам капиталы тұрғысынан үлес қосуды басты мақсат санаймын.
Дене тәрбиесі мен спорт саласында еңбек еткен жылдарым, жоғары оқу орнында атқарған басшылық қызметтерім және қалалық мәслихат депутаты ретіндегі тәжірибем бір нәрсені көрсетті: кез келген игі бастаманың нәтижесі адамға қызмет еткенде ғана құнды. Осы ұстанымды негізге ала отырып, сайлауалды бағдарламамды төмендегі басым бағыттарға арнаймын.
Дені сау ұрпақ – ұлттың басты байлығы
Спорт – тек жарыс пен жеңіс емес, ол денсаулықтың, тәртіптің, табандылықтың және салауатты өмір салтының негізі. Балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған инвестиция.
Осы бағытта менің ұстанымым – спортпен шұғылдану белгілі бір топтың ғана емес, барлық жастағы тұрғындардың қолжетімді мүмкіндігі болуы керек.
Білімді жастар – ел болашағы
Түркістан – білім мен ғылымның, руханият пен мәдениеттің ордасы. Қалада жоғары оқу орындарының болуы жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл әлеуетті тиімді пайдаланып, білім беру сапасын арттыруға, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына және олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жағдай жасау маңызды.
Білімді ұрпақ қалыптастыру – бір ғана білім беру мекемесінің міндеті емес. Бұл – отбасы, мектеп, жоғары оқу орны және тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Спорт саласының мамандарын қолдау және олимпиадалық резервті даярлау
Түркістан өңірінде спорттың өзіндік дәстүрі мен жетістіктері бар. Бұл жетістіктердің артында білікті жаттықтырушылардың, ұстаздардың және спорт мамандарының қажырлы еңбегі тұр. Сондықтан спорт саласындағы кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту ерекше маңызға ие.
Спорттағы жоғары нәтиже жүйелі дайындықпен, сапалы инфрақұрылыммен және білікті мамандармен қалыптасады. Сондықтан бұл үш бағыттың қатар дамуына мүдделімін.
Әлеуметтік әділеттілік және тұрғындардың өмір сапасы
Қаланың өркендеуі ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысынан көрінуі тиіс. Әрбір азамат сапалы әлеуметтік қызметке, қолайлы ортаға және тең мүмкіндікке ие болуы керек. Әлеуметтік әділеттілік – әр азаматтың мүмкіндігіне қарай дамуына және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау.
Тарихи тұлғасы мен рухани құндылығы сақталған Түркістан
Түркістанның тарихи келбеті мен рухани мұрасы – ұрпаққа аманат. Қаланың заманауи дамуы оның тарихи болмысымен үйлесуі керек. Сонымен бірге тұрғындар үшін таза, жасыл және қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды.
Тарихын құрметтеген, табиғатын қорғаған, рухани құндылықтарын бағалаған қала ғана келешек ұрпаққа өнеге бола алады.
Халықпен кері байланыс және ашық депутаттық қызмет
Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен аманаты. Сондықтан депутаттың жұмысы тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуға, олардың өтініштерін тыңдауға және өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуге негізделуі тиіс.
Мен үшін депутаттық қызметтің нәтижесі – көтерілген мәселенің назарға алынуы, заң аясында шешу жолдарының қарастырылуы және тұрғындардың нақты өзгерісті сезінуі.
Басты мақсат – адам капиталы дамыған, дені сау қоғам қалыптасқан түркістан!
Менің өмірлік және кәсіби ұстанымым – білім мен тәрбиені, спорт пен денсаулықты, жауапкершілік пен адал еңбекті қоғам дамуының негізгі тірегі деп білу. Көпжылдық тәжірибемді Түркістан қаласының игілігіне жұмсап, тұрғындардың мүддесін қорғауға, өзекті мәселелерді көтеруге және олардың шешілуіне ықпал етуге дайынмын.
Ғұмырымның басым бөлігін білім мен ғылымға, дене тәрбиесі мен спорт саласына арнадым. Ұстаз ретінде шәкірт тәрбиеледім, жаттықтырушы ретінде жас спортшылардың жеңісіне куә болдым, басшы ретінде ұжымдық жұмыстың жауапкершілігін сезіндім. Ал мәслихат депутаты ретінде халықтың өтініші мен аманатының қаншалықты маңызды екенін түсіндім.
Сондықтан алдағы уақытта да Түркістанның білім беру, спорт, әлеуметтік қолдау және қоғамдық даму салаларындағы әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырамын. Әсіресе балалар мен жастардың денсаулығына, сапалы білім алуына, спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамытуына ерекше мән беремін. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі, ал бүгінгі жастарға жасалған мүмкіндік – болашаққа салынған берік негіз.
Біз балалардың спортпен еркін айналысуына жағдай жасап, жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік беріп, білікті мамандарды қолдап, әрбір тұрғынға қолайлы орта қалыптастыруға ұмтылуымыз керек. Өйткені дені сау ұрпақ пен білімді қоғам – қаланың ғана емес, тұтас елдің жарқын болашағы.
