Тагайбаев Жанбота Жупарбекович
ӨМІРБАЯНЫ
Тагайбаев Жанбота Жупарбекович 1986 жылы 10 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Түркістан қаласындағы №18 Ж.Еділбаев атындағы орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 2004 жылы бітірген. Білімі – жоғары. 2004 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің құқықтану мамандығы бойынша білім алып, 2009 жылы тәмамдаған. Еңбек жолын 2010-2011 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің инспекторы қызметінен бастаған. 2011-2013 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің инспекторы қызметін атқарды. 2013 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыспен қамту секторының жетекші маман лауазымының міндетін атқарушы. 2013-2015 жылдары атаулы әлеуметтік көмек көрсету секторының бас маманы қызметін атқарған. 2015 жылы Түркістан қаласы әкімінің көмекшісі, 2015-2018 жылдары Түркістан қаласы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің көгалдандыру-абаттандыру секторының меңгерушісі. 2018-2020 жылдары Түркістан қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің бас маманы болған. 2021-2022 жылдары Түркістан қаласы әкімі аппараты Бекзат секторының меңгерушісі, 2022-2023 жылдары Түркістан қаласы әкімі аппараты мониторинг және жедел әрекет ету орталығының директоры қызметін атқарды. 22.05.2024 – 20.11.2025 жылдары Түркістан футбол клубының директорының міндетін уақытша атқарушы. 21.11.2025 жылдан бері «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Түркістан қаласының мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің директоры.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Қымбатты жерлестер!
Бүгінде еліміз «Жаңа Қазақстанды» құрудың алғышарттарын жасап үлгерді. Сонымен қатар, түркі жұртының астанасына айналған Түркістан қаласының әрбір проблемасы маған жете таныс. Соңғы 8 жылда қарқынды дами бастаған рухани астанамызда халық қалаулысы болып, сенімге ие болу мен үшін зор мәртебе болмақ. Сіздер маған қолдау танытсаңыздар туған жердің гүлденуіне үлес қосу үшін бар күш-жігерімді саламын!
№3 сайлау округі – Түркістан қаласының терең тарихынан сыр шертетін маңызды бөлігі. Мұнда шешімін табуы тиіс маңызды жоспарлар мен жобалар аз емес. Сондықтан бағдарламамның негізі етіп осы аумақтың гүлденуін, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуын таңдадым.
Үкімет тарапынан шығарылған заңдардың халық арасына жетуіне, оны сайлаушыла-рымның тиімді пайдалана білуіне;
Сайлаушылардың ұсынысы мен сын-ескертпелерінің жергілікті атқарушы органдар тарапынан оң шешім табуына;
Қалалық бюджеттің №3 сайлау округіне жоспарланған жұмыстарының дұрыс әрі сапалы орындалуына, бюджеттік қаражаттың межелі уақытында мақсатты жұмсалуына;
Түркістан қаласының аумағында шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау білдіре отырып жаңа жұмыс орындарын ашуға;
Қаладағы жолдардың сапасын арттырып, асфальттау жұмыстарының сапалы жүргізі-луіне, жаяу жүргіншілерге арналған жол са-лынуына және көшелерді жарықтандыруға;
Өзіме белгіленген шағын аудан тұрғындарының сапалы электр жарығы және таза ауыз сумен қамтылуына, қоғамдық көлік қызметінің саны мен сапасын арттыруға;
Көшелерде көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарын жүргізуге;
Медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға;
Білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушылардың толыққанды білім алуы үшін сапалы байланыс жүйесімен және оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне ықпал етемін.
Құрметті сайлаушылар!
«Туған жерге туыңды тік» дейтін қазақ даналығы бар. Осы кіндік қаным тамып, топырағында аунап өскен жерге қызмет ету күнде бұйырмайтын бақ! Осы мүмкіндікті пайдаланып, бағдарламамда тоқталған әр сала бойынша жұмыстың орындалуына күш салсам деймін. Мен үшін Түркістан – туған жер ғана емес, балалық шағымның бесігі, азамат болып қалыптасқан алтын ұям, еңбек жолым басталған қастерлі мекен. Халқымызда «Елге қызмет ету – ерге міндет» деген тағылымды сөз бар. Осы ұстаным менің өмірлік қағидамның біріне айналды. Өткен жылдардағы мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибем туған қаламыздың тыныс-тіршілігін, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін, жергілікті басқару жүйесінің мүмкіндіктері мен жауапкершілігін тереңірек түсінуге жол ашты.
Бүгінде Түркістан жаңғыру мен жасампаздықтың жаңа кезеңін бастан өткеруде. Қаламыздың келбеті көркейіп, инфрақұрылымы дамып, әлеуметтік және экономикалық әлеуеті артып келеді. Дегенмен шаһардың шынайы өркендеуі сәулетті ғимараттармен немесе ауқымды жобалармен ғана өлшенбейді. Ол ең алдымен әрбір тұрғынның тұрмыс сапасынан, көшелердің қауіпсіздігінен, коммуналдық қызметтердің қолжетімділігінен, балалардың сапалы білім алуынан, азаматтардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайынан көрініс табуы тиіс.
Мен үшін депутаттық қызметтің мәні – халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау және көтерілген мәселелердің заң аясында қаралуына ықпал ету. Өйткені елдің сенімі сөзбен емес, нақты іспен, жауапкершілікпен және ашықтықпен бағаланады. Қандай қызметте болсын азаматтың абыройын асқақтататын басты қасиет – адал еңбек пен ел алдындағы жауапкершілік.
Менің сайлауалды бағдарламамда осы мәселелерге басымдық берілуінің басты себебі де осында. Жолдың сапасы, көшенің жарығы, таза ауыз су, тұрақты электр қуаты, қоғамдық көлік қатынасы, білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігі – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды қажеттіліктер. Сондықтан, аталған бағыттардағы жұмыстардың сапалы әрі жүйелі жүргізілуіне ықпал ету, тиісті мекемелердің жауапкершілігін арттыру және халықтың ұсыныс-пікірлерін құзырлы органдарға жеткізу – өзіме жүктегім келетін негізгі міндеттердің бірі.
Менің мақсатым – туған жерімнің дамуына өз білімім мен тәжірибем арқылы үлес қосу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамалардың жүзеге асуына ықпал ету. Бұл жолда ашықтықты, әділдікті, заңдылықты және халық алдындағы есептілікті басты ұстанымдарым ретінде қарастырамын.
Түркістанның әрбір жетістігі – ортақ қуанышымыз, әрбір өзекті мәселесі – ортақ жауапкершілігіміз. Қаламыздың жарқын келешегі бір адамның емес, бүкіл елдің ынтымағы мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде қалыптасады. Мен осы қасиетті мекеннің перзенті ретінде туған жер алдындағы азаматтық парызымды әрдайым биік қоямын. Ел игілігіне бағытталған әрбір бастаманың мәні оның халық өміріне тигізер нақты пайдасымен өлшенетініне сенемін.
