ҚР ҰҒА академигі, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Серік Жайлауұлы Пірәлиев төрт жыл бұрын бақиға озды. Қараша басында Түркістанда жыл сайын ұстазды ұлықтау шаралары ұйымдастырылады.
Биыл «Ұлттық тәрбие ұлықпаны» тақырыбымен өтетін дөңгелек үстелге арнайы дайындалған профессор Дінмұхамед Келесбаевтың шәкірттік лебіз, ғылыми тұжырымын оқырман назарына ұсынамыз.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан».
Абай
Бүгін біз көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің жарқын рухын еске алып, оның тағылымды ғұмыры мен ұлттық тәрбие жолындағы мұрасын зерделеу үшін бас қосып отырмыз. Бұл жиынның «Ұлттық тәрбие ұлықпаны» деп аталуының терең мәні бар. Өйткені Серік аға ұлттық тәрбиені тек ғылыми ұғым немесе оқу бағдарламасының бір бөлігі деп қараған жоқ. Ол ұлттық тәрбиені адамның мінезінен, басшының әділ шешімінен, ұстаздың шәкіртке деген сенімінен және университеттің күнделікті мәдениетінен көрді.
Мен бүгін Серік Жайлауұлы туралы сырттай зерттеуші ретінде ғана емес, оның қолында оқып, қамқорлығын көрген, қабылдаған шешімдерінен тағылым алған шәкірті ретінде сөз сөйлеп тұрмын. Сондықтан бұл баяндамада ғылыми талдау мен жүрек сөзі қатар өріледі. Менің негізгі ойым мынау: Серік Жайлауұлының көшбасшылығы лауазымдық билікке емес, адамға сенуге; нұсқау беруге емес, мүмкіндік ашуға; жеке беделге емес, ортақ құндылық пен ізбасар тәрбиелеуге негізделген еді. Қазіргі ғылым тілінде мұны құндылыққа негізделген, қызмет етуші, үлестірілген және трансформациялық көшбасшылықтың тұтас үлгісі деп сипаттауға болады.
Шәкіртке сенім артқан ұстаз
Менің жалындаған студенттік шағым киелі Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтті. Серік Жайлауұлы 2003 жылы университет басшылығына келгенде, біз екінші курс студенттері едік. Сол жылдары студент жастар университет өмірінің сырттай бақылаушысы емес, оның белсенді қатысушысы болуы керек деген жаңа көзқарас орныға бастады.
Серік ағаның студенттер үшін жасаған ең ірі жаңалықтарының бірі – 2005 жылы студенттік өзін-өзі басқару жүйесін құрып, Студенттік ректоратты қалыптастыруы еді. Студенттік ректор мен проректорлар жалпы сайлау арқылы, факультет жетекшілері өз ортасында ашық түрде сайланды. Мен де осы жүйеде алдымен студенттік декан, кейін студенттік директор болдым. Бұл біз үшін атақ немесе формалды рөл емес, жауапкершілік мектебі еді.
Ең маңыздысы – Серік аға жаңа құрылымға нақты өкілеттік берді. Жыл сайын бөлінетін 30 орындық түрік квотасын, 25 Президенттік және 6 атаулы стипендияны тағайындауға студенттердің өзін қатыстырды. Ал алғашқы квоталарды бөлу кезінде: «Сендерге үлкен сенім артып отырмыз, мейлінше әділ болыңдар! Бір студенттен бір шоколад алғандарыңды естімейтін болайын!» деп айтқан сөзі әлі күнге дейін жадымда тұр. Ол кездегі бұл сөзі бізге берілген нұсқау еді; уақыт өте келе өмірлік ұстанымымызға айналды. Осы келтірілген бір ғана эпизодта үлкен көшбасшылық мектебі жатыр. Біріншіден, көшбастаған жастарға сенді. Екіншіден, сол сенімді нақты өкілеттікпен бекітті. Үшіншіден, еркіндікпен бірге этикалық шекараны айқын белгіледі. Төртіншіден, шешімнің өлшемін жеке пайда емес, әділет деп көрсетті. Яғни бізге тек басқаруды емес, адал басқаруды үйретті.
Адамға қызмет ететін көшбасшылық
Көшбасшылық теориясында Роберт Гринлиф негіздеген қызмет етуші көшбасшылықтың басты сұрағы: «Басшының ықпалынан кейін адамдар өсіп, еркін әрі жауапты бола түсті ме?» деген өлшемге саяды. Серік ағаның болмысы осы қағиданы табиғи түрде танытатын. Ол студентті есептік көрсеткіш емес, тағдыры мен үміті бар адам ретінде қабылдады. Квота бөлу жиынында 30 орынның барлығы анықталғаннан кейін, өтініш беруге кешігіп қалған, әкесіз өскен бір студент өзінің жағдайын айтты. Серік аға баланы да, студенттік ректорат мүшелерін де асықпай тыңдай отырып, «Сендер де куә болып, ұсынып отырсыңдар, сондықтан тағы бір қосымша орын берейік» деді. Сөйтіп, 30 орын 31 орынға айналды. Бұл ережені елемеу емес еді; ереженің түпкі мақсаты адамға мүмкіндік беру екенін терең түсіну болатын.
Оның студенттерге қамқорлығы бір реттік шешімдермен шектелмеді. Грант иегерлерінің жатақханада тегін тұруы, оқу корпустары арасында тегін автобус қатынасының ұйымдастырылуы, ораза ұстаған және спортта жетістікке жеткен жастарды тамақтандыру, театр билеттерін алып, студенттердің мәдени ортаға қатысуына жағдай жасау – бұлардың бәрі университеттің білім беріп қана қоймай, тұлға қалыптастыруы керек деген тұтас көзқарастан туындады. Бүгінгі жоғары білім беруде студентке бағдарлану туралы көп айтылады. Ал Серік аға оны ұранға айналдырмай-ақ, нақты жүйеге енгізді. Ол студенттің даусын естіді, әлеуметтік кедергілерді азайтты, мәдени және азаматтық дамуына жағдай жасады. Бұл – қызмет етуші көшбасшылықтың шынайы көрінісі.
Өкілеттікті бөліскен көреген басшы
Жоғары білім беру ұйымдары күрделі академиялық қауымдастық болғандықтан, оларды тек жоғарыдан төмен қарай берілетін бұйрықтармен дамыту мүмкін емес. Үлестірілген және ортақ көшбасшылық тұжырымдары көшбасшылықты бір адамның қасиеті емес, адамдардың өзара әрекеті мен ортақ жауапкершілік үдерісі ретінде түсіндіреді. Ұлыбританияның он екі университетін зерттеген Ричард Болден, Грегори Петров және Джонатан Гослинг жоғары білімде алқалылық пен академиялық еркіндікті елемейтін таза әкімшілік тәсілдің шектеулі екенін көрсетеді (Bolden, Petrov, & Gosling, 2009). Кейінгі зерттеулер де университеттерде формалды лауазым иелерімен қатар, бастамашыл қауымдастықтар мен көлденең байланыстардың шешуші рөл атқаратынын атап өтеді.
Серік Жайлауұлының студенттік ректорат құруы осы теориялық қағидалардың Қазақстандағы тәжірибелік әрі озық көрінісі болды. Ол өкілеттікті жай ғана төменге тапсырған жоқ; студенттерге шешім қабылдау тәжірибесін, қоғам алдындағы жауапкершілікті және әділет өлшемін қатар берді. Студенттік ректор, проректорлар және факультет көшбасшылары – болашақ мамандар ғана емес, болашақ қоғам көшбасшылары ретінде тәрбиеленді. Осы тұрғыдан алғанда, Серік ағаның басшылық мектебі «мен шешемін» деген модельден «біз бірге жауап береміз» деген мәдениетке көшудің үлгісі еді. Оның жанында жүрген адам өзін орындаушы ретінде ғана емес, ортақ іске үлес қосатын тұлға ретінде сезінетін. Бұл – ұжымдық сенім қалыптастыратын көшбасшылық.
Өзгеріс жасаған реформатор ректор
Джеймс Макгрегор Бернс пен Бернард Басс дамытқан трансформациялық көшбасшылық түсінігі бойынша нағыз көшбасшы ұйымды тек әкімшілік жолмен ұстап тұрмайды; ол адамдардың мақсаттарын биіктетіп, ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді және болашаққа бағытталған өзгеріс жасайды. Серік Жайлауұлының университет басқарған кезеңі осы сипатқа толық сәйкес келеді.
2003-2007 жылдары оның жетекшілігімен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуы бірнеше бағытта қатар жүрді. Университеттің жаңа бас ғимаратын салуға Қазақстан бюджетінен қаржы бөлінуіне жол ашылды. Түркі дүниесінің 29 мемлекетінен жастар білім алып, студенттер саны 28 мыңға жеткен кезеңде Түркістандағы орталықпен бірге Кентау, Шымкент, Тараз және Алматы құрылымдары қызмет етті. Жас мамандар Түркияға магистратура, докторантура, медицина саласы бойынша біліктілік арттыру және тағылымдамаларға жіберілді.
Білім беру жүйесінде кредиттік оқыту технологиясы енгізіліп, қашықтан оқыту тетіктері ҚазТЕП және ТүрТЕП бағдарламалары арқылы дамыды. 2006 жылы университетте сапа менеджменті жүйесі енгізіліп, ISO 9000 сериялы сертификат алынды. Педагогика, экономика, филология және медицина бағыттарында диссертациялық кеңестер ашылды. Шымкенттегі университет клиникасының жұмысы жанданып, Түркістандағы клиника-диагностикалық орталықтың құрылысы аяқталып, жабдықталды. Бұл бастамалар бір-бірінен бөлек жобалар емес, білім, ғылым, халықаралық ықпалдастық, әлеуметтік жауапкершілік және өңір дамуын біріктірген стратегиялық көзқарастың бөліктері болатын. Университет аумағын көгалдандыру, «Жасыл ел» жасақтарын қолдау және Ботаникалық бақты дамыту да осы көзқарастың жалғасы еді. Бүгінде университет ауласында жайқалып тұрған шыршалар – жай ғана ағаш емес, алысты ойлаған басшылықтың тірі белгісі. Көшбасшының кейбір шешімі бірден нәтиже береді, ал кейбірі жылдар өте тамыр жайып, кейінгі ұрпаққа сая болады.
Адам капиталын таныған өмірлік ұстаз
Серік ағаның өз басыма жасаған жақсылығы менің бүкіл ғылыми жолыма әсер етті. 2006 жылы университетті үздік бітіріп, Астанаға жұмысқа жолдама алған едім. Бірақ әкем: «Балам, сен оқышы. Ғылым докторы, профессор болшы», – деп өтінішін айтты. Әке арманын орындау үшін Түркістанға қайта келіп, магистратураға түсуге талпындым. Алайда бір ай бойы түрлі жасанды кедергілерден өте алмай, 3 қазан күні достарым Мырзахан және Алпамыспен бірге Серік ағаның алдына бардым.
Серік аға бізді көрген бетте: «Оу, арыстандар! Қайдан жүрсіңдер? Келіңдер», – деп жылы қабылдады. Жағдайды асықпай тыңдаған соң, магистратура бөлімінің басшысына телефон шалып: «Экономика мамандығына Келесбаев Дінмұхаммед Нұрмаханбетұлы түсетін болсын!» деді де, маған: «Ал, балам, құтты болсын!» деп қолымды қысты. Сол қысқа ғана шешім менің кейінгі өміріме ұзақ жол ашты. Бұл оқиғаға бүгін ғылыми тұрғыдан қарасам, Серік аға бір талапкердің мәселесін ғана шешкен жоқ. Ол адамның әлеуетін танып, білімге бастар жолын ашты, яғни адам капиталына инвестиция жасады. Ең бастысы – шәкіртке өзіне деген сенімді қайтарды. Трансформациялық көшбасшылықта мұны жеке тұлғаға көңіл бөлу және оның мүмкіндігін дамыту деп атайды. Ал мен үшін бұл – теориядан әлдеқайда терең, өмірлік ұстаздың қолдауы. Сондықтан, Серік Жайлауұлы менің білім берген ұстазым ғана емес, өмірлік ұстазым болды. Өмірлік ұстаз әр қадамыңа нұсқау бермейді; ол бір шешімімен сенің ішкі бағытыңды түзеп, бүкіл ғұмырыңа жететін өлшем қалдырады. Серік ағаның «әділ болыңдар» деген аманаты мен «құтты болсын» деген батасы менің ұстаздық және ғылыми қызметімде әлі де бірге келеді.
Серік Жайлауұлының көшбасшылық формуласы
Серік Жайлауұлының ғибратты жолын қазіргі жоғары білім беру көшбасшылығы тұрғысынан жинақтасақ, бес негізгі қағида айқын көрінеді:
Бірінші – құндылықтың лауазымнан биік тұруы.
Оның шешімдерінің өзегінде әділдік, адалдық, мейірім және
жауапкершілік болды. Басшылық беделді қызметтен емес, моральдық сенімнен басталады.
Екінші – сенімнің нақты өкілеттікпен бекітілуі.
Ол жастарға сенетінін сөзбен ғана білдірмей, стипендия мен квота бөлу секілді маңызды шешімдерге қатыстырды. Сенім жауапкершілікпен ұштасқанда ғана көшбасшылық қабілет қалыптасады.
Үшінші – адамды жүйенің құралы емес, жүйенің мақсаты деп тану.
Студенттің әлеуметтік жағдайы, білімге қолжетімділігі, мәдени дамуы мен болашақ мүмкіндігі оның басқару шешімдерінің басты өлшемі болды.
Төртінші – өзгерісті жеке жобалар емес, тұтас экожүйе ретінде жүргізу.
Білім, ғылым, сапа, цифрлық оқыту, медицина, халықаралық байланыс,
инфрақұрылым және тәрбие бір стратегиялық бағытқа біріктірілді.
Бесінші – өзінің ізбасарларын қалыптастыру.
Ұстаздың ең үлкен нәтижесі – өзі кеткеннен кейін де оның құндылықтарын
жалғастыратын шәкірттері бар. Серік ағаның көптеген шәкірттері елімізде және шетелде білім, ғылым және мемлекеттік басқару салаларында қызмет етіп жүр.
Ұлттық тәрбиенің тірі мектебі
ЮНЕСКО-ның білім берудегі көшбасшылық жөніндегі қазіргі тұжырымдары тиімді басшылықтың төрт міндетін алға тартады: ортақ мақсат пен күтілетін нәтижені айқындау, оқуға назар аудару, ынтымақтастықты күшейту және адамдарды дамыту. Серік Жайлауұлының қызметінен осы төрт өлшемнің де тұтас көрінісін көреміз. Бірақ оның тәжірибесі бұл өлшемдерді ұлттық рухпен толықтырды: үлкенге құрмет, кішіге ізет, аманатқа адалдық, әділдік, жомарттық және елге қызмет.
Ұлттық тәрбие – өткенді дәріптеумен ғана шектелмейді. Ол қазіргі мекемеде әділ шешім қабылдаудан, жастарға сенуден, білімге жол ашудан және қоғамға пайдалы азамат қалыптастырудан көрінеді. Осы мағынада Серік аға ұлттық тәрбиені теориядан тәжірибеге, сөзден іске айналдырған тұлға болды. Оның университеті диплом беретін мекеме ғана емес, азаматтық мінез бен көшбасшылық жауапкершілік қалыптасатын орта болуға тиіс еді.
Қазіргі университет басшылары үшін осы мұраның маңызы ерекше. Цифрландыру, халықаралық бәсеке, қаржылық қысым және жасанды интеллект дәуірінде басқару құралдары өзгереді. Бірақ адамға құрмет, әділет, сенім және ұстаздық жауапкершілік ескірмейді. Керісінше, технология көбейген сайын көшбасшылықтың адамгершілік өзегі бұрынғыдан да маңызды бола түседі.
Қорыта айтқанда, Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің өмірі бізге бір ақиқатты көрсетеді: нағыз көшбасшының ұлылығы қанша жыл қызмет атқарғанымен немесе қанша бұйрық шығарғанымен өлшенбейді. Ол адамдардың өмірінде ашқан жолымен, қалыптастырған құндылығымен және тәрбиелеген шәкірттерімен өлшенеді. Серік аға басқарған университеттер жаңарды, ғылым мен білімнің заманауи жаңа бағыттары ашылды, инфрақұрылым салынды, халықаралық байланыстар нығайды. Алайда оның ең үлкен ескерткіші – ғимараттар ғана емес. Оның ең үлкен мұрасы – сенім артылған жастар, қанаттанған шәкірттер, әділеттілікке баулынған буын және жақсылықты жалғастырып жүрген ізгі адамдар. Мен – сол шәкірттердің бірімін. Ұстазымның бір ауыз сөзі мен бір шешімі менің тағдырыма жол ашты. Сондықтан бүгінгі мінберде тұрып, Серік ағаның аманатына адал болудың ең дұрыс жолы – ол кісіні тек еске алу емес, оның адамға сену, әділ болу, білімге жол ашу және шәкірт тәрбиелеу қағидаларын өз ісімізде жалғастыру деп білемін.
Жүсіп Баласағұн: «Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік», – деген болатын. Серік Жайлауұлының аты оның халқына сіңірген еңбегімен, ғылым мен білімге қосқан үлесімен және шәкірттерінің жүрегінде сақталған шапағатымен мәңгі жасай береді.Ардақты ұстазымыздың жарқын бейнесі – жадымызда, ғибраты –ғұмырымызда, аманаты – ісімізде жалғасатын болады!
Дінмұхамед КЕЛЕСБАЕВ,
С.Ж.Пірәлиевтің шәкірті,
профессор, PhD доктор
