САУРАН: ҚОҒАМДЫҚ АХУАЛ – ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ

138 көрілім

Қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында Түркістан облысында құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) пен өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бағытында кешенді түсіндіру жұмыстары қолға алынуда.

Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі Сауран ауданындағы «Отбасын қолдау орталығы» мамандары мен Мансап орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілді. Кездесу – азаматтардың психологиялық саулығын сақтау, қауіпті тәуелділік пен дағдарыс жағдайларын ерте анықтап, алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында мамандар құмар ойындарға тәуелділіктің (лудомания) негізгі себептері мен оның адам психикасы мен әлеуметтік жағдайына тигізетін зиянды салдарын кеңінен түсіндірді. Тәуелділіктің алғашқы белгілерін елемеу – отбасыдағы жанжал, қаржылық қиындықтар мен эмоционалды күйзелістің артуына алып келетіні айтылды.

Лудомания – тек ойын емес, бұл – медициналық әрі әлеуметтік проблема. Сондықтан оны ерте анықтап, кәсіби көмек алу – мәселені ушықтырмаудың негізгі жолы ретінде қарастырылды. Кездесуде өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің ескерту белгілері, адамның мінез-құлқындағы өзгерістер, жалғыздық пен үмітсіздікке бейімділік, эмоционалды тұйықталу сияқты көріністер туралы кеңінен ақпарат берілді.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарға маманнан нақты әрі сенімді жауаптар алып, психологиялық қолдау алу жолдары туралы мағлұматпен танысты. Қиын жағдайға тап болған адамдар үшін жүгінуге болатын мекемелер мен сенім желілері туралы ақпарат беріліп, дағдарыс орталықтарының байланыс арналары түсіндірілді. Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары азаматтардың рухани саулығын сақтауға, отбасылардағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, психологиялық қауіпсіз орта құру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін еске салады.

Түркістан облысының барлық аймақтарындағы «Отбасын қолдау орталықтарында» мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шараларына қолжетімділікті арттыру мақсатында жүйелі жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған мәселе 2026 жылдан өз қарқынын жоғалтқан жоқ десек болады. Солардың бірі Сауран ауданындағы «Отбасын қолдау орталығы» базасында азаматтарға мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді кеңінен түсіндіру мақсатында «Ашық есік күні» аясында ақпараттық-кеңестік іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл бастаманың басты мақсаты – әлеуметтік әл-ауқатты арттыру, қызмет алушылардың құқықтық сауатын көтеру және мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Іс-шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, жұмыспен қамту, әлеуметтік жәрдемақылар, тұрғын үй бағдарламалары, ипотекалық өнімдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік қолдау туралы жан-жақты мағлұмат алды.

Сондай-ақ еңбекке орналастыру, қайта даярлау курстары мен кәсіпкерлікке бейімдеу мәселелері бойынша да кеңес берілді. Тұрғындар жеке сұрақтарын мамандарға тікелей қойып, нақты әрі толыққанды жауап алды. Бұл – қызмет алушылар мен жауапты органдар арасында кері байланысты орнатудың тиімді құралы болды.

Әлеуметтік осал топтармен жеке жұмыс жүргізілді

Іс-шараға пробация есебінде тұрған азаматтар да арнайы шақырылып, олардың әлеуметтік оңалуына бағытталған кешенді кеңестер берілді. Мамандар бұл азаматтарға:

-Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу,

-Психологиялық қолдау көрсету,

-Қоғамға бейімделу бойынша бағыт-бағдар ұсыну сынды маңызды қызметтерді таныстырды.

Бұл – қайта әлеуметтендіру мен қоғамға қайта бейімдеу саясатының нақты көрінісі.

Шараға жергілікті атқарушы органдар, медициналық мекемелер, Жұмыспен қамту орталығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жастар ресурстық орталығы, полиция қызметкерлері, әлеуметтік бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысып, өз салалары бойынша ақпарат ұсынды.

Осы арқылы бір алаңда бірнеше сала бойынша кеңес алу мүмкіндігі туып, тұрғындар үшін «бір терезе» қағидаты іс жүзінде жүзеге асты.

«Ашық есік күні» – халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға, әлеуметтік саясатты тиімді іске асыруға бағытталған маңызды алаң. Сауран ауданындағы бұл бастама тұрғындардың құқықтық және әлеуметтік сауатын арттырып қана қоймай, мемлекеттік қолдауға деген сенімді күшейтеді. Мұндай іс-шаралар әлеуметтік осал топтарды қолдаудағы нақты қадам, ал отбасы институтын бекемдеудегі бірден-бір маңызды құрал болып табылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы