Өңірдегі ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың тұрақты табыс табуына бағытталған тың бастама қолға алынды. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен еліміздің бірнеше өңірінен келген делегация Сауран ауданында пилоттық негізде жүзеге асырылып жатқан «Ауылды дамыту командасы» жобасының жұмысымен танысты.
Арнайы келген делегация құрамында облыс әкімдерінің кәсіпкерлік саласына жауапты орынбасарлары, басқарма басшылары мен тиісті мекемелердің өкілдері болды. Сапардың басты мақсаты – Түркістан өңірінде ауыл экономикасын өркендету, тұрғындарды жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру бағытында қолға алынған тәжірибені зерделеу. Кездесу барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның жүзеге асырылу барысын таныстырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ, делегация мүшелерінің сауалдарына жауап беріп, бастаманың негізгі бағыттары мен алдағы міндеттерін түсіндірді.

Аталған жоба Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Округ құрамына Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Құмайлықас елді мекендері кіреді. Бүгінде мұнда 6 920 тұрғын, 960 жеке қосалқы шаруашылық бар. Бұл – ауыл шаруашылығын дамытуға, жергілікті өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін әлеует. Айта кетейік, «Ауылды дамыту командасы» жобасының басты ерекшелігі – әр отбасының әлеуметтік жағдайын жеке зерделеп, қажеттілігіне қарай нақты қолдау көрсету. Осы мақсатта жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс салаларының мамандарынан арнайы команда жасақталады. Олар тұрғындарға қажетті құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар әзірлеу, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру секілді мәселелер бойынша жан-жақты сүйемелдеу көрсетеді. Пилоттық жобаның басым бағыттарының бірі – ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» бағдарламасына кеңінен тарту.
Сапар барысында делегация мүшелері ауыл тұрғындарымен жұмысты ұйымдастыру тәсілдері, отбасылардың табысын көбейту тетіктері және жергілікті шаруашылықтардың әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы жоспарлармен танысты. Сауран ауданында бастау алған пилоттық жобаның нәтижесі алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де ауылдарды дамытудың тиімді тәжірибесін қалыптастыруға негіз болмақ.
«Түркістан-ақпарат»
