ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ – ҚАРИЯҒА ҚҰРМЕТТЕН, ЖАСҚА СЕНІМНЕН БАСТАЛАДЫ

172 көрілім

Аға буынға құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау және алдыңғы толқынның өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу – «Әділет» партиясының әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі. Партияның сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік қолдау адамның қадір-қасиетін сақтауға, лайықты өмір сүруіне және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау міндетімен сабақтас қарастырылған. Осы бағытта аға буынның әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, лайықты зейнетақымен қамтуға, қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге, цифрлық сауаттылығын арттыруға, белсенді өмір салтын қолдауға және олардың қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасауға ерекше мән берілген.

Осы құндылықтарды кеңінен насихаттауда «Әділет» партиясы 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалін жариялады. Ұрпақтар арасындағы тәрбие мен тағылымды сабақтастырған бастама Түркістан қаласында жалғасын тауып, қалалық «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесіне қарасты №1 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығындағы қызмет алушылармен мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, жас белсенділер қатысып, аға буынның өнегесі мен жастардың ізденісі бір алаңға тоғысты. Бұл ретте фестиваль әр буынның қызығушылығы мен қабілетін танытатын түрлі қызықты іс-шараларға ұласты.

Кездесу барысында қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, көпшілікке ұлттық қолөнердің озық үлгілері таныстырылды. Тоқыма бұйымдарын жасау шеберлігі де назардан тыс қалмай, қолынан іс келетін аға буын өкілдері өз тәжірибесімен бөлісті. Ал шахмат алаңында үлкендер мен жастардың ойыны жарасып, спорттық сайыс өз алдына бір жарасымды көрініске айналды. Фитнес жаттығулары арқылы аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтына бейімділігі де көрінді. Фестиваль барысында әжелер бауырсақ пісіріп, мерекеге қатысушыларға қымыз бен қымыран ұсынып, қазақы қонақжайлықтың қадірін көрсетті. Осылайша, фестивальде аға буынды құрметтеумен қатар, олардың жинаған тәжірибесін кейінгі ұрпақпен бөлісуге мүмкіндік жасалды.

Басқосуда аға ұрпақтың өмірлік тәжірибесі, орта буынның жауапкершілігі және жастардың жігері бір арнаға тоғысып отырғанын «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева айтып өтті.

«- Біз үшін аға буын – ел тарихының куәгері ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың сақтаушысы, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани тірек. Түркістан облысында бүгінде 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 145 тыл еңбеккері, ғасырлық белестен асқан 39 қариямыз бар. Сонымен қатар өңірімізде 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азаматтар өмір сүруде. «Әділет» партиясы үшін қоғамдағы тұрақтылық, отбасы құндылықтарын сақтау, азаматтардың белсенділігін арттыру және ұрпақтар сабақтастығын нығайту – маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе, Әйелдер қанатының жұмысы аясында отбасы институтын нығайту, ана мен балаға қолдау көрсету, әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау және жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мәселелеріне ерекше мән берілген», – деді Қалыйма Жантөреқызы.

Іс-шара барысында аға буын өкілдері үшін бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі – цифрлық сауаттылық пен интернет қауіпсіздігіне арналған арнайы тренинг ұйымдастырылды. Бұл бастама «Әділет» партиясының Әйелдер қанатымен қолға алынып, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының «Күміс лига клубтарын» қамтып отыр. Кездесуде қарияларға смартфон мен цифрлық сервистерді күнделікті өмірде тиімді пайдалану жолдары түсіндіріліп, электронды қызметтерді қолдану бойынша пайдалы кеңестер берілді.

Сонымен қатар, соңғы уақытта жиілеп отырған интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақтану мәселесіне ерекше назар аударылды. Бейтаныс қоңыраулар мен күмәнді хабарламаларға жауап бермеу, банк картасы мен жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу және күмәнді операциялар кезінде қайда жүгіну керектігі жөнінде нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы бағыттар шеңберінде дропперлік және интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша тренер, облыстық партия филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының консультанты Мырзабай Ермахан интернет алаяқтығының негізгі белгілеріне тоқталып, алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

Кездесу барысында ақжаулықта аналар осы іс-шараның өтуін үйлестірген партия мүшелеріне ризашылықтарын білдірді. « – Бүгін бізді арнайы құттықтап, көңіл бөліп келгендеріңізге рақмет. Жастардың бізбен бірге уақыт өткізіп, пікірімізді тыңдағаны қуантады. Әсіресе интернет алаяқтарынан қалай сақтану керектігі туралы айтылған кеңестер біз үшін өте пайдалы болды. Қазір заман өзгерді, технология дамыды. Сондықтан жасы үлкен адамдарға осындай дүниелерді түсіндіріп, үйретіп отырған дұрыс. Біз де жаңалықтан қалмай, заманмен бірге жүрсек дейміз», – деді түркістандық ана Базаркүл Тәтібай.

Қарт адамға құрмет көрсету – оның өткен еңбегін бағалаумен ғана шектелмейді. Бүгінгі өмірге араласуына, өзін қажет әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау да осы құрметтің бір көрінісі. «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі аясындағы Түркістандағы кездесу осыны көрсетті. «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалы үшін мұндай жұмыс аталуы күндермен ғана шектелмейді. Сайлауалды бағдарламамызда белгіленген аға буынды қолдау, белсенді ұзақ өмір сүруге жағдай жасау, олардың тәжірибесін қоғамдық өмірге тарту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағыттары нақты қоғамдық бастамалар арқылы жалғасын таба беретін болады.

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы