Жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн – біз үшін тек күнтізбедегі маңызды күн ғана емес, ата-әжелерімізге деген шексіз құрметтің белгісі. Қария – көпті көрген, көп білетін, өткен мен бүгінді байланыстырып тұрған өшпес мұра, таусылмайтын шежіре. Қай кезеңде де халық қарттарын төрге отырғызып, ақылына жүгінген. Ел ішіндегі шешілмеген дау-дамай, күрделі мәселелер, тіпті болашақ бағыт-бағдар да елдің ақсақалдармен кеңесе отырып шешілген.
Қазақта би, шешен, жырау сынды дана тұлғалардың көбі өмірінің соңғы кезеңіне дейін елге жөн айтып, ұрпаққа ақыл-өсиет қалдырып отырған. Олар елдің, жердің, болашақтың қамын жеген. Бұл дәстүр біздің ата-бабамыздың қарияға деген құрметінің айғағы деуге болады. Яғни, қарттар – қоғамның алтын діңгегі, ұрпаққа өнеге, ел тарихының мақтаныштары. Осындай айтулы күні, барлық үлкен-кішінің елімізде өмірінің үлкен бөлігін ұрпағы үшін арнаған жандарға деген құрмет пен алғыс білдіретін ерекше мейрамы. Мен осы мақаламда қарттардың қоғамдағы орны мен рухани құндылығын жан-жақты ашуға тырысамын.
Халқымызда «Қарттар – өмірдің шежіресі», «Қарты бар үй – қазыналы» деген ұлағатты сөздері бар. Бұл – тек жай ғана мақал емес, терең мағынасы бар халық даналығы. Қария – тіршіліктің темірқазығы. Олар өмірдің ащы-тұщысын татып, сан қиындықты еңсерген, өмірден мол тәжірибе алған жандар. Қарттар – тек отбасының емес, бүкіл елдің ақылшысы, тәрбиенің темірқазығы, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраның сақтаушысы. Бүгінгі ұрпақ үшін басты міндет – қарттарды ұмыт қалдырмау, оларға рухани қолдау көрсету, көздеріне жас, көңілдеріне мұң түсірмеу. Қоғам тарапынан жасалып жатқан түрлі жеңілдіктер мен әлеуметтік көмектер – бұл міндеттің бір бөлігі ғана. Ең бастысы – адамдық қатынас, жан жылуы. Бүгін қарттарға көрсетілген қамқорлық – ертеңгі өз болашағымыздың айнасы. Ұл-қызының мейіріміне бөленіп, немере-шөбересінің шаттығын көріп отырған қария – бақытты қария.
Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, қарияны қазынаға балаған дана халық. Әрбір адамның, әрбір ұрпақтың алдында қарияларға құрмет көрсету – борыш болып саналады және ұрпақтан ұрпаққа берілген аманат.
Бүгінгі бейбіт өмір, дамыған ел – сол кісілердің қажырлы еңбегінің, маңдай терінің нәтижесі. Қиын-қыстау заманда ел қорғаған, тасжол төсеген, мектеп салған, болашақ үшін еңбек еткен де сол жандардың қажырлы еңбегі. Қарт адам – тек кәрілік жүгін арқалаған жан емес. Қарияларымыз – келешек ұрпағымыздың бағыт-бағдары, ұлттық рухтың сақтаушысы. Яғни:
- Ел мен жер тарихын ұрпағына үйретуші;
- Тәрбиенің бастауы;
- Қарапайымдылық пен сабырдың үлгісі;
- Кешірімділік пен парасаттылықтың иесі болуы керек.
Бүгінгі жастар – кешегі қариялардың арманымен өсіп, солардың батасын алып, ел ертеңін жалғауда. Қарттың берген бір ақылы мен батасы – өмірлік бағыт, рухани азық болары анық. Жастардың бойына салт-дәстүрді сіңіру, ана тілін қадірлеу, ұлттық болмысты сақтау – осының барлығы алдымыздағы аға буын мен қариялардың тәлімі арқылы жүзеге асады. Қазақ отбасында үш буын өкілі – ата-әже, әке-шеше және бала бірге өмір сүрген. Бұл – ұрпақ сабақтастығының ең үздік моделі. Ата-әже – ұрпаққа ертегі айтатын, батасын беретін, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты үйрететін тәрбиеші болған. Сондай-ақ, ата-әженің тәрбиесін көрген бала — еліне, жеріне, тіліне құрметпен қарайды. Ол үлкеннің алдын кесіп өтпейді, жасы үлкеннің айтқанын тыңдайды, дастархан басында қарияға сөз береді. Бұл – ұлттық тәрбиенің өзегі. Сонымен қатар қарттарға құрмет көрсету әрбір адамның парызы. Бұл тек сыйлық пен гүл беру ғана емес, жасы келген үлкен қарияларымызға ең маңыздысы – жылы сөз, жанашыр көңіл, үнемі халін сұрап тұру маңызды рөл атқарады. Ата-әженің жанында отырып, әңгімесін тыңдау, қол ұшын созу – бұл да үлкен тәрбиенің бастауы. Яғни, қоғамның дамуы мен рухани байлығын өлшейтін бір өлшем – біздің қарияларға деген көзқарасымыз. Қартына құрмет көрсеткен ел – ешқашан азып-тозбайды, тамыры тереңге жайылады.
Қазіргі қоғамда қарттарға қатысты көзқарас екі түрлі сипатта көрініс тауып отыр. Бірі – оларды қадірлеп, сыйлап, ізет көрсетсе, екіншісі – оларды қоғамнан алыстатып, ұмыт қалдыру. Шындығына келгенде қарттар – материалдық көмекке ғана емес, жылулық пен жанашырлыққа зәру. Қарияға күнделікті жылы сөз айту, халін сұрау, бірге отырып әңгімелесу – қарапайым ғана, бірақ өте маңызды әрекет. Бұл олардың өмірге деген қызығушылығын сақтайды, өзін қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуге көмектеседі.
Қария – батагөй. Қазақ халқы кез келген игі істі ақсақалдың батасымен бастаған. Той-томалақ, көшіп-қону, тіпті атқа міну де қарттың батасын алумен байланысты болған. Қазақта: «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», – деген сөз бар. Қарт адамның риясыз көңілмен берген батасы – рухани қорған, тілек пен дұғаның киесі. Ол ұрпақтың жолын ашып, елдің бірлігі мен берекесін бекемдейді. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев шығармаларында қарттарды ерекше бір нәзіктікпен, тереңдікпен сипаттайды. Ақынның өлеңдерінде қарттық – қайғы емес, өмір мектебінің шыңы ретінде бейнеленеді. Мысалы: «Дейтін еді қарт ақын…» өлеңінде Мұқағали өмірдің түрлі сынағынан өткен қарияның даналығын өлең жолдарымен келешек ұрпаққа былай жеткізеді:
Қырғи жолдас бола алмайды кептермен,
Себебі ол кептер етін жеп көрген.
Қой қоралас бола алмайды қасқырмен,
Қасқырдан ол көресіні көп көрген…
Бұл шумақтар қарт адамның өмірлік тәжірибесі арқылы, дұрыс шешім қабылдай алатынын көрсетеді. Мұқағали қартты – жүрегі мейірімге, көңілі парасатқа толы адам ретінде бейнелейді.
Тағы бір өлеңінде: «Қарттарым – асыл қазынам, Көзімнің қарашығындай…» деп, олардың әрбірінің орны ерекше екенін жеткізеді. Ақын қарияны қадірлемеу – адамзаттық құндылықтарды жоғалту дегенді меңзейді. Қарттарға құрмет көрсету – ұлттың ұлы қасиеті. Оларды қадірлеу – тек парыз емес, бұл – тәрбие, бұл – ізгілік, бұл – адамшылықтың биік көрінісі. Халықтың рухани байлығы мен болашағы да сол қарттарды қалай сыйлайтынына байланысты. Осы жерде, Мұқағали атамыз жырлағандай:
Қарттарым, аман-сау жүрші мәңгі,
Тұтқасысың тіршіліктің шын мәнді.
Сендер барда береке бар өмірде,
Бейбіт күнге нұр шашасың әр күнде!
Олай болса, қарттарымызды ардақтайық, олардың тағылымды өмірінен үлгі алайық, ұрпағымызға адамгершілік пен мейірімділіктің дәнін егіп кетейік.
Таженова Дана Қыдырбекқызы,
Фараб әмбебап ғылыми кітапханасы.