Бүгін Түркістан қаласының Мәдениет үйінде «Бабалар рухы үн қатты» тақырыбында Түркістан облысының термешілері арасында дәстүрлі өнер сайысы өтті.
Ұлттық өнерді ұлықтаған айтулы додаға облыстың түкпір-түкпірінен іріктелген 13 термеші қатысып, өзара бақ сынады.
Шараның ашылуында Түркістан қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Бекарыс Ақсақалұлы сөз сөйлеп, ұлттық өнердің маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде өнерпаздар Оңтүстік өңірінің дәстүрлі терме мектебін насихаттайтын шығармаларды орындады. Атап айтқанда, «Оңтүстіктің 100 термесі» және Түркістан мақамдары аясында жарық көрген «Текті сөздің төресі- терме» кітабына енген туындыларды көпшілік назарына ұсынды.

Ал екінші кезеңде термешілер еркін тақырыптағы шығармаларды орындап, өздерінің орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетін көрсетті.

Дәстүрлі өнер додасының қорытындысы бойынша 13 термешінің арасынан оза шапқан Түркістан қаласының өкілі Тұрғанбек Абзал Алиакбарұлы Бас жүлдені иеленді.
Жүлделі орындар мен арнайы номинациялар:
Бас жүлде-Тұрғанбек Абзал Алиакбарұлы (Түркістан қаласы)
I орын-Келдебек Ердәулет Үсенұлы (Арыс қаласы)
II орын:
Өтебай Ардақбек Еркінұлы (Отырар ауданы)
Төлеген Ернар Кенжекұлы (Шардара ауданы)
Ақсана Рахымжанқызы (Түркістан қаласы)
III орын:
Момиш Назерке Талғатқызы (Қазығұрт ауданы)
Мұрат Нұрғиса Ерланұлы (Төлеби ауданы)
Бектемирова Юлдуз Муратқызы (Созақ ауданы)
Арнайы номинациялар:
«Нұртуған жырау» – Кеңес Азамат Серікұлы (Сайрам ауданы)
«Майлықожа жырау» – Құрбанбек Ақтөре Бахытжанұлы (Сарыағаш ауданы)
«Қайыпназар Әйтпенов» – Қалман Нұрлыбек Алтынбекұлы (Ордабасы ауданы)
«Үздік термеші» – Бирлес Нұрдаулет Нурманұлы (Түлкібас ауданы)
«Көрермен көзайымы» – Курушбек Балнұр Қайратқызы (Жетісай ауданы)
«Бабалар рухы үн қатты» сайысы – ұлттық өнердің алтын арқауы саналатын терме дәстүрін дәріптеп, жас орындаушылардың шеберлігін шыңдауға және төл мұрамызды кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған тағылымды шара болды.
Ердәулет САҒЫНДЫҚ