ТАЙҚАЗАННЫҢ КӨШІРМЕСІ БАЯНАУЫЛДА

482 көрілім


Осы көктемде Павлодар облысының Баянауыл ауданынан бір топ зиялы қауым Түркістанға сапарлап, құр қол келмей, қылқан жапырақты ағаш көшеттерін әкеліп отырғызды. Бұл – киелі Түркістанға деген сый-құрметтің белгісі еді. Игі істің бастамашысы – баянауылдық кәсіпкер Марат Ізбастин екенін айта кеткеніміз жөн.

Бұл қадамға ризашылық білдірген Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қонақтарға арнайы құрмет көрсетіп, қонақ кәде ретінде Тайқазанның көшірмесін сыйға тартты. Баянауыл сапарының мәнісі де осыдан басталған еді.

Қазір Түркістаннан жеткізілген Тайқазан Баянауыл ауданының орталығында құтты орнына қонды. Осы жәдігердің ашылу салтанатына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов бастаған руханият жанашырлары барып қатысты.

Баянауыл ауданының орталығындағы Мәдениет үйінің қарсы алдына орналасқан Тайқазан ескерткішінің ресми ашылу салтанаты өтті.


Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов Сарыарқа жұртының ыстық ықыласын жеткізсе, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов киелі мекеннің теберік сәлемін жолдады.


Билік өкілдерінен соң белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков арнауымен жырдан шашу шашты. Осылайша ел ағалары тұғырына қонған Тайқазанның бетін бүркеп тұрған жібек матаны түріп, қос өңірдің арасын жалғаған жәдігер-ескерткіштің бейнесін ашты.


Ақпаратты толығырақ газетіміздің алдағы санында жариялайтын боламыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы