Егер маған табиғи болмысы таза, жан дүниесі кіршіксіз бір адамның есімін аташы десе, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен журналистикаға арнаған адал жан – Несіпкүл Мейманханқызы Өтебаева дер едім.
Жақсы дүние тек жан дүниесі мөлдір бұлақтай таза жандардан ғана шығатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері, қырық жылдан астам ұрпақ тәрбиесімен айналысып, жүздеген шәкіртті ұядан баптап ұшырған ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, мақалалары мен өлеңдері, репортаж-очерктері ұзақ жылдардан бері республика, облыс, қала көлеміндегі мерзімдік басылымдар мен журналдарда үздіксіз жарық көріп келе жатқан, қасиетті қаламды бала күнінен өзіне серік еткен Несіпкүл Мейманханқызының қаламгерлігі тікелей мамандығы – ұстаздықтан артық болмаса, кем емес.
Өзіне тән стилі, ой тереңдігі, қай тақырыпты болсын жан-жақты талдап, шындықты шынайы жазатын қабілет-қарымымен баспасөз, ақпарат құралдары өкілдерінің алдыңғы легінде келеді. Әрбір мақаланы зерттеп, зерделеп жазатын тереңдігі көпке үлгі. Ұстаздық пен журналистиканы құстың қос қанатындай тең ұстаған Несіпкүл Мейманханқызы Өтебаеваның «Ұстаз шығармашылығы: тәжірибе мен шабыт жолы» атты кітабы жарық көріп, Ы. Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасында таныстырылымы болып өтті.

Кеште Түркістан қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Шоқан Тоймахан, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдәзім, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Құрмет» орденінің иегері Ұлжан Мұстафаева, Түркістан қалалық әжелер алқасының төрайымы, ұлағатты ұстаз Айғаным Серім, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, осы туындының жарыққа шығуына ықпал еткен республикалық «45 minut» газетінің, сайтының, порталының бас редакторы Ізгілік Байдрахманұлы Нағиев кітаптың тұсауын кесті.

Іс-шараға тағы басқа әдебиетсүйер қауым, зиялы қауым өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ұстаздар, әріптестер, кеш иесінің туған-туыстары мен құрбылары, мектеп оқушылары қатысып, Несіпкүл Мейманханқызының шығармашылығы, ұстаздық өмір жолы туралы әңгімелеп, ізгі тілек-ниеттерін білдірді.
Ұлағатты ұстаз Гүлжан Оразгелдиеваның жетекшілігіндегі Балалар және жасөспірімдер орталығы «Мәнерлеп оқу» үйірмесінің талапкер жастары Несіпкүл Мейманханқызының қаламынан туған өлеңдерінен шашу шашты. Кешті сазгер, ұстаз, Қазақстанның құрметті журналисі Бекжігіт Сердәлі асқан шеберлікпен жүргізді. Арқалы ақын Сайлаухан Жоланов та кештің әсерлі өтуіне елеулі үлес қосты. «Сабина» балабақшасының бүлдіршіндері «Жалқаубек» биімен көңілімізді көтеріп тастады. Түркістан облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Рахымжан Оразалин, көмейіне бұлбұл қонған кәсіби әнші Қаламқас Өтеуова, тағы басқа да өнер иелері шырқата ән салып, кештің көркін кіргізді.
Тағылымы мен ғибраты мол кештің қорытындысында Балалар кітапханасының директоры Рысбек Летаев Н. Өтебаеваға құттықтау тілегін білдіріп, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Шынарбайұлының Алғыс хатын табыс етті.
Менің таңғалатыным – қос мамандықты бірдей қалайша тең алып жүруге болады?! Туа біткен дарыны, қабілет-қарымы ерекше жан ғана осындай биік талап деңгейінен көрінсе керек. Ұстаздық та, журналистика да асқан шыдамдылық пен төзімді, жанкешті еңбекті қажет ететін жауапкершілігі мол мамандық!
Осы қос мамандықтың үдесінен шығып, марапат пен мәртебеге, шәкірттері мен оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Несіпкүл Мейманханқызы Өтебаеваның табиғи таза болмысын, таңғы шықтай мөлдір жан тазалығын, шыншылдығы мен шынайылығын қаламынан туған туындыларынан айқын аңғарасыз!
Алғашқы мамандықтары геолог, зоотехник-мал дәрігері болған Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматовтай әдебиет алыптарының өмірінен-ақ бойында Құдай берген дарыны бар адамның қандай мамандықты да игере алатынын білуге болады! Несіпкүл Мейманханқызының еңбегі мен өмірі – осының дәлелі!
Жазарыңыз көп болсын, қадірлі құрбым, қымбатты әріптесім!
Роза НАРЫМБЕТОВА.
