ҚАЗАҚТЫҢ АЛЫП ТҰЛҒАСЫ – ҚАЖЫМҰҚАН

228 көрілім

Қазақ халқының тарихында ел намысын қорғап, ұлттық рухты асқақтатқан дара тұлғалар аз емес. Солардың қатарында әлемдік спорт аренасында қазақ елінің есімін танытқан, теңдессіз күш иесі, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың орны ерекше.

2026 жылы қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны, әлем чемпионы, халық батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 155 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой – халқымыздың даңқты перзентінің өмірі мен өнегесін жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін маңызды тарихи дата.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың ғұмыры – қажыр-қайраттың, табандылықтың, еңбекқорлық пен елге деген адалдықтың жарқын үлгісі. Ол күрес өнерін меңгеріп, әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп, атақты балуандармен белдесті. Өзінің қайсарлығы мен ерекше күшінің арқасында талай мәрте жеңіске жетіп, қазақ деген халықтың атын дүниежүзіне танытты.

Ұлы балуанның өмір жолындағы әрбір жеңіс – жеке жетістік қана емес, қазақ халқының абыройы мен ұлттық намысының жеңісі еді. Ол қай жерде жүрсе де туған елін ұмытпай, өз ұлтының мәртебесін биік ұстады. Сондықтан Қажымұқан есімі бүгінде спорт тарихымен ғана емес, елдік пен ерліктің ұғымдарымен қатар аталады.

Қажымұқанның бойындағы алып күш оның жүрегіндегі елге деген сүйіспеншілікпен үндесті. Ол қиындыққа мойымай, өмірдің талай ауыртпалығын жеңіп шықты. Оның өнегелі өмірі қазіргі жас ұрпаққа да үлкен тәрбие береді. Балуанның тағдыры арқылы жастарды спортқа, еңбекке, жігерлілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор.

Кітапхана – халықтың тарихи жады мен рухани қазынасын сақтайтын мәдени ошақ. Осыған орай, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы да Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен шығармашылығына, спорттағы ерлігі мен елге сіңірген еңбегіне арналған кітап көрмелері, танымдық сағаттар, тарихи-танымдық кездесулер және ақпараттық іс-шаралар арқылы ұлы тұлғаның есімін жас оқырмандар арасында насихаттауды маңызды бағыттардың бірі деп біледі.

Кітапханаға келген жас оқырман үшін Қажымұқан туралы кітаптарды оқу – тарихты танудың бір жолы. Оның өмірбаяны арқылы бала өз халқынан шыққан ұлы тұлғаның тағдырын танып қана қоймай, «Елге қызмет ету деген не?», «Қиындықты қалай жеңуге болады?», «Нағыз қайсарлық дегеніміз не?» деген сұрақтарға жауап табады.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі – халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын есім. Оның ерлігі мен еңбегі – кейінгі ұрпаққа аманат, ұлттық мақтанышымыздың бір бөлігі.

155 жылдық мерейтой – алып балуанның есімін ұлықтап қана қоймай, оның өмір жолындағы елдік қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіретін тағылымды кезең.

Қазақтың қара күшінің алыбы Қажымұқан – ұлт мақтанышы, ел рухының символы, ұрпаққа үлгі болар ұлы тұлға.

Ерасыл КЕҢЕС,

Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы