ОЛ – ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫ!

196 көрілім

Қай заманда болса да, кез келген елдің өркендеуі мен дамуының өлшемін, тарихы мен мәдениетінің сырт келбеті мен көрінісін айқындайтын бір сала бар. Ол – көне кәсіп саналатын құрылыс саласы, кез келген адамның қолынан келе бермейтін мамандық иесі – құрылысшы. Бір сәт көз алдымызға елестетіп көрейікші: айналамызда құрылыс орындары, ғимараттар болмаса, мекен етіп жатқан аймағымыз қандай күйде болар еді? Желдің өтінен, аңызақ ыстықтан, көктемгі жауын-шашын мен қысқы ызғырықтан қорғайтын баспанасыз, зәулім үйлерсіз өмірімізді көзге елестету мүмкін бе? Бұл – күнделікті тұрмысқа қажеттілік тұрғысынан қарағандағы көзқарас.

Ал, әрбір елдің көне тарихын әлемге паш ететін Мысыр пирамидалары, Римнің зәулім акведуктары, орта ғасырдағы зәулім сарайлар ше?! Алысқа бармай-ақ, көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің керемет ескерткіші Арыстан Баб кесенесін, өзіміз күнде тәу етіп жүрген, XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат – ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген әлемдік мұра, Алланың бізге берген сыйы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айтсақ та жеткілікті! Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан осындай керемет дүниелердің адамзат баласының қолымен тұрғызылғанына шын мәнінде қайран қаласыз! Осы ғажайыптың иесі – «құрыш қол» атанған құрылысшылар еңбегінің нәтижесі! Жүздеген, мыңдаған еңбек адамдарының бейнеті!

Олай болса, бүгінгі жасарып-жайнаған, түлеп-түрленген, көп қабатты ғимараттары көк тіреген, жасыл желек, көкорай шалғынға оранған Түркістанның құрылыс қызметкерлері туралы әңгіме қозғап көрелік.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – көне шаһар Түркістанның құрылыс саласында қырық бес жылдан астам уақыт қызмет еткен, Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген құрылысшысы», сондай-ақ, «Үздік құрылысшы» төсбелгісінің иегері Мұрат Үмбеталиев. Сол кездегі Түркістан ауданы, Бабайқорған ауылының тумасы. Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтын құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.

Алғашқы еңбек жолын Түркістан ауданы, Куйбышев атындағы совхозда (қазіргі Бабайқорған ауылы) құрылыс шебері қызметінен бастаған. Одан кейінгі жылдары прораб, аға прораб, Түркістан аудандық ауыл шаруашылық бірлестігінде инженер, Түркістан қалалық №7 жылжымалы механикаландырылған колоннасында бас инженер, Түркістан колхозаралық құрылысына қарасты асфальт зауытының директоры, №71 жылжымалы механикаландырылған колонна бастығы, 2003 жылдан бастап 2020 жылдың наурыз айына дейін Түркістан қаласындағы «Сәулет-Құрылыс-УМ» ЖШС-нің директоры қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты.

Қазіргі күндері ойлап отырса, өмірі туған өңірі Түркістанның өсіп-өркендеуі, дамуы жолында еңбек етумен өтіпті. Туған жерге туын тіккен жанның қашанда биіктен көрінетінін бала күнінен санасына сіңіріп өскен. Қайда барса да, адал еңбек етті. Уақытпен санаспады.

Әрине, кәсіптің оңайы жоқ. Дегенмен, құрылысшы мамандығы асқан жауапкершілікті талап ететін, өзіне тән ерекшеліктері бар сала.

Құрылысшының негізгі міндеті – тек қана ғимарат салу десек, жаңсақтық болар еді. Жоспарлау, дизайн, дәлдік, жауапкершілік, физикалық төзімділік, техникалық білім, ғимараттың сапасы мен қауіпсіздігін сақтау – міне, осы мәселелердің бәрін толық қамтығанда ғана нәтижелі еңбек шығады. Мұрат ағамен әңгімеміз құрылыс саласының өткені мен бүгіні, заманауи технологиялар, жаңа құрылыс әдістері, автоматтандыру, компьютерлік модельдеу, тағы басқа да бұрынғы құрылыс пен қазіргі құрылыстың айырмашылықтары жайында өрбіді.

– Қазіргі құрылыс пен бұрынғы құрылысты салыстыруға келмейді. Өйткені қазір жиналмалы-құрастырмалы (сборный) конструкция бойынша керек бөлшектерге толық тапсырыс береді де, әкеліп монтаж жасайды немесе қалайды. Одан кейінгі ішкі құрылысы, инфрақұрылымы… Бұрын 8-10 қабат болса да, бір стоякпен жіберетінбіз. Қазір газды да, жылу жүйесінің құбырларын да жеке-жеке түсіреді. Жертөледе үлкен генератор сияқты құрылғы тұрады.

Қазір құрылыс өте дамып кетті. Қазіргі шығып жатқан құрылыс материалдарының сапасы да, көрінісі де жоғары. Екіншіден, айтқан өлшеммен плитаң құйылады. Ең ары кеткенде бұрын алты метр болатын. Қазір жеті, тоғыз метрліктер бар. Ол 2009 жылдан бастап шыға бастаған. Өте сапалы материалдар. Сапа жөнінде айтар болсам, сапаға әр учаске өзі жауап береді. Яғни, қадағалау жүйесі, техникалық бақылау үлкен рөл атқарады. Қазір небір материалдар шығып жатыр. Оның сапасы төмені де, жоғарысы да бар. Сапасына қарай бағасы да әртүрлі. Міне, сол жағын да тиісті орындар қадағалауы керек.

Түркістан облыс орталығына айналған кезде құрылыс өте қарқынды жүрді. Бүкіл облыстар жұмылып, әрқайсысы өз үлесін қосты. Қазір қала адам танымастай өзгерді. Тазалыққа көп көңіл бөлінуде. Көгалдандыру жұмыстары көз тартарлық. Асфальт жолдар салынып, жол қозғалысы ретке келтірілуде. Жолдар кеңейтілуде. Жолаяқтар салынды.

Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы, облыстық департаменттердің осында көшіп келуі шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етті. Салынып жатқан этносаябақтардан, гребльдерден, ипподромдардан кісі үзілмейді. Бірден көзге көрінбесе де, қаншама жұмыстар істеліп жатыр. Міне, осының бәрі халық игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер!

Осының бәрі қара жұмыстан қаймықпай, жанын салып еңбек етіп жатқан құрылысшылардың арқасы. Оны да ескеруіміз керек. Егер құрылысшы болмайтын болса, кім болса да, оның үйі-жайы, үйіне барғанда рахаттанып демалатын жері болмаса, жұмыс та сапалы болмайды.

Сондықтан да, құрылысшылардың еңбегін ескеріп, бір мезгіл көңілдерін көтеріп қойса деген назым бар. Қандай мамандық болса да, сол мамандықты қайта-қайта дәріптеп, телеарнаға шығарып, газетке жазып, сұхбат алса, мадақталып жатса, құлшыныс пайда болады. Мамандығына деген сүйіспеншілігі артар еді. Әркім өз саласының майталманы! Оларға лайықты құрмет көрсеткеніміз дұрыс.

– Менің өмірімді бүкіл әлем таңдана қарап отырған қасиетті Түркістаннан бөліп қарау мүмкін емес, – деп жалғастырды әңгімесін Мұрат аға. – Тарихи шаһарымызға үлкен бетбұрыс болған Түркістанның 1500 жылдығынан бастайыншы. Ол әрбір перзенттің туған жеріне деген сүйіспеншілігін дәлелдеген керемет кезең еді. Одақ тарап, құрылымдар өзгеріп жатқан кез болатын. Мен де «Сәулет-құрылыс» деген ЖШС ашып, қаланы абаттандыру, күрделі жөндеу, құрылыс жұмыстарын бастадық. Соның бір дәлелі – сол кездегі Есімхан алаңының абаттандыру жұмысына бас мердігер болып, толық бітіріп бердік. Ол жерге субұрқағымен бірге тайқазан орнаттық. Тайқазанды Жезқазғанда жасаттық. Елбасы Н. Назарбаев келген кезде жанында тұрып, субұрқақтан аққан мөлдір суды елдің қуана тамашалағандығының куәсі болдым. Кейіннен сол алаңның жанындағы бесікке сүйеніп отырған ана бейнесі бар, «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген Мұхтар Әуезовтың сөзі жазылған, шаңырақ тәріздес арканы жасадық.

Одан бөлек, қаншама мектепті, бала-бақшаларды күрделі жөндеуден өткіздік. Шорнақ селосындағы орта мектеп, С. Ерубаев, М. Жұмабаев мектебі, «Айгөлек» бала-бақшасы… Ағымдағы жөндеуден өткізген мектептер тіпті көп. С. Ерубаев музейін жөндеуден өткіздік. Қалаға екі үлкен субұрқақ жасадық.

Білім ордаларын ағымдағы, күрделі жөндеулерден өткізіп қана қоймай, тұтас мектеп құрылысын салуды да қолға алдық. Сегіз жылдық М. Жүсіп мектебін кеңейтіп, қайта соқтық. «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша Кентау қаласына шыға беріс жолдан 600 орындық мектеп салдық. М. Жұмабаев мектебінің жанынан да екі қабатты оқу корпусын салдық.

Ұзақ жылдар бойы атқарған жұмыстардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Есіме түскендерін ғана айтып отырмын. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан, кейіннен Шымкент, сосын Түркістан облысы бойынша жеті ауданға төрт мектеп, алты фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) салдым. Әлі күнге дейін осы мектептер жаңа оқу жылы басталған сайын салтанатты жиынға шақырып тұрады.

Мен басқарған мекеме құрылысшыларының қолтаңбалары Кентау, Түлкібас, Жетісай, Мақтаарал, Төлеби, Отырар аудандарында сайрап жатыр. Отырар ауданында елімізге белгілі тұлға Қуаныш Айтаханов әкім болып тұрған кезде бірлесіп, мектеп, аурухана, үлкен екі қабатты кітапхана құрылыстарын, абаттандыру жұмысын жүргіздік. Шәуілдірдің үлкен алаңына Әл-Фараби ескерткішін қойдық. «Ұлы бабалар» аллеясын салдық. Сол жұмыстарымыз үшін республика бойынша өткізілген байқауда бірінші орын алдық. Сол істелген жұмыстар осы күнге дейін тұр ғой. Жақсы бағамен бітіріп шықтық. Көрсең, көзің тояды. Көңілің марқаяды.

Құрылысшы мамандығы – өте қадірлі мамандық. Осы саланы таңдағаныма қуанамын. Облысымыздың қай жағына барсам да, жасаған еңбектерім қол бұлғап алдымнан шығады. Құрылысшыларымның қолтаңбасы менмұндалап көрініп тұрады.

«Сәулет-құрылыс» ЖШС-де зейнеткерлікке шыққанша қызмет еттім. Осы аралықтағы еңбегім бағаланып, «ҚР Құрметті құрылысшысы» деген марапат алдым. Еселі еңбегім үшін салалық министрліктің «Құрмет грамотасымен», төрт облыстың, аудандар мен қала басшыларының «Алғыс хаттарына» ие болдым, – дейді құрылыс ардагері.

Әрине, мұндай жетістікке жетуде Мұрат Үмбеталиевке ұйымшыл ұжымының, шебер қолды құрылысшыларының, өмірде шамшырақтай жол нұсқаған ұстаздарының игі ықпал еткені анық.

Келесі сәтте кейіпкеріміз: «Ұстазсыз шәкірт болмайды», – деп әңгімесін жалғады:

– 19-20 жастағы, оң-солымызды енді тани бастаған кезіміз. Куйбышев атындағы совхозда жұмыс істеп жүрген кезімізде Өмірбек Көпжасаров, Сейітқасым Опанов деген үлкен кісілердің біраз тәрбиесін алдық. Ол кісілер де өмірден өтіп кетті.

Түркістанға келгеннен кейін Әскер Әбдіқадыровтан жұмысты ұйымдастыру, орналастыру, жоспар беру, оны талап ету сияқты күнделікті жұмыс барысында кездесетін жайттардан көп тәжірибе алдым. Сонан соң, қарамағымда жасы алпыстан асып кеткен Қожабаев Құралбай деген кісі болды. Өте тәжірибелі, өз ісінің маманы еді. Бригаданы орналастыру, жұмысшы күшін бөлу сияқты жағдайларды қадағалап, талап қоя білетін еді. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Өкінішке орай, ол кісі де 86 жасында дүниеден өтті.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, осындай жақсы жандардың шапағаты болар, өз ісіміздің майталманына айналғанымыз. Қазір өзіміз де ұстазбыз. Бізді де ұстаз санайтын Мелс Рысбеков, Бердібай деген шәкірттерім бар.

Ең кішкентай немерем менің «Алғыс хаттарымды», медальдерімді көріп: «Ата, мен сіз сияқты құрылысшы-архитектор боламын», – дегенде қуанып қаламын. Талабына нұр жаусын! – деген құрылыс ардагерінің әрбір сөзінен мамандығына деген мақтанышын сезгендей болдық.

Бүгінгі таңда жетпістің бесеуіне шығып, бес қыз, бір ұл тәрбиелеп, олардың бәрін оқытып, жоғары білім берген, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған Мұрат Үмбетәлиев жүрек қалауымен таңдаған мамандығын мақтаныш тұтады. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегендей, қазіргі таңда қарттықтың қазыналы әлемінде күн кешуде.

Перзенттері заман ағымына, өз қалауына қарай түрлі мамандық таңдап, жемісті еңбек етіп жүр. Қара шаңырақ иесі, жалғыз ұлы Олжас құқық қорғау саласында, келіні Балжан Рахымжанқызы заң факультетін бітіріп, жоғары оқу орнында оқытушы болып қызмет істейді. Еліне еңбектерін сіңіріп, алғысқа бөленіп жүр.

Ал, немересі Нұрәлі екеуі «Атың барда ел таны, желіп жүріп» демекші, ел аралап, саяхат құрып, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Малайзияға, Сингапурге, Италияға, Әзірбайжан еліне барып, біраз жерді шарлады. Тағы бір қызығы – сүйегіне сіңген мінез, қайда барса да, ең алдымен, сол елдің архитектуралық сәулетін, құрылысын зерттеп, қарап жүргені.

Бірде Малайзияға барғанында төпелеп жауған ыстық жаңбырға қарамай, асфальттағы суағарларды зерттеп жүрсе, «Дарын» мектебінің оқушысы, шет тілді «шемішкеше шағатын» немересі Нұрәлі атасының жайын ойлап, ішке кіргізе алмай бәйек болғаны бар. Өмір, шіркін, осынысымен қызық!

Бала күнінен бойына дарыған кітапқұмарлығы жасы ұлғайған шағында пайдасын тигізуде. Үйдегі кітаптары қаз-қатар тізілген кітапханасынан «рухани дос» тауып, немерелерін де кітап оқуға баулуда. Келіні Балжанның да кітапқа құштарлығы басым.

Тамыз айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының мерекелер туралы Заңына сәйкес «Құрылысшылар күні» – кәсіби мейрам. 2023 жылы осы төл мерекеге орай «Жаңа Қазақстан: Республикалық Ұлттық Инновациялық орталығының «ҚР үздік құрылысшысы» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал, биылғы мерекеде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының «Алғыс хатын» Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков табыстады.

Еңбектің еселенгені, бағаланғаны! «Құрметті құрылысшы» деген бір-ақ ауыз сөз бақытқа кенелтеді!

«Елу жылда ел жаңа» дегендей, өткен ғасырдың бел ортасында дүниеге келіп, жаңа ғасырдың бастауында тұрған ұрпақтар өкілі Мұрат Үмбетәліұлы қос дәуірдің тоғысын, Одақ ыдыраған өтпелі кезеңді, тәуелсіздікке тәй-тәй басқан қоғамдағы өліара шақты, мына жарқын заманның жасампаз тұрмысын көзімен көрген, қолымен тұрғызған куәгер! Құрылыс пен сәулет өнерінің өкілі!

Қазақ поэзиясының алыбы Сырбай Мәуленов «Тас қалаушылар жыры» атты өлеңінде:

«Іздегенде алғашқы баспана адам,

Мен сонда сазды илеп, тас қалағам.

Менің ізім басталып тас үңгірден,

Менің ізім көрінген астанадан…

Мен орнаттым Римнің қорғандарын,

Минареттер, пантеон, небоскреб,

Мен тұрғыздым солардың қолдан бәрін», – деп жырлайды!

Құрылысшыларға өлеңнен тұрғызылған ескерткіш!

Еңбектеріңіз жансын, құрметті құрылысшылар!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы