ТҮРКІСТАН: ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА КӨБІРЕК МӘН БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

108 көрілім

Түркістан қаласы түркі халықтарының тарихында ерекше орын алады. Көне шаһар ғасырлар бойы түркі халықтарының саяси, рухани және мәдени орталығы болды. Түркістан атауы негізінде «Пир-и Түркістан» деген Қожа Ахмет Ясауидің атағынан алынған. Яғни «Түрік елінің ұстазы» дегенді білдіреді. Кейіннен «пир» сөзі ұмытылып, қала Түркістан аталып кеткен.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бүкіл түркі әлемі үшін киелі болып табылады. Ол «Аситан-и сағадат» деп аталады және бақыттың астанасы деген мағынаны береді. Себебі, барша түркі халқының хандары, сұлтандары, би-бағландары оның қасына жерленуді мұрат еткен. Аситане, яғни астана деген термин хәл ілімінде «ақиқатқа ашылған қақпа» деген мағына береді. Ясауи XII ғасырда түркі халықтарына ислам дінін таратып, өзінің «хәл ілімін» түркі тілінде насихаттаған тұлға. Оның «Диуани Хикмет», яғни хикметтер жинағы түркі жұртының рухани дүниесіне зор ықпал етті. Әсіресе, XVI–XVIII ғасырларда Түркістан Қазақ хандығының маңызды саяси орталығы болды. Көптеген қазақ хандары осы қалада билік жүргізіп, осында жерленді. Сондықтан Түркістанды қазақ мемлекеттілігінің тарихи символы деуге болады.

Тарихтан мәлім, егемендік алғанға дейін Түркістан қаласына жеткілікті деңгейде назар аударылмады. Кеңес билігі атеистік саясат ұстанып, исламмен және сопылықпен байланысты киелі орындарда діни білім беруге  шектеу қойды. Зиярат жасау қатаң бақылауға алынып, рухани маңызы бар кесенеге ресми түрде тыйым салынды. Себебі, кеңестік идеология дінді «ескіліктің қалдығы» деп санады. Егемендік алғаннан кейін Түркістан қаласы «түркі әлемінің рухани астанасы» мәртебесіне ие болып, түркі халықтары үшін рухани орталық ретінде мойындалды. Себебі, Қожа Ахмет Ясауидің қаласы, қазақ хандары жерленген, түркі-ислам мәдениетінің киелі орны ретінде қайта бағалана бастады. Тарих қайта жаңғырды. Қалаға инвестиция тартылып, инфрақұрылымы дами бастады. Жаңа әуежай салынып, туристік нысандар көбейіп, тарихи орындар қайта жаңғыртылды. Осылайша Түркістан бүкіл түркі әлеміне маңызды мәдени орталық ретінде танылды. Бұл мәртебе Түркістанды халықаралық форумдар, мәдени фестивальдер, ғылыми конференциялар, жастар жиындары және білім жобалары өтетін ортақ алаңға айналдырды. Осындай шаралар арқылы түркі елдерінің өзара байланысы нығая бастады. Бұл статус түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың символына айналды. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы интеграциялық үдерістерде Түркістанның атауы жиі аталатын болды. 

Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммиті аса маңызды оқиға ретінде бағалануда. Шынында да бұл басқосу Түркістанның тарихтағы орны мен мәртебесін тағы бір айқындап берді. Саммит ежелгі қаламызды түркі халықтарының тарихи және рухани орталығы ретінде көрсетті. Саммит арқылы Түркістан тек тарихи мұра емес, қазіргі түркі интеграциясының да маңызды алаңы екендігін паш етті. Саммиттегі әңгіме «Жасанды интеллект және цифрлық даму» төңірегінде өрбіді. ТМҰ елдерінің ынтымақтастығы енді тек мәдени немесе тарихи салада ғана емес, технология, цифрландыру және инновация бағытында да күшейетін болады. Ұйым бұдан былай ортақ цифрлық жобалар, технологиялық серіктестік, AI саласындағы тәжірибе алмасу, логистика мен электронды қызметтерді дамыту сияқты бағыттарға ойысатын болады. Маңызды басқосуға Қасым-Жомарт Тоқаев, Режеп Тайип Ердоған, Ильхам Әлиев, Шавкат Мирзиёев, Садыр Жапаров сияқты түркі мемлекеттерінің лидерлері қатысты. Бұл оқиға бір жағынан Қазақстанның да аймақтық рөлін күшейтіп, еліміздің түркі әлеміндегі дипломатиялық және ұйымдастырушылық рөлінің өсіп келе жатқанын паш етті.

Саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның мақсатын сауда-экономикалық байланыс, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, жоғары технологиялар, ортақ даму жобалары деп анықтап берді. Бұрын түркі бірлігі көбіне тарихи-мәдени идея ретінде айтылса, қазір экономикалық және технологиялық жобаларға көбірек мән беріле бастады. Сондықтан бұл басқосу символдық, технологиялық, дипломатиялық, экономикалық маңызы бар кездесу болды.

Сонымен Түркістан саммиті Түркістанның рухани орталық ретіндегі тарихи орнын қайта жаңғыртты деуге болады. Бұдан түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы ұйымының жаңа кезеңге өткенін көреміз. Себебі, бұл жай ғана халықаралық кездесу емес, бүкіл түркі әлемінің тұтастығын айшықтайтын шара.  Нәтижесінде, Түркістан қайтадан идеялық символға айналып, Қазақстанның түркі әлеміндегі орны мен ықпалын танытты.

Түркістан қазір тек облыс орталығы ғана емес, түркі халықтарының тарихи жады, рухани орталығы, түркі интеграциясының киелі орны ретінде қарастырылады. Сондықтан саммиттің жоғары деңгейде өтуі Қазақстанның да, Түркістанның да беделіне оң ықпал етті. Бұл жерде еліміз өзін ұйымдастырушы, белсенді орталық ретінде көрсетті. Түркістандағы саммит арқылы ел инфрақұрылым мүмкіндігін, дипломатиялық деңгейін, қауіпсіздік пен ұйымдастыру қабілетін, халықаралық қонақтарды қабылдау мәдениетін сезіндірді. Сондықтан бұл іс-шараға облыс, қала басшылығы ұзақ уақыт дайындалды. Жолдар жөнделіп, әуежай мен қонақүйлерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қала аумағы барынша абаттандырылды.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық билік пен Түркістан облысы мен қала әкімдігінің және ұйымдастырушылардың еңбегін жоғары бағалайтынын білдіріп, оларға арнайы алғыс айтты. Өйткені, мұндай саммитте протоколдық қате, қауіпсіздік мәселесі, инфрақұрылым әлсіздігі, ұйымдастырудағы абдырау сынды жағдайлар бірден байқалады. Ал, Түркістан саммиті сәтті өтіп, мемлекеттің имиджін биіктетіп тастады. Расында, саммит Түркістанның сол имиджге шынымен де лайық екенін көрсету сынағы болды. Қазір Түркістанды дамыту елімізде ұлттық стратегиялық жоба ретінде қарастырылады. Себебі, ол тарихи сана, туризм, мәдени дипломатия, қаланың түркі әлеміндегі ықпалы сияқты бағыттармен байланысты. Түркістан үшін арнайы заң қабылданғаны белгілі. Сондықтан саммиттің жоғары деңгейде өтуі әкімдіктің ғана емес, мемлекеттің де беделі. Қысқаша айтқанда, еліміз Түркістан арқылы бүкіл түркі әлеміне өзінің тарихи, мәдени және дипломатиялық мүмкіндігін көрсетті деуге болады. Ең бастысы, бұрын көбіне тарихи-рухани қала ретінде танылған Түркістан енді халықаралық дипломатия алаңы, түркі интеграциясының орталығы, саяси кездесулер өтетін қала ретінде танылды. Сол себепті халық арасында «Түркістанға әлем назар аударды» деген пікірдің тууы табиғи нәрсе.

Саммиттің жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылар мен қала тұрғындары да үлкен үлес қосты. Делегацияларды қарсы алу, мемлекет басшыларын орналастыру, келіссөз кестесі, аударма қызметі, ресми ресімдер қызметінде қателіктер болған жоқ. Мұндайда кішкентай қателіктің өзі байқалып қалады.  Ұйымдастырушылар арнайы қауіпсіздік маршруттарын, көлік қозғалысын, әуежай жұмысын, күзет жүйесін үйлестіре отырып жұмыс істеді. Саммиттің кәсіби деңгейде өтуі ұйымдастырушылардың техникалық дайындығына да тікелей байланысты. Өйткені, жақсы ұйымдастырылған іс-шара елдің беделін көтеріп, инвесторларға сенім ұялатады. Халықаралық серіктестерге Қазақстанның бейбіт те тұрақты аймақ екенін көрсетіп, қаланың мүмкіндігін танытады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті ұйымдастырушыларға арнайы алғысын білдірді. Қала тұрғыны ретінде мен де ел Президентіне, облыс әкіміне, қала басшысына алғыс айтқанды жөн көріп отырмын.

Қорыта айтқанда, саммиттің сәтті өтуі дипломаттардың, әкімдік қызметкерлерінің, қауіпсіздік құрылымдарының, техникалық мамандардың, еріктілердің, қала тұрғындарының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Түркістан осы арқылы халықаралық деңгейдегі үлкен іс-шараларды қабылдай алатын қала екенін көрсетті. Сондықтан бүгін Түркістан жай ғана киелі қала емес, түркі халықтарының ортақ тарихи жадының, рухани бірлігінің және мәдени мұрасының символына айналып отыр.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

философия және теология ғылымдарының докторы,

профессор.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы