ҚАЗАҚ ОПЕРАСЫНЫҢ САҢЛАҒЫ – ӘЛІБЕК ДІНІШЕВ

119 көрілім

Қазақтың кәсіби музыка өнерінде ұлттық вокал мектебінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың қатарында Әлібек МұсаұлыДінішевтің орны ерекше. Сирек кездесетін лирикалық тенор дауысымен әлем тыңдармандарын тәнті еткен өнер иесі қазақ опера өнерін халықаралық деңгейде танытып, ұлттық мәдениеттің мерейін үстем етті. Оның орындауындағы әрбір шығарма терең сезімге, жоғары орындаушылық шеберлікке және көркемдік талғамға негізделген.

Әлібек Дінішев Алматы қаласында зиялы әрі өнерлі отбасында дүниеге келген. Анасы Кәмила Мүкімқызы – қазақтың белгілі әншілері Ришат пен Мүсілім Абдуллиндердің туған қарындасы болса, әкесі Мұса Бөкенбайұлы Дінішев – көрнекті журналист, аудармашы, мәдениет қайраткері. Ол ұзақ жылдар «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы болып, қазақ мәдениетінің дамуына елеулі еңбек сіңірді. Осындай рухани ортада тәрбиеленген Әлібектің өнерге бет бұруы табиғи құбылыс еді.

Болашақ әнші алғаш Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектепте білім алып, аккордеон аспабын меңгерді. Мектеп қабырғасында-ақ ән айтуға бейімділігі байқалып, түрлі байқауларда топ жарып жүрді. Кейін П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеде білімін жалғастырып, одан соң Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының вокал факультетіне оқуға түседі. Белгілі вокал педагогы Нәдия Шәріпованың жетекшілігімен кәсіби әншілік өнердің қыр-сырын меңгеріп, үлкен сахнаға жолдама алды.

Студенттік жылдары-ақ оның таланты көпшілікке танылды. 1975 жылы М.И.Глинка атындағы Бүкілодақтық вокалшылар байқауында бірінші орын алып, кәсіби өнер әлемінде өзін мойындатты. Ал 1977 жылы Бразилияда өткен халықаралық вокалшылар байқауындағы табысы оның есімін әлемдік деңгейдегі орындаушылар қатарына қосты.

Еңбек жолын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бастаған Әлібек Дінішев кейін ұзақ жылдар Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі болды. Оның орындауындағы қазақ және әлем классикасының таңдаулы туындылары тыңдарманның зор ықыласына бөленді. Әнші Бразилия, Чехословакия, Алжир, Перу, Куба, Португалия, Финляндия, Швеция, Марокко, Болгария және басқа да көптеген мемлекеттердің беделді сахналарында өнер көрсетіп, қазақ вокал өнерінің биік деңгейін паш етті.

Әлібек Дінішевтің өнердегі табыстары жоғары мемлекеттік марапаттармен бағаланды. Ол Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-інің Халық әртісі, КСРО Халық әртісі атанып, «Парасат», «Отан» ордендерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тұңғыш Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері атанды. Ұлттық мәдениетті дамытудағы ерекше еңбегі үшін оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Әлібек Дінішевтің өнердегі ұстанымы оның айтқан ойларынан да анық байқалады. Ол: «Дауыс – басқалар еститін жан», – деп, әншілік өнердің басты мақсаты адамның ішкі жан дүниесін жеткізу екенін айтады. Сондықтан оның орындауындағы әршығарма жай ғана әуен емес, тыңдарманмен сырласқан жүрек үні ретінде қабылданады.

Өнер иесі ұлттық ән өнеріне ерекше жауапкершілікпен қарады. «Қазақша ән айту – қазақша ойлауды білдіреді. Тіл мен әуен бөлінбейді»деген пікірі оның халық мұрасына деген құрметін көрсетсе, «Халық әні – сөзбен емес, сезіммен жазылған тарих оқулығы» деген тұжырымы ұлттық өнердің тәрбиелік әрі рухани маңызын айқындайды.

Әлібек Дінішев өнердің мақсаты көрерменді таңғалдыру ғана емес, оның жүрегіне жол табу депбілді. «Шынайы музыка көңіл көтермейді – ол емдейді»«Тек алғысқа ән айтсаң – жеңіліп қойған болып саналасың» деген сөздері өнерге деген адал көзқарасының айғағы. Ал «Сахна бәрін кешіреді, тек немқұрайлылықты кешірмейді» деген қанатты сөзі бүгінгі жас орындаушылар үшін де өмірлік қағидаға айналған.

Әнші өзінің шығармашылық тәжірибесін кейінгі буынға үйретуден де ешқашан қол үзген емес. Оның бастамасымен құрылған вокал академиясы көптеген жас таланттардың кәсіби қалыптасуына жол ашып келеді. Ол шәкірттеріне ең алдымен өнерге адалдықты, ұлттық дәстүрге құрметті және үздіксіз ізденісті үйретеді.

Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Төлегенова Әлібек Дінішевті «өте нәзік әнші, бірнеше тілде еркін орындайтын, халқына қадірлі азамат» депбағаласа, әйгілі әнші Роза Рымбаева оны «жүз жылда бір келетін дауыс иесі» деп сипаттаған. Бұл– оның өнердегі дара болмысына берілген әділ баға.

Әлібек Дінішев – қазақ опера өнерінің ғана емес, ұлттық руханияттың көрнекті өкілі. Оның шығармашылық мұрасы, сахналық мәдениеті, орындаушылық шеберлігі мен өнер туралы тағылымды ойлары қазақ музыкасының алтын қорында мәңгі сақталып, кейінгі ұрпаққа үлгі бола береді.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы Пирмашова Мөлдір Әбдінәбиқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы