Түркістан облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасында 2025 жылы осы санатта 598 қылмыстық іс, 7 қылмыстық топ әшкереленген. Қылмыстық әрекеттер ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлімі бойынша тіркеліп, алдын-ала тергеу амалдары жүргізілген. Олардың қатарында 222 қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданған. Қалғаны тергеу өндірісінде.
Бүгінде тұрғындардың көбі телефон алаяқтығы туралы біліп қалды. Қоғамда түрлі пікірталастар, оның ішінде әлеуметтік желіде жазбалар жиіледі. Арасынан кейбірін біле отырсақ. «Алаяқтық та заманауиланып барады. Банк атынан телефон шалып, атыңызға кредит алынғанын, оны болдырмау үшін келген кодты айтуды сұрауы алаяқтардың ең классикалық нұсқасы. Танысыңыздың атынан қарызға ақша сұрайды. Алда-жалда олар жіберген сілтемені бассаңыз, бітті» дейді белгілі тележурналист Ирина Советжанқызы.
Бас прокуратура 2025 жылы тіркелген үш қылмыстың бірі алаяқтық екенін хабарлады. Барлық қылмыстық істің 34 пайызын (45156 дерек) алаяқтық қылмыс құраған. Әдетте ең көп деп саналатын ұрлықтың өзі 23% (30593 дерек) ғана екен.
«Көлігіммен келе жатыр едім, телефоным шырылдады. Көтерсем, ар жағынан орысшалап «Казпоштаданмын. Сізге посылка келіп тұр, мекенжайыңызға апарамыз ғой, иә» дейді. Ойда ештеңе жоқ «иә, кешкі сегізге қарай» дедім. Онда «1414-ке хабарлама келеді (1414-тен смс жетті), код нөмірін айта қойыңыз» дейді. «Жақсы» дей бере: «Жоқ, әй, тұра тұр, ондай бұрын-соңды болмап еді, айтпаймын» дегенім сол, тұтқаны қоя салды» деп жазыпты фейсбук желісінде Талғат Әмірхамзин деген азамат.
ТҮЙІН. 2023 жылы режиссер Олжас Нұрбайдың «Алаяқтар» атты сериалы экранға жолдама алды. Картинадағы әккі алаяқ Дамирді белгілі актер Рүстем Омаров сомдаған. Тартымды түсірілгенін осыдан біле беріңіз, бір жылда YouTube-те оны 10 млн. адам қараған. Сериалда телефондық алаяқтықтың, әсіресе, соңғы уақытта белең алған барлық дерлік түрі қамтылған әрі экранда жалпы жұртқа көрсетілді. Оның жасалу жолдары түсіндіріліп, ұйымдастыру схемасы, барлығы айтылады. Туысы полицияға түсіп қалғаны туралы ақпаратпен зейнеткерге қоңырау шалған көрініс те, банктен несие ұсыну хабарламасы да, ондағы есепшотына өзгелердің қол салуға ұмтылғаны туралы «жанашыр» ескерту де бар. Фильмде тіпті, мемлекеттік қызметтегілердің, халыққа қызмет көрсету орталығынан, жер қатынастары бөлімінен, кадастрден, тағы да басқа кәсіби мамандардың алаяқтыққа қалай шырмалғанын білесіз. Сонда жауапты тұлғалар заңмен тыйым (арест) салынған үлкен жер учаскесін үш тәулікке уақытша босатады да, артынша басқа азаматқа жылдам сатып жібереді. «Арзандау алдым» деген адамның қуанышы ұзаққа созылмай, ертесіне-ақ жердің бұрыннан кепілде тұрғанын біліп, аһ ұрып, сан соғады. Авторлар бұқара жұртқа барынша ұғынықты өнім ұсынған. Сонда дейсің ғой, сериалды көргені бар, көргендер арқылы естігені бар, ел арасында алданған азаматтар жайлы тараған сан түрлі әңгімелер бар, ескертулер тағы бар, ел телефондық алаяқтықтан сақ болатын кезге әлдеқашан жетті емес пе деп ойлайсың. Соған қарамастан телефон алаяқтарына алдану түбегейлі тоқтаған жоқ. Қандай алаяқтық болсын, оның ішінде телефон арқылы болсын, сақтанудың жалғыз дұрыс жолы – өз-өзіңе мұқият болып, күмәнді қоңырауға жауап қатпау. Болды. Абай болайықшы!
