Цифрлық технологиялар қарыштап дамыған заманда ғылымның дамуымен қатар телефондық алаяқтық деген ұғым да пайда болды. Бұл қылмыстың түрі соңғы жылдары біздің елімізде де кең қанат жайды. Тіпті, елеулі проблемаға айналды десек те болады. Алаяқтар жеке тұлғаларды да, компанияларды да алдап-арбау үшін әртүрлі айла-тәсіл, қитұрқы амалдарды пайдаланады. Тіпті, қылмыстық топ құрып, ойын жүзеге асыру жолында түрлі схемаларды пайдаланады. Олар көбінесе құпия ақпарат пен қаржылық құралдарға қол жеткізуге тырысады. Сонымен телефондық алаяқтықтан сақтанудың жолдары қайсы?
Әлем дамып, жаһанданған сайын алаяқтықтың да түрі, түсі өзгеріп отырады. Заңмен тыйым салынған қылмыс санатына жатса да, осы бір қоғамдық дерт бізден іргесін ажыратпай-ақ қойды, әйтеуір.
Телефон алаяқтарының негізгі схемасы белгілі. Ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін банк немесе басқа да қаржы ұйымдарының бірінің қызметкерімін деп таныстырады. Алаяқтар біздегі қаржы институттарының абоненттік нөмірлерінің көшірмесін жасауға мүмкіндік беретін SIP телефония бағдарламалық құралын пайдаланады. Сіздің картаңыздан ақшаны шығару әрекеті жайлы хабарлайды. Жеке кабинетіңіздегі құпия сөзді өзгертуді, жаңа пароль мен SMS кодын ұсынуды сұрайды. Мәселені жылдам шешу үшін гаджетіңізге қашықтан қосылу үшін өз қызметін ұсына алады. Сіздің атыңыздан несие ала алады. Жаға ұстатар жағдай ма, иә! Не істемек керек? Осы орайда оқырмандар үшін маңызды болғандықтан заңгерлердің кеңесін де қатар берейік.
Бірінші кеңес. Егер сізге банк қызметкерлері атынан қоңырау шалса, сөйлеспеңіз. Есіңізде болсын, банк қызметкері жеке деректеріңізді нақтылау үшін сізге ешқашан қоңырау шалмайды. Банкте сіздің толық қаржылық файлыңыз бар.
Алаяқтар таңдап алған «жәбірленушінің» ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін тәртіп сақшылары ретінде таныстырады. Сіздің атыңыздан, не туысыңыздың болмаса досыңыздың үстінен арыз түсті деп 190-баптың 3-бөлімі – аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлауы мүмкін. Сізге шұғыл түрде айтылған полиция бөліміне келіп, мәселені жедел шешу үшін белгілі бір шотқа ақша аударуды сұрайды. Әдетте мұндай алдауға бар ақшасын беруге дайын қарт адамдар таңдалады.
Екінші кеңес. Егер сізге құқық қорғау органдарынан деп қоңырау шалса, онда нақтылау оңайырақ. Сізге айтқан туыс-күдікті қай полиция бөлімінде ұсталғанын, оған қандай бап бойынша айып тағылғанын, онымен қалай байланысуға болатынын сұраңыз. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының сенім телефонына қоңырау шалу керек.
Заманауи технологиялардың көмегімен алаяқтар әңгімелесушілермен белгілі бір сценарийлер, аудио жазбалар бойынша «байланысатын» дауыстық роботтарды пайдаланады. Алаяқ боттар, мәселен, полиция бөлімінің атынан қоңырау шалып, белгілі бір айыппұлдың бар-жоғын хабарлап, қосымша ақпарат алу үшін «1» деп басуыңызды сұрай алады. Содан кейін басқа дауыстық «ассистент» қосылып, олар ашқысы келетін ақпарат өте құпия екенін ескертеді. Кейін жеке басын растау үшін олар сіздің төлем ақпаратыңыз туралы деректерді қамтитын бірқатар сұрақтарға жауап беруді сұрайды. Дауыстық роботтар пайдалана ма, басқа амал жасай ма, не пайдаланса да олар түбінде сізден маңызды құпия ақпараттарды, яғни ЖСН, жеке басын куәландыратын құжат нөмірін, картаның толық мәліметтерін, SMS код алғысы келеді. Сондай-ақ, шабуылдаушылар сізден «иә», «мен растаймын» деген түсінікті сөз тіркестерін алуға тырысады. Олар үшін бұл маңызды. Мәселен, «Сіз Түркістанда тұрасыз ба?», «Соңғы 24 сағатта төлем жасадыңыз ба?», «Жүлдеңізді алғыңыз келе ме?», «Мені жақсы естисіз бе?», «Сіз бұл ақпаратты растайсыз ба?» деген сауалдар қояды.
Үшінші кеңес. Дауыстық роботты (спаммерді) тану қиын емес. Қоңырауды аяқтап, нөмірді блоктаңыз. Егер сіз әлі де ботпен «байланысты» жалғастыруды шешсеңіз, барынша абай болыңыз. Сөйлескен кезде, мәселен, «сәлем» деудің орнына «иә» не «тыңдап тұрмын» дей салыңыз. Нақты емес, бұлыңғыр, екіұшты жауап қатуға да болады. «Кім білсін», «Солай ма», «Ох-хо», «Ааа», «Еее», «Ммм» дегендей. Бұл автоматтандыру алгоритмін бұзады. Сосын қазақша сөйлесіңіз.
Ақпараттық, телекоммуникациялық желілерді пайдалану арқылы киберкеңістікте қашықтан жасалатын қылмыс болғандықтан да атауы киберқылмыс санатына жатқызылды. Мемлекет басшысының қылмыстың осы түріне қарсы күресті күшейту жөніндегі пәрменіне орай, былтыр күзде ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды.
