ТҮРКІСТАН: БІЛІКТІ МАМАН – ЦИФРЛЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ

36 көрілім

Әр Жолдаудың өз жүгі, өз жауапкершілігі, мән-маңызы болады. Шын мәнінде Президент Жолдауы ел дамуындағы басым бағыттарды айқындайды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталатын Жолдауында цифрлық құралдардың тиімділікті арттырудағы маңызын орынды атап өтті. Цифрлық жүйелер арқылы қай жобаның қашан, қай жерде жүзеге асатынын алдын-ала көруге болады.

Жолдаудың өзегі – еліміздің цифрлық даму бағыты. Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы тиіс екенін қадап айтты. Әйтпесе, артта қалудың салдары ауыр болатынын ашық жеткізді.

Шын мәнінде, бүгінгі күннің шындығы – цифрлық технологияларсыз, жасанды интеллектісіз, платформалық экономикасыз тұрақты даму мүмкін емес. Президент атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект – тек технологиялық жетістік емес, бұл елдің экономикалық әлеуетін арттырудың, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің, мемлекеттік тиімділікті күшейтудің негізгі құралы. Цифрлық серпінді жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Бұл орынды әрі стратегиялық шешім.

Сонымен қатар ел Президенті Digital Qazaqstan атты бірыңғай ұлттық стратегия әзірлеуді, сондай-ақ, цифрлық дамудың негізгі қағидаларын айқындайтын Цифрлық кодексті қабылдауды міндеттеді. Мұндай заңнамалық және институционалдық қадамдар Қазақстанның жаңа дәуірге сенімді аяқ басуына мүмкіндік береді. Осы ретте, білім мен ғылым саласы – цифрлық трансформацияның негізгі тірегі екенін айтқым келеді. Президент Жолдауында бұл салаға да ерекше мән берілді.

Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқытушылар мен зерттеушілердің біліктілігін арттыру, ЖИ және ІТ саласында кадрлар даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде қаржыландыру – ел дамуының басым бағыты ретінде белгіленді. Сонымен қатар, деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру, киберқауіпсіздік мәселелерін реттеу – цифрлық қоғамның тұғырын бекіте түспек.

Президент өз Жолдауында Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген даналығын келтіре отырып, адам капиталын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Расында да, болашақтың азаматтары – білімді, саналы, технологияны игерген, шығармашылық ойлауға қабілетті болуы тиіс. Бұл орайда ұстаздардың, ғалымдардың, білім мен ғылым саласы мамандарының рөлі орасан. 

Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт – бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі ұсыныс. Бұл бастама еліміздегі демократиялық процестерді дамыту, саяси жүйені оңтайландыру және тиімділікті арттыру жолындағы батыл қадам дер едім.

Марат БАИМБЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы