ТҮРКІСТАН: ЦИФРЛАНДЫРУ – ЭКОНОМИКАНЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҢҒЫРТАТЫН ТАРИХИ МҮМКІНДІК

18 көрілім

Әлемдік геосаясаттың бүгінгі келбеті – танкілермен немесе дипломатиялық ноталармен емес, кодтар мен алгоритмдердің пәрменімен өлшенетін дәуірге аяқ басты. АҚШ пен Қытай арасындағы «цифрлық қырғи-қабақ соғыс» жасанды интеллект (AI) майданына ұласып, әлемді жаңа технологиялық жікке бөлді. Осындай алмағайып кезеңде Қазақстанның цифрлық бағыты қандай? Біз үшін бұл тек экономикалық даму ма, әлде ұлттық қауіпсіздіктің соңғы шебі ме?

Бүгінде технологиялық тұрғыдан алпауыт мемлекеттер арасындағы бәсеке жай ғана сауда дауы болудан қалды. Huawei-дің 5G желілеріне салынған тыйым, TikTok төңірегіндегі деректер қауіпсіздігі дауы және жоғары өнімді чиптерге қойылған шектеулер – бұның бәрі XXI ғасырда әлемді кім басқаратынын анықтайтын тағдыршешті күрес. Бұл соғыста «дерек» (data) – жаңа дәуірдің алтынына айналды. Кімнің сервері қуатты, кімнің алгоритмі жүйрік болса, сол мемлекет экономикалық және саяси үстемдікке ие болады. Осы ретте Қазақстан үшін ең басты сабақ – цифрлық тәуелсіздік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді «цифрлық державаға» айналдыру тапсырмасы жай ғана ұран емес, бұл – сыртқы технологиялық тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы.

Бүгінгі Қазақстан – тек цифрлық реформалар жүргізіп жатқан мемлекет емес, болашақтың есігін батыл ашқан ел. Жасанды интеллект енді алыстағы қиял емес, экономиканың да, қоғамның да тынысын өзгертетін нақты стратегиялық бағдарға айналды. Мемлекеттік қызметтер мен финтех саласындағы жетістіктеріміз шетелдік сарапшылардың да назарын аударып отыр. Екі мыңға жуық ІТ-компанияны біріктірген Astana Hub бүгінде еліміздің цифрлық жүрегі іспетті. Ал, былтыр ІТ-қызметтер экспортының 1 миллиард долларға жетуі – Қазақстанның технологиялық өрлеуге шындап бет алғанын көрсетеді. Бұған қоса, Cryptocity пилоттық аймағы мен бой көтеретін Alatau City – елдің цифрлық болашағына бастайтын жаңа дәуірдің қақпасы секілді.

Бұл өзгерістердің артында тек заманауи серверлер мен бағдарламалар ғана тұрған жоқ – бұл тұтас мемлекеттік көзқарастың өзгеруі. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің құрылуы, «Жасанды интеллект туралы» заңның қабылдануы, Alem.Cloud пен Al-Farabium суперкомпьютерлерінің іске қосылуы – барлығы Қазақстанның технологиялық егемендікке ұмтылысының айқын көрінісі. Ең бастысы – адам капиталы. AI-Sana бағдарламасы арқылы 650 мыңнан астам студент жаңа цифрлық білім алып, алдағы уақытта мамандандырылған АИ зерттеу университетінің ашылуы елімізде жасанды интеллект саласында жаңа буынның қалыптасуына жол ашпақ.

Цифрландырудың нақты нәтижелері бүгінгі күні тек статистикамен емес, экономиканың «ішкі механикасынан» айқын көрініс табуда. Салық пен кеден жүйелерінің автоматтандырылуы, деректердің бірыңғай платформаларға шоғырлануы бюджет түсімдерінің ашықтығын арттырып қана қоймай, көлеңкелі экономиканы қысқартудың пәрменді құралына айналды. Әсіресе Ұлттық банк қолға алған «Цифрлық теңге» жобасының маңызы бөлек. Бұл – жай ғана жаңа төлем форматы емес, мемлекеттік қаржы ағындарын мақсатты әрі нақты бақылауға мүмкіндік беретін түбегейлі реформа. Цифрлық теңге арқылы әрбір бюджеттік теңгенің қайда және қашан жұмсалғанын көруге болады, демек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайып, ақша-кредит саясатының тиімділігі артады.

Бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды да цифрлық шешімдер жаңа деңгейге шығарды. Smart Bridge платформасы ведомстволар арасындағы деректер алмасуды жеделдетіп, кәсіпкерлер үшін ең ауыр мәселе – қағазбастылық пен ұзақ келісім процестерін тарих қойнауына жіберуде. Нәтижесінде операциялық шығындар ондаған пайызға қысқарып, бизнестің бәсекеге қабілеттілігі артуда. Ал, финтех саласындағы серпін қарапайым азаматтардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, халықтың қаржылық мінез-құлқын өзгертуде: қолма-қол ақшадан қолма-қолсыз есеп айырысуға көшу, цифрлық сервистерді пайдалану, онлайн төлемдер мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл – цифрландырудың ең басты экономикалық әсері, яғни технология арқылы сенім мен ашықтыққа негізделген жаңа қаржы жүйесінің қалыптасуы.

Қорытындылай айтқанда, цифрландыру Қазақстан үшін жай ғана технологиялық жаңару емес, экономиканы түбегейлі жаңғыртатын тарихи мүмкіндік болып отыр. Жасанды интеллект, цифрлық теңге, деректерге негізделген басқару жүйелері дұрыс іске асқан жағдайда олар ЖІӨ өсімінің жаңа көзін ашып, көлеңкелі экономиканы қысқартып, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті нығайтады. Алайда, кадр тапшылығы, цифрлық теңсіздік пен киберқауіпсіздік тәуекелдері ескерілмесе, бұл үдеріс технологиялық сын-қатерге айналуы мүмкін. Сондықтан цифрландырудың табысы тек серверлер мен платформаларда емес, оны іске асыратын адамдардың сапасы мен мемлекеттік саясаттың жүйелілігінде жатыр.

Сәбит БАЙМАҒАНБЕТОВ,

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің қонақжайлылық мектебінің қауымдастырылған профессоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы