Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі бастамалары аясында және Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауына орай Түркістан қаласында тарихи маңызы бар ғылыми-технологиялық жоба жүзеге асырылды.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан қаласы Оқушылар сарайының 5 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «YasSat-2026: Түркістаннан ғарышқа қадам» жобасы бойынша оқушылар өз қолдарымен құрастырған наноспутникті атмосфераның төменгі қабатына сәтті ұшырды.
Бұл жоба өскелең ұрпақтың ғылымға, инновацияға, инженерияға, робототехникаға және ғарыштық технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар оқушылардың теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік беріп, ғылыми-зерттеу, конструкторлық және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға жол ашты.
Іс-шара барысында құрметті қонақтар жас өнертапқыштардың еңбегіне жоғары баға беріп, ғылым мен технология саласындағы мұндай жобалардың еліміздің болашағы үшін маңыздылығын жоғары бағалады.
Өз сөзінде Түркістан қалалық оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы бұл жобаның жай ғана тәжірибе емес, өңір жастарының ғылыми әлеуетін көрсететін маңызды бастама екенін атап өтті.
Арнайы гелий газымен толтырылған аэростат арқылы ұшырылған «YasSat-2026» наноспутнигі шамамен 10000 метр биіктікке көтеріліп, жердегі қабылдау станциясына нақты уақыт режимінде ғылыми мәліметтерді жолдады. Құрылғы атмосферадағы температура, қысым, ылғалдылық, ауа сапасы көрсеткіштерін тіркеп, фото және бейнетүсірілім жұмыстарын жүзеге асырды. Жоба аясында жиналған ғылыми деректер алдағы уақытта оқушылардың зерттеу жұмыстарына негіз болып, олардың ғылыми жобалар мен халықаралық байқауларға қатысуына мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
